
Бұл шешім оқу орнының академиялық және ғылыми дербестігін кеңейтуге, қосымша ресурстар мен үздік ғалымдарды тартуға, халықаралық білім беру кеңістігіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ инновациялық бағдарламаларды енгізу, озық ғылыми зерттеулер жүргізу және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау бағытында жаңа мүмкіндіктер ашады.
Енді оқу орнының атауы – академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті. Ол еліміздегі ұлттық мәртебеге ие болған 18-ші университет атанды.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жоғары оқу орны ұжымын айтулы оқиғамен құттықтады.
– Біздің университет осындай мәртебеге ие болған елдегі он сегізінші оқу орны болды. Бұл – жетістіктердің жоғары бағалануы ғана емес, сонымен бірге ғылым, білім және кәсіби өсім үшін жаңа көкжиектер. Университет ұжымын және студенттерін осы маңызды оқиғамен шын жүректен құттықтаймын, – деді ол.
Жаңа мәртебе университеттің отандық ғылым мен білімнің дамуына қосқан айрықша үлесінің мойындалуы болып отыр.
Аталған оқу орнының тарихы 1938 жылдан бастау алады. Ол кезде педагогикалық институт ретінде ашылған болатын. 1972 жылы университет мәртебесі берілді. Сол кезде Қазақстанда тек екі университет – ҚазМУ мен ҚарМУ ғана болды, қалған жоғары оқу орындары институт санатында еді.
Өткен жылы университет зерттеу университеті мәртебесін алған еді.