
Сурет: ашық дереккөзі
Шыны керек, Талас ауданы, Бостандық ауылының бақша өнімі өңір үшін кәдімгідей брендке айналғаны белгілі. Дәмі тіл үйіретін Бостандықтың қарбызына қызықпайтындар кемде-кем еді. Алайда осы жылдың көктемінде еккен шырынды жеміс шаруаларды шығынға ұшырататын түрі бар. Өйткені жұдырықтай жұмылып іс қылған диқандардың өнімі шілде ортасында өтуі қиындай түскен.
«Көктем мезгілінде іске бар ынта-шынтаңмен кірісесің. Алайда еккен қарбызың өтпей жатса, еңбегің еш кетпей қайтеді? Бостандық пен Талапты ауылында 1-2 гектардан қарбыз егетін отбасы баршылық. Жауапты мамандар бізге назар аударса жөн болар еді», дейді Бостандық ауылының тұрғыны Қамбарбек Тұрсынбеков.
Маңдай терін сығымдаған шаруалар 2 мың тоннаға жуық өнім алғанымен, оның аз ғана бөлігін сатып үлгерген. Қ.Тұрсынбековтің айтуынша, бұған дейін өнімді өзге елдерге де саудалапты. Ал қазір шетелге шығаратын мүмкіндік жоқтың қасы. Диқандардың жанайқайын естіген жауапты басқармадағылар олардың сауда желілерімен келісім жасасып, тауарды қай кезде де сата алатынын алға тартып отыр.
«Кәсіпкерлер өнімін тікелей жеткізсе, сауда желілерімен шарт жасасып, бағасын белгілеп сата алады. Олар осы бағытта жұмыс істеуге дайын. Базардан ешкімнің қуып шықпасы анық. Өз көліктерімен келіп, өздері қойған бағамен сауда жасауға болады», дейді облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Орынтаев.
Бір анығы, шаруалар осы жылғы өнімді өткізуді өздері қолға алғаны абзал болып тұр. Алайда алқапта жайқалған қарбыздың едәуір бөлігі жеуге жарамсыз болып қалғаны белгілі. Әйтсе де, жауапты басқармадағылар келер жылы шаруаларды келісімшартқа отыруға үгіттеп отыр. Олар алдын ала өтініш берсе, әлеуметтік базарлардан тегін орын қарастырылмақ.
Жамбыл облысы,
Талас ауданы