Руханият • Бүгін, 07:55

Чеховтің қасиеті

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Антон Чехов – адам ретінде парасаты мол, кісілігі басым болмысымен оқырманға таныс. Жазушының артық сөзден ада, кенен ойға бай шығармалары үнемі жадыңда сақталады.

Чеховтің қасиеті

Чехов артық бояуды, ше­шенсуді сүймейтін. Өзінен өзге адам жасап, «әсем­сіп, сәнсіп» жүргендерге мыс­қылмен қа­райтын. Максим Горькийдің естелігінде жазу­шыға бір топ әйел келгенін жазады. «Олар саясатқа аса қы­зығатын адамдарша «жоғарғы» сұрақтарын қоя жөнеледі.

– Антон Павлович! Қалай ой­лайсыз, соғыс немен аяқта­лады?

– Меніңше, бейбіт ке­лісіммен.

– Әрине! Кім жеңеді? Гректер ме, әлде түріктер ме?

– Кім мықты болса, сол жеңеді.

– Ал сіздіңше, қайсы тарап мықтырақ?

– Қайсысы жақсы тамақ­тан­ған, білімдірек болса, сол тарап...».

Мұнан соң әйелдер «қан­дай ұтымды жауап!» деп жазу­шының өз тілімен сөйлей бас­тайды. «Сіз түріктер мен грек­тердің қайсын көбірек жақсы көресіз?» дегенде, Чехов: «Мен мармеладты жақсы көремін, сіздер де ұнатасыздар ма?» дей­ді. «Әрине!» деп қуана кетеді әйелдер, бірі «оның хош иісі ғажап!» деп құлпыра кетеді. Мұнан соң жазушы «әр адам өз тілінде сөйлеуі керек» дегенді айтады.

Чехов «Құндақтаулы ада­мында» қоғамдық «қоршау­лар­ға» қамалған мұғалімнің бірегей бейнесін жасады. Иә, өз рухын тұншықтырып, жанын буындырып, қоғам жасап берген қалыптағы пенденің аянышты болмысын ашты. Расында, барлық сыртқы күшті бір сәт шетке ысырып, өз тереңіне үңілер адамдар азайып барады. Виртуалды әлем шарықтаған кезеңде адамдардың өзіне жетуі мұңға айналды. Сондықтан ба екен, тек ерінмен сөйлейтін, кісіге енжар, өлімге де селт ет­пей­тін дірдексіз денелер артып отыр. Чехов: «Мен селқос, ен­жарларға төзе алмаймын! Олар ештеңе сезінбестен сөй­лей береді, ән де салады. Бар айт­қаны шартты түрде ғана, өлі шығады» деп күйінеді. Пуш­кин­нің «Оба кезіндегі той» драматургиялық поэма­сын­­да оба тараған кездегі кей топтың өлім алдындағы нем­құрайлығын, дәрменсіз бол­мысын әшкерелейді. Ал Шо­пен­гауэр сыртқы сауық үшін ішкі жарығын сөндіріп алған пенделерге аянышпен қарайды.

Чеховтың ұяңдығы – ішкі әлемінің кеңдігінен еді. Жазу­­­шының пікірінше, жан дү­ние­сі шектеулі адамдар көбіне дабы­рашыл, даңғой келеді.