Экономика • Бүгін, 08:50

Өндіріс – өңір дамуының қозғаушы күші

40 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамытуды тапсырған болатын. Бұл орайда Президент өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашудың маңызына тоқталды. Отандық бизнеске және шетел инвесторларына жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органның міндеті екенін айтты.

Өндіріс – өңір дамуының қозғаушы күші

Экономиканы әртараптандыру – тұрақты даму кепілі

Жуырда Ордабасы ауданы, Бадам елді мекенінде «Central Asia aluminum» ЖШС-ның алюминий профильдерін өндіретін зауыты ашылды. Кәсіпорынның өндіріс қуаттылығы – жылына 20 мың тонна. 200 адам жұмыспен қамтылады. Жобаның алғашқы кезеңіне құйылған инвестиция көлемі – 4,4 млрд теңге. Міне, осы зауытты іске қосу рәсімінде облыс басшылығы өңірде өнеркәсіп саласын дамытуға және кіріс көздерін ұлғайтуға ықпал ететін жобаның жүзеге асырылуын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру, инвестиция тар­ту, өндіріс орындарын ашу тап­сырмасымен байланыс­тырды. Түркістанды дотациялық өңір деңгейінен өз бюджетін қам­титын, өндірісі дамыған облыс­қа айналдыру облыс басшылы­ғы­ның мақсаты екені де айтыл­ды. Тапсырмаларды орындап, мақ­сат­қа жету бағытында өңірде ат­қа­рылып жатқан және жоспар­лан­ған ауқымды жұмыс­тар аз емес.

Мысалы, алюминий профиль­дерін өндіретін зауыт ашылған Ордабасы ауданында «Tangshan Huating Ceramics Co., LTD.» компаниясының ірі қара мал сүйегін өңдейтін өндіріс орны салынады. Шетелдік инвестормен бірге зауыттың капсуласын салу рәсімінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауыл шаруашылығы дамыған өңірде терең өңдеу саласында әлі де көп жұмыс атқару қажеттігін жеткізді. Әсіресе мал қалдығын өңдеу мәселесі күн тәртібінен түспегенін атап өтті. Аумағы 10 гектар, жобалық құны 9 млрд теңге болатын зауытта ірі қара малдың сүйегі өңделіп, жела­тин өнімдері мен пептон қоспасы да­йын­далады. Жоба іске асқан соң 100-ге жуық жұмыс орны құры­лады. Өндіріс қуаттылығы – жылына 5 мың тонна болатын заманауи зауыт келесі жылы іске қосылады.

Сондай-ақ ауыл шаруашы­лығы өнімдерін терең өңдеу бағы­тында Шардара ауданының индус­триялық аймағында «Казкрахмал» ЖШС-ның жүгеріні терең өңдеу зауыты салынып жатыр. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеу мүмкіндігі бар зауыттың инвестициялық құны – 35 млрд теңге. Кәсіпорын 35 гектар аумақта орналасқан. Қазір дәнді дақылдарды сақтау және кептіру қоймасы іске қосылып, алғашқы кезең аясында өнім қабылдау үдерісі жүріп жатыр. Екінші кезең бойынша крахмал сірнесін өңдеу зауыты биыл іске қосылады. Бұл бағытта 500-ден аса жұмыс орны ашылып, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң ықпал етеді. Кәсіпорын жүгері­ден «крахмал», «глютен», «жүгері сечкасы», «мальтоза», «карамель» және жүгері сірне­сін өндіреді. Мамандар бұл өнім­дерге сұраныс елімізде ғана емес, халық­аралық нарықта да жоғары екенін айтады.

