Елорда • Кеше

Астанада жүргізуші жол жұмысшысын қағып өлтірді

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада Сарайшық көпірінде түнде жол-көлік оқиғасы болып, жүргізуші екі жол жұмысшысын қағып кетті. Соның салдарынан 37 жастағы жұмысшы оқиға орнында қаза тапты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада жүргізуші жол жұмысшысын қағып өлтірді

Қайғылы жағдай 18 тамызға қараған түні болған. Skoda автокөлігінің жүргізушісі ескерту белгілерін байқамай, жол жөндеу жұмыстарын атқарып жатқан жұмысшыларды қаққан. Оқиға кезінде екінші жұмысшы жеңіл жарақат алып, дәрігерлік тексерістен соң үйіне жіберілді.

Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шауленова ресми түсініктеме берді.

– 2025 жылғы 18 тамызда түнгі уақытта Skoda маркалы көліктің жүргізушісі Сарайшық көпірінде жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын ескермей, екі жұмысшыны қақты. Нәтижесінде бір жұмысшы оқиға орнында қаза тапты, екіншісі ауруханаға жеткізілді. Қылмыстық іс қозғалды, – деді ол.

Қаза тапқан жұмысшының артында кәмелетке толмаған екі баласы қалған. Жөндеу жұмыстарына жауапты компания өкілдері марқұмның отбасына қолдау көрсетілетінін айтты.

– Бұл учаскеде түнгі мезгілде ямалық жөндеу жүргізілді. Барлық ескерту белгілері қойылып, жұмысшылар арнайы киімде болған. Жүргізуші жол ережесін сақтамаған. Аталған жұмыстарды мердігердің субмердігер ұйымы – «Зангар-Астана» ЖШС атқарды, – деді жобаның жетекшісі Аян Каримов.

Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жүргізушінің көлігі айыппұл тұрағына қойылды.