Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:00

Цифрлық дәуірдің сынағы

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде кейінгі уақытта қылмыстық құқық бұзушылық деңгейі төмендеді. Сондай-ақ қоғамдық орындар мен көшелердегі тәртіп жақсарып келеді. Алайда интернет алаяқтық пен есірткі қылмысы елдің есін алып, алаңдатып тұр. Бұл туралы прокуратура органдарының алғашқы жеті айдағы есебінде айтылды.

Цифрлық дәуірдің сынағы

Нәтиженің жолы ауыр

Қоғамда «Заң мен тәртіп» идео­логиясын ілгерілету, халық арасында заңға бағынатын мінез-құлық қалыптастыру дәйекті түрде жалғасып жатыр. Есесіне елде қылмыстық ахуал түзелді. Былтыр осы кезеңде 82 573 жағдай тіркелсе, биыл бұл 76 512 дерекке азайыпты.

Интернет алаяқтық пен есірткі мәселесімен де күрес қарқы­ны күшейтілді. Елімізде Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде қауіп-қатерді ерте анықтау және алдын алу жұмыстары тұрақты жүргізіліп отыр. Мүдделі орган­дардың бірлесе жұмыс істеуінің арқасында әзірге 61 кибертоп әшкереленіп, 217 «дроппер» қылмыстық жауапқа тартылды. Ғаламторды кезген 88 мың есірткі дүкенінің шоттары жабылды.

ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мен Ұлттық банк бірлесе «Анти­фрод орталығы» жүйесі арқылы 2,5 млрд теңгені бұғаттады. Бұдан бөлек, байланыс оператор­лары­ның көмегімен 67 млн жал­ған қоңырауға шектеу қойылды. Жыл басталғалы киберқылмыс жа­саған 900-ге жуық адам қылмыс­тық жауапкершілікке тартылды. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деу­ге әлі ерте.

Себебі республика көлемінде алаяқ­тарға жем болғандар саны артып барады. Өткен жеті айдың өзінде осындай 13 800 дерек тіркелген. Тұрғындардың шығыны миллиондап емес, миллиардтап саналады. Бір ғана Ақмола облысында интернет алаяқтық көрсеткіші 50%-ға өсіп кеткен.

– Биыл қаңтар-шілде аралы­ғында облыста қылмыстық ах­уал өзгерді. 7 айда құқық қорғау органдарына 70 038 өтініш пен хабарлама түсті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,3%-ға көп. 4 мыңға жуық қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді.

Облыста интернет алаяқ­тық белең алып тұр. Онсыз да айлығы шайлығынан аса алмай жатқан халықты әккілер қарыз­ға белшесінен батырып отыр. Осы орайда қыркүйектен бастап банк карталары мен төлем құрал­дарын үшінші тұлғаларға заң­сыз беру, яғни «дропперлік» үшін қыл­мыстық жауапкершілік енгізі­летіні қуантады, дейді Бас прокура­тураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Ақмола облыс­тық департаменті басшысы­ның міндетін атқарушы Ақыл Қарпықбаев.

Жақында шілде айында Instagram әлеуметтік желісі арқылы тұрғындарды оңай әрі жылдам пайдаға кенелтемін деген жалған уәделермен алдап келген екі адамнан құралған топ ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған еді. Тергеу барысында күдіктілердің 20-ға жуық алаяқтық дерекке қатысы бары анықталды. Сонымен қатар интернетке жалған автокөлік сату туралы хабарландырулар орналас­тырып, азаматтарды алдағандар қолға түсті. Бұл іс бойынша тергеу амалдары аяқталып, материалдар сотқа жолданды.

Оған қоса, сәуір айында ел тұр­ғындарының жеке деректерін заңсыз иемденіп, оларды үшінші тұлғалардың атынан түрлі жарнама агенттіктерінде тіркелу үшін пайдаланған Астана тұрғынына қатысты тергеу жүріп жатыр. Алаяқтық жолмен тапқан қара­жатты күдікті криптовалютаға айналдырып отырған. Қазір оған қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, оның еліміздің басқа да өңірлерінде тіркелген 18 алаяқтық дерекке қатысы бары анықталды.

Бас прокуратура мен Қаржы­лық мониторинг агенттігінің қызметкерлері еліміздің Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігі­нің көмегімен криптовалютамен заңсыз сауда жасағаны үшін іздестірудегі отандасымызды Дубайдан экстрадициялады. Күдікті 2022–2024 жылдар аралығында тиісті лицензиясыз «Binance» криптобиржасының платформасында жеке тұлғалар үшін цифрлық активтерді сатып алу, сату және айырбастауды жүзеге асырып, 400 млн теңге сомасында заңсыз табыс тапқан.

Дубайда ұсталған ол Бас прокуратураның сұрауы бойынша елге жеткізілді.

 

Алаяқтарға не істеуге болады?

Мамандардың сөзіне сүйенсек, халықтың көпшілігі әлі күнге дейін әлеуметтік желілердегі, телефонындағы жеке деректерді қорғау жолдарын біле бермейді. Салдарынан алаяқтардың кезекті құрбаны болады. Биыл жарты жылда интернет алаяқтар отандастарымыздың 25 млрд тең­гесін ұрлаған. Оның тек 1 мил­лиардқа жуығы ғана иелеріне қайтарылды. Ең өкініштісі де – осы. Қылмыстардың ары кетсе 26 па­йызы ғана ашылады екен. Өйткені шетелдерде отырып, алыстан арбалайтындарға тұсау салу қиын.

