Архив • Бүгін, 08:22

Хакім хақындағы естеліктер

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Абай туралы естелік көп. Солардың бір парасы ақынның 100 жылдығы (1945) қарсаңында «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланыпты. Бұл естеліктерде баяндалған оқиғалар желісі қазіргі таңда абайтанушылар үшін құнды екені анық. Өйткені жазба авторлары – ұлы ақынның көзін көрген, тәлімін алған немесе даңқын естіген тұлғалар.

Хакім хақындағы естеліктер

Абай – ақындардың ұстазы

Абай ақындардың ұстазы еді. Ел ортасында өлең шығарып көретін «ақынмын» деген жігіттер­дің кейбіреуіне кездескенде, солар­дың өз жанынан шығарған өлеңдерін айтқызып, ықыласпен тыңдайтын уақыттары да болушы еді. Бір жылы менің өзіме Абылай мен Кенеса­рының өмір тарихын ұзақ әңгіме қылып айтып беріп: – Осыны өлең қыл, – деді. Содан кейін үйге келіп оты­рысымен өлең қылуға кірісіп, күн­­діз-түні тыным алмай жаздым да, 5-6 күнде бітіріп, Абайға қарай қай­т­а жүрдім. Абай бұл уақытта тоқа­­лы­нікіне барып, сонда жатыр екен. Біздің ауылдан 70 шақырымдай жерде еді.

Осы жолға қасымдағы атшыммен қысты күні аязда салт атпен келе жатып жазған өлеңімді ойлап көрсем, жатқа айтуға бірде-бірі есте қалмапты. Абайдың барысы­мен «айт» дейтіні мәлім. Сон­дықтан жол жүріп келе жатып, өз өлеңімді өзім жаттауға кірістім. Күн суық. Қағазды екі жеңіммен ұс­тап, атым­ның басын жолдасыма жетектетіп қойып, жол бойы жаттадым.

Сонымен кеш болып, ел орынға отыратын кезде кіші ауылға жетіп, Абай отырған үйге сәлем беріп, кіріп келдім. Үйде кісі көп екен. Ал­да­­рына кешкі шайды жаңа алған екен. Кірген жерімде сәлемімді де алмас­тан:

– Абылай келді ме? – деді.

– Келді, – деп едім.

– Олай болса айт, – деді. Киімімді шешінбестен отыра қалып айта бастадым. Өлеңді алғашқы айта бастағанымда тымағымның да бауын шешкен жоқ едім. Тегінде «шешінейін, жайланайын» деген сөз Абайдың нашысын кетіріп, ықыласын қайтарып тастайды. Сон­дықтан өлеңді айта отырып тыма­ғымды шешіп, бір алып қойып, тағы бір әредікте белдігімді тас­тап, со­дан өлеңнің желісін үзбей оты­­рып, сыртқы киімімді тастап, жү­гім­нен бірте-бірте босандым. Абай­дың өмір бойғы әдеті осындай еді.

 

Көкбай Жанатайұлы, Абайдың шәкірт-досы

«Социалистік Қазақстан» газеті, 1945 жыл 15 тамыз

 

Абайдың балажандығы

абай

Мен Абайдың Мағауия деген ұлынан тудым. Мені бір жасқа толмай-ақ әкем (Абай) асырап алып, Ділдә деген бәйбішесінің бауы­рына салыпты. Содан мен «Абай­дың баласымын» деп, Абай «менің балам» дейтін болды. Мен де, бас­қа балалар да Абайды «әке» дей­тін едік. Әкем өлгенде мен 13 жаста едім. Алайда әкемнің түрі, түсі, отырыс-тұрысы бізге, бала­лар­ға айтқан ақылы әлі көз алдымда тұр.

