Саясат • Бүгін, 09:35

Еурокомиссия EES жүйесін енгізеді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күзден бастап Еурокомиссия жаңа EES цифрлық шекаралық бақы­лау жүйесін орнатады. Жүйе төл­құжат орнына пайдаланылады, атап айтқанда, туристің Шенген аймағында болу ұзақтығын автоматты түрде бақылайды.

Еурокомиссия EES жүйесін енгізеді

Сурет: kaz.inform.kz

Жаңа жүйе осы жылдың 12 қазанынан бас­тап, келесі жылдың сәуіріне дейін жұмыс істейді.

EES (Entry/Exit System) Еуропалық Одақтың орталықтандырылған биометрия­лық ақпараттық жүйесі, Шенген аймағының шекарасын кесіп өтетін үшінші ел азамат­тарының кіру, шығу (кез келген 180 күндік кезең ішінде 90 күнге дейін) және кіруден бас тарту фактілерін автоматты түрде тіркеуге арналған. Бұл цифрлы жүйе дәстүрлі төлқұжат мөрінің орнына қолданылады.

«EES шекарадан өту күні мен орны, өту санаты (кіру/шығу/бас тарту), биометриялық деректер (12 жастан асқан адамдар үшін саусақ іздері және бет әлпеттің суреті), жеке басын куәландыратын құжат (пас­порт) секілді деректерді жинап, сақтайды. Мұндағы ақпарат үш жылға дейін сақталады. EES визасы бар, визадан босатылған азамат­тарға да қолданылады және ЕО көші-қон ережелерінің сақталуын бақылауды күшейтуге бағытталған», делінген Еуропалық комиссияның ресми сайтында.

EES жүйесін Еуроодақтың Ирландия мен Кипрден басқа барлық елдері қолданады. Сон­дай-ақ ЕО құрамына кірмейтін, бірақ Шен­ген аймағын бөлісетін Норвегия, Исландия, Швей­цария, Лихтенштейн жаңа жүйені пайдаланады. Жалпы 29 ел осы жүйеге қосылмақ.

Негізі бұл цифрландырылған жүйе өткен жылдың қарашасында іске қосылады деп жоспарланған. Германия, Франция, Нидерланд секілді елдер дайын болмай, кейінге ше­герілген. Мұны іске асыру әр елдің логистикалық және техникалық дайындығына байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. «Шекара органдары шекарадан өткен үшінші ел азаматтары­ның деректерін кезең-кезеңімен тіркеп, EES барлық шекаралық өткізу пункттерінде толығымен орналастырылады», деп түсін­дірді Брюссельде Еурокомиссияның көші-қон мәселелері жөніндегі комиссары Магнус Бруннер.

EES ЕО-ға кірмейтін елдердің барлық азаматтарына, соның ішінде визасыз кіре алатын АҚШ, Ұлыбритания, Сербия, Грузия секілді елдердің азаматтарына қатысты. Тәртіп бұзатындарға келесі жолы Шенген аймағындағы елдерге кіруге тыйым салынуы мүмкін.

Осылайша ЕК құжаттар мен жеке басын куәландыратын алаяқтық жағдай­ларын жүйелі түрде анықтап, заңсыз көші-қонның алдын алуға, ЕО азаматтарының қауіпсіздігін қамта­масыз етуге ықпал етеді деп сенім білдіріп отыр. Сондай-ақ ЕК саяхатшылардың жеке деректерін қор­ғауға кепілдік беріп, құпиялылық қатаң сақталады деп мәлімдеді.