Қоғам • Бүгін, 17:45

Астаналық сәнқой әжелер Болгариядан жүлдемен оралды

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қаласы Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына қарасты «Kerbez_models» тобының әжелері Болгарияда өткен халықаралық байқаудан жүлдемен оралды, деп жазады Egemen.kz.

Астаналық сәнқой әжелер Болгариядан жүлдемен оралды

Жақында Болгарияның Обзор қаласындағы әйгілі «Амфитеатр» сахнасында хореографиялық өнердің «Би жағалауы» атты халықаралық фестиваль-байқауы өтті. Бұл іс-шара «Art in Motion» халықаралық жобасының аясында ұйымдастырылған.

Фестиваль Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Болгария Республикасындағы Елшіліктерінің қолдауымен өтті. Басты мақсат – хореография арқылы ұлттар арасындағы достықты нығайту, дәстүрлі және заманауи би мәдениетін дамыту, дарынды өнерпаздарды қолдау және халықтық хореография мұрасын сақтау.

Байқауға Қазақстан атынан қатысқан Сарыарқа ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Kerbez models» тобы ел намысын абыроймен қорғап, 60+ жас санаты бойынша «Сән шоуы. Ансамбль» номинациясының бірінші дәрежелі лауреаты атанып, сондай-ақ «Сахна бейнесін жарқын бейнелегені үшін» атты арнайы марапаттарға ие болды.

Өнер додасында елордалық сәнқой әжелер Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, Дизайн академиясының академигі, «Алмас тасты алтын қайшы» иегері Қайрол Әбішевтің «Zeken moda» брендінің киім үлгілерін ұсынды.

Айта кетейік «Kerbez_models» тобына Екатерина Жақияқызы жетекшілік етеді. Бүгінде сән тобының кербез әжелері ұлттық нақыштағы киім үлгілерін дәріптеп жүр.