Қазіргі уақытта өнімдерді экспорт­қа шығару бағытында Ресей, Қытай, Бельгия, Англия елдерімен іскерлік байланыс орнатыл­ған. Сұраныс демекші, Түлкі­бас ауданындағы «Стас и К» өндіріс­тік кооперативінің полиэти­лен құбырларын пайдаланатындар өте көп. Елге аса қажетті полиэтилен құбырларын өн­дірумен айналысатын кәсіп­орын құбырларының сапасы жоғары. Жоғарғы, төменгі температураларға төзімді, су, кәріз, газ, ылғалды жерді құрғату тағы да басқа қажеттіліктер үшін қолданылады. Аталған өндірістік кооператив алғаш құрылған жылдары екінші деңгейлі банктен 16% жылдық мөлшерлемемен несие алған. Ол несиенің 7%-ы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы субсидияланды. Өндірістік кооператив басшысы Ә.Саитовтың айтуынша, өнімді өткізетін нарық бар.

завод

«Қазір барлық елді мекенде газ, ауызсу тарту, кәріз жүйесін орнату жұмыстары жүріп жатыр. Сол коммуналдық игіліктер енді кіріп жатқан ауылдарды керек­ті құбырлармен қамтамасыз ету керек. Бұл – жергілікті өнім өн­діру­шілердің мойнына түскен жауап­кершілік. Құбырлар елді мекен­дерді ең маңызды коммуналдық қажеттіліктермен қамтамасыз ететін күретамыр саналғандықтан, сапасының мінсіз болуына да ерекше мән береміз. Өндірістік кооператив 2004 жылдан бері газ және су тасымалдауға арналған полиэтилен құбырларының өндірісімен айналысып келеді. 2015 жылы заманауи құрал-жабдықтар алып, жаңа жүйені іске қостық. Бүгін­де 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған», дейді ӨК басшысы.

Ал Сарыағаш ауданында профил пластик өндіретін «Ерғали» жеке кәсіпкерлік нысаны цехында есіктер мен терезелерге арналған және өзге де салаларға қажетті пластик пен профиль өнімдері шығарылады. Тауарлары ел ішінен бөлек, Қырғызстан мен Тәжікстанға экспортталады. Мұндағы жабдық­тар мен қондырғылар Италия мен Ресейден әкелінген.

Өңірде қолға алынған жүйелі жұмыстардың, инвестициялық жобалардың, сонымен бірге жергі­лікті кәсіпорындар жұмысы­ның нәтижесінде ет экспорты­ның да әлеуеті артқан. Бұл бағыт­та нәтижелі жұмысымен таныл­ған кәсіпорындардың бірі – Қазығұрт ауданында орналас­қан «Қарқын-2030» ЖШС. Серік­тестіктің шұжық өнімдерін шығаратын цехы заманауи технологиялармен жабдықталған. Толық автоматтандырылған желі­лер іске қосылған. Кәсіпорын тәулі­гіне 30 тоннаға дейін дайын шұ­жық өнімін өндіреді. Шикізат сапасы­на, санитарлық талаптарға, өнім­нің сақталу мерзімі мен құра­мы­н­а ерекше мән беріледі. Қазір өндіріс орнында 500 адам тұрақ­ты жұмыспен қамтылған. Кәсіп­орын өнімдері барлық аймаққа жөнел­тіліп, ішкі нарықты отан­дық әрі сапалы тағаммен қам­тама­сыз етіп отыр. Ал құны 1,1 млрд теңге болатын мал сою цехы 60 мың басқа дейін ірі қара мен ұсақ малды союға қауқарлы. Онда 10 адам еңбек етеді. Цех халық­аралық стандарттарға сай жаб­дық­талған, мал сою, ет сақтау және бастапқы өңдеу үдерістері толық автоматтандырылған.