Әкем балаларды жеті жастан сегізге шығарғанда оқуға беретін. Еркек балалармен қабат, қызда­рын да оқытатын. Қазақ тілінде кітап жоқ болатын. Сондықтан «балалардың ойы, дүниетануы кемсін болады» деп әкем көп айтып жүрді. Әлі есімде, бір күні біздің оқып отырған үйімізге әкем келді. Әдеттегідей бәріміз орындарымыздан тұрдық. Әкем айнала қарады да:

– Отырыңдар, – деді. Біз отырып жайласқан соң молдаға қарап:

– Балаларға мына бір кітапты әкелдім. Осыны көшіріп, көбейтіп, бала басына бір-бірден таратып бер. Бүгіннен бастап осы кітапты қоса оқыт! – деді.

Біз қуанып кеттік. Әкем үйден шыққан соң молда әлгі кітапты алды да, бас жағын оқыды. Кітап қолжазба екен. Біз ол кітапты көшіріп алып, оқи бастадық. Басқа кітаптарға көңіл бөлмейтін болдық. Өйткені бұл жаңа кітаптың тілі ұғымды, сөзі түсінікті, ыңғай ақыл айтып отыратын жақсы кітап болды. Кейіннен байқасам, сол кітап әкемнің «Ғақлия» атты қара сөзбен жазылған кітабы екен. Біздің молдадан бұл кітапты естіген басқа молдалар да келіп көшіртіп алып, өз шәкірттеріне оқытып жүрді.

 

Уәсила Мағауияқызы,

Абайдың немересі

«Социалистік Қазақстан» газеті, 1945 жыл 15 тамыз

 

Абай образын жасау жолында

абай

Қазақ халқының ұлы ақыны Абайды мен 12 жасымнан білемін. Біздің ауылға «Абай қайтыс болды» деген хабар жеткенде жайлауға көшкелі отырған бір тайпа ел көш­пей, үлкен адамдар қайғырып, аза тұтқаны есімде. Сол кездің өзінде біз­дің жақта «Абайдың өлеңі», «Абай айтыпты» деген сөздер көп та­ра­­ла­тын. Үш-төрт кісі бас қосса, Абай­­­дың атын айтпай отырмайтын.

Абай тірі кезінде біздің ауылдың Мәуқай деген адамы жыл сайын ақынның ауылына барып, қыстай жатып, жаз шыға елге қайтып жүрді. Сол кісі қарттық басып отырып, «Абай-ау, аулыңа барып, бір қонып, өзіңді көріп қайтсам-ау» деп жылайтын еді. Сонда замандас­тары «Әй, Мәуқай-ау, Абай, Абай деп қайтпас сапарға кеткен адамды аңсай беріп қайтесіз. Артында өлмейтін сөзі қалды. Абайды күнде еске түсіріп, оның әнін шырқап, өлеңін айтып жүрген жігіттер мыналар емес пе? Кәне біреуің Абайдың өлеңін айып жіберіңдерші» дейтін. Сонда Пішім, Қали, Ғаббас деген әншілер Абайдың әнімен өлеңін айтатын еді.

Сонда Мәуқай атамыз: «Әй, қарақ­­тарым-ай, тап осы сендер­дің мені төбелеріңе көтеріп отырған­дарың айналып келіп, Абайдың қасында тізерлеп отырып алып: «Абай аға, шақшаңды берші», деп бір атым насыбай сұрап атқанға татымай тұрған жоқ па?», деуші еді.

Абайдың әнін жақсы айтатын адамдар ел ішінде абыройлы болып жүрді. Соның бірі мен едім. Талабымды байқаған Мұқаметәлі деген жақсы қария Абайдың сөзін жаттатып үйретті. Сөйтіп, біз бала жастан Абаймен ауыздандық. Кейін кинода және сахнада Абай образын жасауыма жастай үйренген Абай әсері көп сеп болды.

Қалибек Қуанышбаев,

халық әртісі

«Социалистік Қазақстан» газеті, 1945 жыл 11 тамыз

 

Дайындаған – Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»