Жастар • Бүгін, 09:00

Алғаның аруы — әлемдік жобаларда: Әсел Жолманованың табыс тарихы

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының шағын ғана Алға қаласында туып-өскен Әсел Жолманова бүгінде халықаралық мұнай-газ және инженерлік жобалардың маңызды саласында құжат айналымын бақылап, сапа менеджментін жүйелейтін білікті маман. Оның кәсіби жолы табандылық пен үздіксіз дамудың нақты дәлелі деуге болады. Ағылшын тілі пәнінің қарапайым мұғалімінен техникалық жобалардың діңгегіне айналған Әсел бүгінде бес тілде еркін сөйлеп, әлемнің әр түкпіріндегі әріптестерімен еркін байланыс орнатқан кәсіби тұлға.

Алғаның аруы — әлемдік жобаларда: Әсел Жолманованың табыс тарихы

Тамыры — Алғада, арманы — әлемде

Әселдің еңбек жолы Ақтөбедегі Жұбанов атындағы университетте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеруден басталады. Бұл таңдаудың артында анасының ақылы тұрған. «Сенің тілді меңгеру қабілетің жоғары, жақсы мұғалім боласың» деген шешімімен қызын ұстаздық жолға бағыттаған.

Дегенмен, Әселдің жүрегі әрдайым үлкен жобалар мен шетелдік ортаға ұмтылды.

— Мектеп пен тіл орталықтарында жұмыс істеп жүргенде-ақ мен өзімді әлдебір тар кеңістікте қалып қалғандай сезіндім. Бір орында тұрып қалғым келмеді. Сондықтан тәуекелге барып, шетелдік компанияға жұмысқа орналасуға бел будым. Бастапқыда қиын болды, бірақ мен өзімді дәлелдеуге тырыстым, — дейді ол.

Теңіздегі алғашқы қадамдар

Әселдің алғашқы өндірістік тәжірибесі Теңіз кен орнында бұрғылаушыларға ағылшын тілін үйретуден басталды. Бұл шетелдік жұмыс ортасына алғашқы қадамы еді, кәсіби жолының жаңа парағы ашылған болатын. Сол жерде ол шетелдік мамандармен жұмыс істеуді, өндірістік қауіпсіздік, сапа стандарттары, құжат жүргізу мәдениеті сынды бағыттарды алғаш рет терең меңгерді.

— Теңіздегі тәжірибе менің болашағымды түбегейлі өзгертті. Жаңа салаларға қызығушылығым оянды. Өз білімімді тереңдету үшін әкімшілік, кейін техникалық позицияларға ауыстым. Ағылшын тілімді өндірістік контексте жетілдіріп, құжаттамамен жұмыс істей бастадым, — деп еске алады маман.

Қос диплом — кәсіби сенімнің кепілі

Өндірістегі сұранысты сезінген Әсел мұнымен шектеліп қалмады. Ол Алматыға барып, Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде құрылыс инженері мамандығы бойынша тағы бір жоғары білім алды. Бұл қадам оның тек лингвистикалық немесе әкімшілік емес, техникалық салаларда да құзыретті екенін дәлелдеді.

— Маған жай ғана аудармашы, кеңсе менеджері ретінде емес, өндірістік процесті білетін, құжаттаманы түсінетін, сапа стандарттарын меңгерген маман ретінде қарағаны маңызды болды. Сол үшін мен оқуға қайта барып, өзімді толыққанды техникалық кадр ретінде қалыптастырдым, — дейді ол.

Халықаралық жобалардағы бедел

Әсел Жолманованың еңбек жолында «Теңізшевройл», CPC, Denholm Valvecare, Graham Manufacturing, Worley Parsons секілді халықаралық жобалар мен компаниялар бар. Ол жобалардың әрқайсысында құжат айналымы, сапа бақылау, аударма, әкімшілік қолдау сияқты түрлі бағытта еңбек етті.

Тынымсыз еңбекпен келген жетістіктері де аз емес.  Оларды былай тізімдеп шықсақ болады:

  • 5000-нан астам инженерлік құжат пен сызбаларды басқару;
  • 1000 беттен астам техникалық аударма (ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде);
  • 20 пайыз жылдамдықпен құжат бекіту процесін автоматтандыру;
  • 15 пайыз деңгейде есептік сәйкессіздіктерді азайту;
  • 4 сәтті аудит ешқандай ескертусіз өткізілген.

Әсел әр кезеңде өзіне жаңа мақсаттар қойып, шекарадан аттаудан қорықпаған. Ол өз мансабында тек тапсырылған міндетті орындаумен шектелмей, өндірістік жүйелердің жақсаруына, процестердің жеңілдеуіне үлес қосып отырды.

Египетке апарған еңбек

Бүгінде Әсел Жолманова халықаралық кеңесші ретінде Каир қаласында тұрып жатыр. Ол әртүрлі елдердің компанияларымен жұмыс істейді, соның ішінде АҚШ, Түркия, Аустралия, Ұлыбритания және тағы басқа мемлекеттер бар. Соңғы сегіз жылда Египет пен Түркияда тұрып, жаңа мәдени ортаға тез бейімделіп, кәсіби икемділігін танытқан.

— Мен үшін ең үлкен жетістік — Алғадай шағын қаладан шығып, өз орнымды халықаралық ортада тапқаным. Бұл оңай болған жоқ. Бірақ тіл білу, еңбекқорлық, білімге құштарлық мені осы күнге жеткізді. Қазір менің достарым әлемнің түкпір-түкпірінде тұрады. Facebook парақшама қарасаңыз, түрлі елдердегі әріптестермен байланысым үзілген емес, — дейді ол.

Әйел және өндіріс: үйлесім бар ма?

Әселдің тәжірибесі — өндірістік ортадағы әйелдің рөлін де нақты сипаттайды. Ол стереотиптерге қарсы тұрып, көбіне ерлер басым салаларда өзін мойындатқан.

— Бастапқыда мені «әйел адам бұл салада көп жүрмейді» деп қабылдамағандар болды. Бірақ кәсібилік, тәртіп, өз ісіңді жетік білу жынысқа емес, еңбекке байланысты екенін дәлелдедім, — дейді Әсел.

Жобалық үлес және халықаралық серіктестік

Әсел Жолманованың кәсіби жұмысы тек өндірістік міндеттермен шектелмейді. Ол белгілі бір халықаралық жобалардың, соның ішінде PR және білім беру жобаларының дамуына үлес қосқан. Бұл оның жұмысына АҚШ Елшілігі тарапынан да назар аударылуына негіз болды.

— P.L.A.P. секілді жобаларға қатысып, жастардың тіл меңгеруіне, кәсіби бағдар алуына көмектестім. Бұл тек жұмыс емес, әлеуметтік жауапкершілік деп білемін. Шетелдік серіктестермен бірлесіп, өз тәжірибеммен бөлісу – мен үшін мәртебе, — дейді ол.

Қазақ қызының тарихы жас мамандарға үлгі боларлық шынайы табыс хикаясы екені анық. Тек армандай білу емес, сол арманға нақты әрекет арқылы жетудің мүмкін екенін дәлелдеген ол қазіргі Қазақстанның заманауи, білімді, халықаралық деңгейде ойлайтын аруының бейнесі.