Бүгінде мал бордақылау алаңы­ның құрылысы жүргізіліп жатыр. Алаңда бордақыланған мал кейінгі өңдеуден соң, да­йын ет өнімдері ретінде ішкі нарыққа жолданып, шетелге экс­порттау жоспарланып отыр. Ал Сарыағаш ауданы Жібек жолы елді мекенінде орналасқан «Бесқара» ЖШС-ның бекеті тәулігіне 128 ірі қара, 600 бас уақ мал союға қауқарлы. Отыз тұрғын жұмыспен қамтылған. Заманауи кешен биыл пайдалануға берілді. Ірі қара малдар Орталық және Солтүстік Қазақтан облыс­тарынан тасымалданып, арнайы орында сойылады. Дайын болған өнім еліміздің барлық өңіріне және «Нәрлен» ет өңдеу цехына жөнел­тіледі. Сонымен бірге ет өнімдері Өзбекстанға экспортталады.

Агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру және ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар қолға алынып жатыр. Осы бағытта ерекше серпін алып келе жатқан салалардың бірі – балық шаруашылығы. Облыстың оңтүстігіндегі Келес ауданында бұл салаға инвестиция тартылып, жаңа жобалар іске асырылып жатыр. «БозСу балық шаруашылығы» жеке кәсіпкерлігі 4,8 гектар аумақта тиімді жобаны жүзеге асырып отыр. Кәсіпкер Олжас Әбдіжаппарұлы былтыр су айдынына миллион ақ амур шабағын жіберіп, нәтижесінде, 4 тоннаға жуық сапалы балық өнімін алған. Биыл бұл көрсеткіш бір­неше есе артып отыр. Нақты­рақ айтқанда, 2025 жылы 3 млн-ға жуық шабақ өсіріліп, оның 600 мыңы сатылымға шығарыл­ғ­ан. Қалған бөлігі өсіріліп, қосымша 10 тонна дайын өнім алу көзделген. Шаруашылық биыл уылдырық өндіретін инкубаторлық цехты іске қосып, алғашқы кезеңде 20  кило  уылдырық өндірді. Алдағы жылы уылдырық көлемін 100 килоға дейін жеткізу жоспарда бар. Кәсіпорын қазірдің өзінде 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Келес ауданындағы балық шаруашылығы бағытындағы ірі жобалардың тағы бірі – «Көшім» шаруа қожалығы. Жалпы аумағы 76,2 гектар болатын бұл ша­руа­шылықты кәсіпкер Райс Көшім­ұлы басқарады. Қожа­лық балық өсірумен қатар, өндіріс­ті кеңейту мақсатында өңдеу цехы­ның құры­лысын қолға алған. Жоба аясын­да жылына 32 тонна балық өнімі өндіріледі. Шаруашылық 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ал Сайрам ауданы Сарыарық елді мекеніндегі «Көмеш балық» ЖШС 259 гектар жерде тоғандар салып, жылына 721,6 тонна өнім алып, ішкі нарықты сапалы балықпен қамтуға кіріскен. Жоба құны – 750 млн теңге, мұнда 19 тұрақты жұмыс орны ашылған.

«Біздің кәсіпорын 26 тоғаннан тұрады, оның 13-і – табиғи тоған, қалғандары – жасанды. 2016 жылдан бастап шабақ өсірумен айналысып келеміз. Күтімге алған балық түрлерін айтатын болсақ, олар – ақ амур, карп, сазан, дөңмаңдай. Барлық өнімдеріміз ішкі нарыққа шығып отыр», дейді кәсіпкер Даулеталы Абдраманов.

