Қоғам • Бүгін, 08:40

Жастарға баспана сыйлаған бағдарлама

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қалаға жұмыс бабымен қоныс аударып, тұрақтап қалуды ойлаған жастарды ең әуелі баспана мәселесі алаңдатады. Олардың жұмысқа деген ынтасы зор болғанымен барлығының бірдей үйлі болуға қаражаты жете бермейді. Міне, осындай тұрақты жұмысы бар жастарға, жас отбасыларға 2019 жылдан бастап сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер беріле бастады.

Жастарға баспана сыйлаған бағдарлама

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бағдарлама Астана, Алматы, Шым­кент жастарына арналған. Себебі түсінікті болар, салыстырмалы түрде ірі қалаларда тұрғын үй баға­сы қымбат. Бағдарлама арқылы уақытша пәтерлі болғандардың 5 жылда өз баспанасына алғашқы жарна жинап үлгеретін толық мүмкіндігі болды. Астана қаласының әкімдігі «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша 2024 жылға дейін барлығы 3 220 пәтер үлестірген. Биыл тұрғын үйді жалдау мерзімінің аяқталуына байланыс­ты 778 жалға алушы пәтерін босатады. Осы тұста жергілікті әкімдік қарап қалмай, жастардың жеке тұрғын үй сатып алуына барынша жәрдемдескен. Тұрғын үй алудың тиімді тәсілдерін көрсеткен. Соның бірі әрі оңтайлысы ретінде «Елорда жастары» бағдарламасын ұсынған.

Енді «Елорда жастары» бағдар­ламасы туралы айтар болсақ, бастапқы жарнасы – 10%. Жылдық пайыз­дық мөлшерлемесі – 5%. Несие­лендіру мерзімі 19 жылға дейін. Бағдарлама шартына сәй­кес 20 млн теңге шамасында жеңілде­тілген несие беріледі. Осы сомаға жастар­дың бастапқы және екінші нарықтан тұрғын үй сатып алуға мүмкіндігі бар. Қазір жалдамалы пәтерін босатқандардың дені осы өңірлік бағдарламаның шарапатын көре бастады. Жиған қаражатына қарай «Otbasy bank»-тің басқа да бағдарламаларына қатысып, үйлі болып жатқандар кездескенімен, олардың үлес салмағы салыстырмалы түрде аз.

Биыл 17 ақпаннан «Otbasy bank» АҚ-да несиелендіру рәсімдерінен өту үшін 778 азаматқа жолдама берілген. Біз мұнда жалпы статистиканы емес, тек жалдамалы пәтерде тұрып келген тұлғаларға қатыстысын айтып отырмыз. Сәйкесінше, олардың тұрғын үйді жалға алу шарттары биыл аяқталады. Нақ қазір 778 азаматтың 467-сі «Елорда жастары» бағдарламасы бойынша жеке тұрғын үй сатып алса, 17 жас, жас отбасы үй іздеп жатқан көрінеді. Тұрғын үйді жалға алу мерзімі аяқталған 600-ден астам адам баспанасын босатқан. Енді босаған үйлер тұрғын үй заңнамасының талаптарына сәйкес мұқтаж азаматтарға беріледі.

Бағдарламаның шарапатын көрген жастардың арасында Қара­ған­ды қаласының тумасы Айман Серікқызы бар. Ол Астанада 2013 жыл­дан бері тұрады. Қаланың тыныс-тір­шілігіне мәдениет саласында жүріп үлес қосып келеді. Яғни тұрақты жұмысы бар. Жалға беретін тұрғын үй бағдарламасына қатысуға мүмкіндігі келген соң, өтініш қалдыруға бекінген. Көп ұзамай ойдағысы орындалып, комиссия шешімімен Ш.Уәлиханов көшесінің бойындағы бір бөлмелі пәтерге көшкен. Мемлекет ұсын­ған мүмкіндікті сәтті пайдаланған ол, алғашқы жарнасын уақтылы толықтырып отырған.

– Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бізге зор мүкіндік сыйлады. Бес жылда бір бөлмелі пәтерімізге ай сайын төлеп келген ақымыз – 7 мың теңгеге де жетпейді. Күйеуім Ар­ман екеуміз 2016 жылы отау құ­рып, 2020 жылға дейін пәтер жалдап келдік. Оның құнын төлеуге жалақымыздың жартысы кететін. Арман энергетика саласында жұмыс істейді. Екі баланың ата-анасымыз. Енді, міне, «Елорда жастары» бағдарламасы бойынша үйлі болдық. Себебі қалада жеңілдікпен берілетін тұрғын үй бағдарламасына қатысуды көздеп жүргендер көп-ақ. Пайыздық үстемесі, шарттары өте тиімді. «Otbasy bank»-тің мамандары бізге бағыт-бағдар көрсетіп отырды. Құжаттарымызды түгендеп, конкурсқа қатыстық. Банк тарапынан төлем қабілетімізді растадық. Жастарға осындай мүмкіндік сыйлап жатқан Үкіметке, кеңесін беріп отырған «Otbasy bank»-тің мамандарына алғысымыз зор. Қаланың дамуына сан салада үлес қосып жатқан жастардың, жас отбасы­лардың арманы орындалсын, тезірек баспаналы болсын, дейді Айман Серікқызы.

Кейінгі жылдары ел Үкіметі жастар­дың білім алып, бәсекеге қабі­летті болуына, кәсіп ашып, жұмыс­пен қамтылуына және баспаналы болуына жүйелі түрде қарайласып келеді. «Otbasy bank»-тің әдепкі бағ­дар­ламаларынан бөлек, өңірлік деңгейде жергілікті әкімдіктің араласуымен тұрғын үйге жеңілдетілген несиелер беріліп жатыр. Бұл ретте тізім «Елорда жастары», «Алматы жастары», «Қарағанды жастары», «Әулиеата жастары», «Қостанай жас­тары», «Алатау жастары», «Атырау жастары» бағдарламасы деп жалға­сып кете береді. Осылардың ішінде жалдамалы тұрғын үй бағдар­лама­сының тиімділігі зор болды. Жастар бес жылда өз баспана­сының алғашқы жарнасын жинап үлгереміз десті. Өйткені мемлекет ұсынған жалдамалы үйдің тұрғындары пәтерақыға ай сайын 5-15 мың теңге ғана ақы төлейді. Бағдарламада отбасын құрып, өмірдің жаңа кезеңіне қадам басқан ерлі-зайыптыларға, балалы отбасыларға басымдық берілген. Осы аралықта алғашқы жарнасын жиып үлгер­ген жастар мемлекет ұсынған мүмкіндік­ке алғысын жау­дырып жатыр. Жыл соңына дейін жалдамалы үйде уақыт­ша тұрып келген әлі талай жас пәтерін мұқтаж жандарға босатып, өз баспанасына қоныстанады.