– Қазіргі таңда алаяқтар WhatsApp, Instagram сияқты әлеуметтік желілері мен мессенд­жерлерін, OLX, Kolesa.kz, Krisha.kz сынды онлайн сауда платформаларын белсенді пайдаланып жатыр. Олар әртүрлі сылтаумен сізден ақша сұрауы мүмкін. Мәселен, тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем сұрау, инвестицияға тарту, сыйлық немесе жеңілдік уәде ету сияқты түрлі айла-тәсілдер арқылы сізді алдауы мүмкін. Ешқашан банк картаңыздың деректерін, ЖСН, SMS-кодтарды немесе басқа да жеке мәліметтеріңізді ешкімге айтпаңыз. Полиция, ҰҚК, банк қызметкерлері ешқашан телефон арқылы сізден жеке дерек­тер сұрамайды және ақша талап етпейді, – дейді Ақтөбе облыс­тық полиция департаменті Кибер­қылмысқа қарсы басқар­масының жедел уәкілі Жәнібек Шағыров.

Бұдан бөлек қазір қанатқақты режімде Қылмыстық қауіптер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы құрылды.

 

Қылмыспен күрестегі серпін

Жалпы, қазір елімізде түрлі құқықбұзушылыққа қарсы күресте ұдайы ІТ шешімдер қолданылып жүр. Мәселен, алаяқтармен күресте «Антифрод орталығы» жүйесінен бөлек отандық «KazDream» және «Seven Hills of Kazakhstan» компаниялары әзірлеген арнайы бағдарламалық кешендер кеңі­нен пайдаланылады. Одан бөлек, «Цифрлық қадағалау» АТЖ бірыңғай платформасына мем­лекеттік органдар мен ХҚКО-лардың деректер базасы бірік­тірілген. Оған 3 мың көше камера­лары қосылған. Прокуратура орган­дарының алғашқы жеті ай­дағы есебіне иек артсақ, нәти­же­сінде қоғамдық орындарда тәртіп бұзу­шылық 23 121-ден 21 269-ға дейін, көшелерде 11 035-тен 10 272-ге дейін төмендеген екен.

– Цифрлық құралдар адамдарды іздестіруде де жиі қолданылады. Енді ол пробациялық бақылау­да пайдаланыла бастады. Осыдан кейін 2 547 азаматты қылмыстық ортаға негізсіз тартуға жол берілмеді. Азаптау фактілері үш есеге қысқарды. Сотталған 81 адамның жағдайы жақсарды. Тергеу органдарының 12 мыңнан аса заңсыз шешімінің күші жо­йылды. Әлеуметтік-экономика­лық салада да құқықтық тәртіп­ті қамтамасыз ету бойынша жүйелі қадағалау құрылды. Оның негізінде 2 миллионнан астам отандасымыздың әлеуметтік құқықтары қалпына келтірілді. Прокурорлар әлеуметтік тұрғын үйді бөлу тәжірибесін қайта қарауға қол жеткізді. Нәтижесінде, 529 жетім бала пәтерге ие болды, тағы 409-ы кезекке тұрды. Барлық бұзушылық бойынша қадағалау актісі енгізіліп, 4,5 мың баланың құқығы қорғалды, – дейді Бас прокурор Берік Асылов.

Тағы бір маңызды аспект – балық шаруашылығындағы қылмыстық схемалар ашылды. Оңтүстік және шығыс өңірлерде заңсыз жолмен балық аулау және оны заңдастыру фактілері анықталды. Инвестициялық жобаларды қолдау барысында 822 (2023 жылдан бастап – 1522) инвесторға көмек көрсетілді. Олардың инвестиция мөлшері – 8,3 трлн теңгені құрады. Жалпы, қабылданған шаралар ондаған мың жұмыс орнын құруға және сақтауға ықпал етті.

Әлеуметтік бағдарламаларды табысты жүзеге асыру үшін де бюджетті тиімді пайдалануды қамтамасыз ету маңызды. Биыл Активтерді қайтару комитеті 354 млрд теңгеден астам қаржыны қайтарды. Ол 400-ден астам әлеуметтік нысанның құрылысына жұмсалып жатыр.

Жалпы, прокуратураның жымқырылған активтерді қай­тару, тергеп-тексерілген қыл­мыстық істер бойынша залал, әлеуметтік-экономикалық сала­дағы және атқарушылық іс жүр­гізудегі қадағалау актілері бо­йынша бюджетке 716 млрд теңге өтелді. Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу саласында 109 млрд теңгенің ықтимал шығындарына жол берілмеді.

Айта кетейік, халықаралық ынтымақтастық саласында 3 келі­сім ратификацияланды. Сондай-ақ биыл маусымда Еуропа Кеңесінің министрлер комитеті еліміздің Қылмыстық істер бо­йынша өзара құқықтық көмек туралы конвенциясына қосылу туралы өтінімін бірауыздан қол­дады. Бұл – Еуропаның 46 мем­лекетінен қылмыстық істер бо­йынша дәлелдемелерді алуға мүмкіндік береді.