Аймақтар • Бүгін, 16:11

Өскеменде АЭС мамандары даярланады

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде 2025-2026 оқу жылынан бастап «Атом электр станциясын пайдалану» атты жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылады. Бұл бағдарлама Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) сарапшыларының қатысуымен әзірленіп, еліміздегі алғашқы атом электр станциясына қажетті жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өскеменде АЭС мамандары даярланады

Бағдарлама «АЭС құрылысы бағдарламасын қолдау үшін білім беру мен кадрларды даярлау саласындағы ұлттық әлеуетті нығайту жөніндегі сарапшылар миссиясы» және «KAZ2010: Атом энергетикасы бағдарламасын енгізу үшін инфрақұрылымды дамытуға қолдау (3-кезең)» жобалары аясында жасақталды.

МАГАТЭ сарапшыларының ұсыныстарына сәйкес дайындалған оқу жоспары ядролық энергетика саласының негізгі аспектілерін қамтиды. Оқытылатын пәндер қатарында атом станцияларының жабдықтары, ядролық реакторлар физикасы, радиациялық қауіпсіздік, ядролық отын циклі, жабдықты жаңғырту мен монтаждау сияқты маңызды бағыттар бар. Сонымен қатар, студенттер теориялық біліммен қатар Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта және Өскемендегі металлургиялық зауытта тәжірибеден өтеді.

2025 жылғы сәуірде университет қабырғасында МАГАТЭ мен Ресейдегі Ұлттық зерттеу ядролық университеті МИФИ өкілдерінің қатысуымен халықаралық форум өтіп, онда атом саласындағы білім беру мен кадрлық әлеуетті дамыту мәселелері талқыланды. Бағдарламаның академиялық комитетіне университеттің жетекші оқытушылары мен өндіріс өкілдері кірді, олардың қатарында «ҮМЗ» АҚ ғылыми орталығының бастығы Манарбек Қылышқанов бар. Сонымен қатар, 2025 жылдың маусымында бағдарлама оқытушылары Айжан Байділдина мен Надежда Прохоренкова Венгриядағы атом электр станциясында тағылымдамадан өтті. Ал қазан айында мектеп деканы Айбек Ақаев Венада өтетін МАГАТЭ-нің StarNet желісі отырысына қатысады.

Бағдарлама халықаралық ядролық қауіпсіздік талаптарына толық сай келеді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның атом энергетикасы саласындағы кадрлық резервін қалыптастырып қана қоймай, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, технологиялық тәуекелдерді азайтуға ықпал етеді. Бағдарлама алғашқы іске қосылған жылы-ақ халықаралық стандарттарға сай алғашқы аккредиттеуден өтуге дайындалып жатыр.