Сайрам ауданы Таскешу елді мекенінде «Gen Group Kazakhstan» ЖШС алғашқылардың бірі болып тропикалық өнімді жерсін­діріп, банан өсіру ісін қолға алған. Мұнда жылына 1 000 тонна өнім алынып, ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр. Кешен директоры Тимур Утешевтің айтуынша, 2023 жылы жұмысын бастаған жобаның алғашқы кезеңінің құны 1,056 млрд теңгені құрайды, барлық жабдықтар Түркиядан алынған. Қазір 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, қосымша 15 адам маусымдық жұмыстарға тартылады. Екінші кезеңде банан бауы қосымша 4,8 гектарға ұлғайтылмақ, ал 5,4 гектарға – қызанақ, 1 гектарға құлпынай өсіру жобалары іске асады. Үшінші кезеңде 2,7 гектарға қияр өсіру қолға алынбақ. Барлық кезеңде жұмыс табысты жүрген жағдайда, бұл шаруашылық отан­дық нарықты 1 500 тонна банан өнімімен, 120 тонна құлпынаймен, 3 153 тонна қызанақпен және 1 125 тонна қияр өнімдерімен қамтымақ. Жоба құны барлық кезеңді қоса есептегенде 13,4 млрд теңгені құрап, 150 адам тұрақты жұмысқа тартылады. Мемлекет тарапынан сумен, электр қуатымен,  газбен қамту тұрғысынан, жерасты суын пайдалануда ұңғыма шаруашы­лы­ғын жолға қоюға қатысты көмек көрсетіліп жатыр.

 

Жұмыспен қамтитын жобалар

Инвестиция тарту, өндіріс орын­дарын ашуға басымдық бе­ріл­ген өңірде «Turan» арнайы эко­номикалық аймағының алар орны ерекше. Өнеркәсіп және ин­дустриалды-инновация­лық да­­­му басқармасы басшысының мін­­­детін атқарушы Қанат Шон­басов­тың айтуынша, 2019–2025 жылдардың қорытындысы бойын­ша «Turan» АЭА-ның инвес­ти­ция­лық портфелі жалпы құны 751,6 млрд теңге болатын 221 жо­баны құраған. Оның ішінде 253,9 млрд теңге болатын 39 жоба жүзеге асырылып, 1 353 тұрақты жұмыс орны ашылған. 464,6 млрд теңгеге 137 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, АЭА аумағында 34,1 млрд теңгеге 45 жоба жүзеге асып, қонақүй, туристік кешендер, сау­да ойын-сауық орталықтары елге қызмет көрсетіп жатыр. Қаты­сушы есебінде тіркелген жоба­лар құрылысы барысында жаңа 11 236 жұмыс орнын құру жоспарланған. Жыл соңына дейін 46,5 млрд теңгеге 1 360 тұрақты жұмыс орнын құратын 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазір жаңадан қосымша 104 млрд теңгені құрайтын 11 әлеуетті жобаны іске асыру бойынша жұмыстар қолға алынған. Сонымен бірге арнайы экономикалық аймақ­тың инфрақұрылымын жетіл­діру, инвесторларға қолайлы жағ­дай жасау бағытында да тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Өнеркәсіптік аймақтар газбен, қоршаумен, абаттандыру, су және кәріз жүйелерімен қамтылады. «Turan» АЭА-да тіркелген, ашылған және енді ашылатын ең ірі өндіріс орындарына тоқталсақ, олардың қатарында «Baspolymer» ЖШС-ның полимерлі құбырлар, пластмасса бұйымдар, тамшылататын таспалар шығаратын ірі зауыты, «QazEcoPack» ЖШС-ның бастапқ­ы және қайталама полиэтилен шикізатынан орау материалдарын өндіретін кәсіпорны, «PSI Mineral Technologies» ЖШС-ның тау-кен металлургия кешеніне арналған ауыр техника шығаратын зауыты, «Алтын дала мақта» ЖШС-ның біріктірілген қоймасы бар ПВХ құбырларын шығаратын зауыты, «KZ_Unicol» ЖШС-ның әртүрлі жарықтандыру құрылғыларының сэндвич-панельдерін шығаратын зауыты, «Er-Qan Group» ЖШС-ның орамдағы полиэтилен пакеттер және бір рет қолданылатын пластик ыдыстар шығаратын зауыты бар. «Silk Way International» ЖШС-ның ауыл шаруашылығы машиналары мен бөлшектерін өндіру және құрастыру зауытын, «Kazakhstan Lihua» ЖШС-ның толық циклді тоқыма өнімдерін өндіруге арналған мақта агроөнер­кәсіптік кешенін, «Qaz Natural Laminat» компаниясының ағаш­тан және тығыннан жасалған бұйым­дарды өндіру, сабан бұйымдары мен тоқыма материалдарын өндіру кәсіпорнын ашу да көзделген.

