
Авторлар Президент дипломатиясының үш негізгі қағидатына, сондай-ақ еліміздің сыртқы саясатын әлемдік саясаттағы күн сайын құбылып отыратын ахуалға ұтымды әрі стратегиялық бейімдеу тетіктеріне басты назар аударған. Сондай-ақ Ауғанстан мен Украинадағы халықаралық дағдарыстарға, жаһандық климаттық қауіптерге және қазіргі дипломатияның контекстін айқындайтын сын-қатерлер де талданған. Басылым авторлары – Еркін Тұқымов, Санат Көшкімбаев, Болат Әуелбаев, Ерболат Сейілханов, Даурен Әбен және Әсел Әбен сынды халықаралық қатынастар мен жаһандық экономика саласындағы жетекші сарапшылар.
Кітаптың таныстырылуында сөз сөйлеген ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина: «Президент Тоқаевтың дипломатиясы – бұл тек сыртқы саяси бағыт қана емес. Бұл еліміздің халықаралық аренадағы беделін нығайтатын әрі еліміздің жаһандық үдерістердегі жауапты әріптес ретіндегі кемелдігін айқын көрсететін кешенді стратегиялық көзқарас», деп атап өтті.
Жалпы, басылымда елдің ішкі саяси реформалары мен сыртқы саяси бағыты арасындағы өзара байланыс ерекше сипатталады. Бұл Президент Қ.Тоқаевтың дипломатиялық стратегиясын кеңірек әрі көпқырлы контексте қарастыруға мүмкіндік береді. Монография авторларының бірі, Қазақстан Республикасы Президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Еркін Тұқымов аталған монографияны әзірлеуге түрткі болған себептерді айтып өтті.
«Шетелдік әріптестермен, жастармен, студенттермен кездесулер барысында кейінгі жылдардағы еліміздің сыртқы саясатының мазмұнына қатысты сұрақтар жиілей түсті. Осыған байланысты жүйелі аналитикалық еңбекке деген қажеттілік пайда болды. Біздің бұл жұмысымыз тек сарапшыларға ғана емес, кең аудиторияға да пайдалы дереккөзіне айналатынына сенеміз», деді Е.Тұқымов.
Ал басылымның бірлескен авторы, ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Санат Көшкімбаев Қ.Тоқаев дипломатиясы тек президенттік тәжірибенің ғана емес, сонымен қатар бірегей кәсіби жолдың нәтижесі екенін айтады.
Монография халықаралық қатынастар саласының мамандарына, саясаттанушыларға, студенттерге, дипломаттарға, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі әлемдегі стратегиялық орнына қызығушылық танытқан барша оқырманға арналған.