Ғылым • Бүгін, 14:50

Отандық ғалымдар су электр стансасын жасады

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздің зерттеушілері құрастырған шағын су электр стансасы сынақтан өтті. Қондырғы жерасты ұңғымалық шаймалау әдісімен уран өндіретін кәсіпорынға орнатылды. Станса тот баспайтын болаттан жасалған және толықтай герметикалық, коррозияға төзімді қаптамамен қорғалған. Құрал ерітінді жүретін құбырға тікелей орнатылады да, ағын қозғалысынан электр энергиясын өндіреді,  тіпті агрессивті ортада да жұмыс істей алады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық ғалымдар су электр стансасын жасады

Аталған стансаны Қызылорда облысында Сәтбаев университетінің ғалымдары жасап шықты. Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегіне қарағанда, бір станса ағын жылдамдығы мен құбырдағы сұйық көлеміне қарай сағатына 7 кВт-қа дейін электр өндіре алады. Оны өнеркәсіп орындарында ғана емес, шаруа қожалықтарында, туристік базаларда, сондай-ақ өзен немесе өндірістік ағыны бар шалғай ауылдарда да қолдануға болады.

Жобаға қатысушы, қауымдастырылған профессор Руслан Өтебаев:

«Біз энергияны күтпеген жерден өнеркәсіптік құбырлардан өндірудің жолын таптық. Бұл қолданбалы ғылымның басты міндеті  –  шығынды ресурсқа айналдыру», дейді.

Электр өндіруден бөлек қондырғы құбырдағы зиян дірілді азайтып, жабдықтың қызмет мерзімін ұзартады және қауіпсіздігін арттырады. Стансаны орнату үшін бөлек ғимарат немесе күрделі инфрақұрылым қажет емес, бұл оны электр желісіне қосылу мүмкіндігі шектеулі аймақтар үшін аса тиімді етеді.

Әмбебап шағын су электр стансасы – ғалымдардың ғылым мен өндірісті ұштастыра отырып, нақты экономикалық пайда әкелетін инженерлік шешімдер жасай алатынын дәлелдейтін мысал.