ет

Өңір бүгінде жиһаз өнеркәсібі бойынша да республика көлемінде жетекші орынға шығып отыр. Жыл сайын Түркістанда жүздеген мың дана жиһаз өнімдері өндіріліп, еліміздің өзге өңірлеріне, шетел­дік нарықтарға экспортталады. Мысалы, қаладағы ең ірі жиһаз өн­діру­шілердің бірі «Идеал Туркестан» ЖШС жылына 200 000 дана дайын өнім шығарады. 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылдық қаржылық айналымы – 1,8 млрд теңге. Жылына 80 000 дана жиһаз өндіріп, 1,55 млрд теңге көлемінде қаржы айналымын қамтамасыз етіп отырған «Lider group» кәсіпор­нында 60-70 азамат еңбек етеді. Компания өнімдерінің басым бөлігі жоғары сұранысқа ие. «Asia brend» мекемесі де ірі өндіріс ошақтарының бірі, жылына 22 000 дана жиһаз өнімін шыға­рады. Мұнда 150-ге жуық адам тұрақты түрде еңбек етіп, 1,1 млрд теңге көлемінде қаржылық айна­лым қалыптастырып отыр.

Облыста 2024–2030 жылдарға экономикалық өсуді қамтама­сыз ету бойынша «Жол картасы» бекітіл­ген. Онда, әсіресе инвес­ти­циялық жобалардың уақты­лы әрі сапалы орындалуына ба­сым­дық берілген. Айта кетелік, бі­рінші жартыжылдық қорытын­дысы бойынша облыстың өнеркә­сіп өнім көлемі 723,3 млрд теңгені құрап, 13,5%-ға артқан. Өсім негізі­нен өңдеу және тау-кен өнер­кәсібі есебінен болды. Облыс эконо­микасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығында өнім көлемі 253,9 млрд теңгені құрап, өсім 104,7% деңгейінде қалып­тасты. Өндірілген өнім бойын­ша Түркістан облысы республи­када көш бастап тұр. Ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының мәлі­ме­тінше, негізгі капиталға инвес­ти­ция тарту 44,2% орындалып, 103,8 млрд теңгеге инвестиция тартылды. Алты айда 82,3 млрд теңге инвестиция тарту жоспары 1,3 есе артық орындалды. Су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 гектарға орналастырылып, жоспардағыдан 1,4 есе артқан. Егіс алқаптарына ғылыми негізде 189,8 мың тонна тыңайтқыштар енгізу жоспары 109% орындалған. Машина трактор паркін 6,5% жаңалауды қамтамасыз ету бойынша 877 ауыл шаруа­шылығы техникасы сатып алынды. Жалпы, 2025 жылға 1 649 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланған. Техникаларды жаңалау үлесі 9,4%-ға жетеді.

Агроөнеркәсіптің инвестиция­лық жобалары бойынша 2025–2027 жылдарға арналған «Жол картасына» сәйкес, жалпы құны 227,5 млрд теңгені құрайтын 60 жобаны іске асыру, 2 252 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биылғы жартыжылдықта 53,6 млрд теңгеге 17 жоба іске асырылып, 726 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін қалған 12 жоба (69,6 млрд теңге) жүзеге асырылмақ. Құрылыс жұмыстарының көлемі 230,3 млрд теңгені құрап, 25,1%-ға артты. Жыл басынан 438,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 118,2% деңгейінде қалыптасты. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 130 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделіп, бүгінде 74 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. Оның 35 812-і тұрақты, 38 215-і уақытша субсидияланған жұмыс орындарына орналасқан. Сонымен қатар ұлттық жобалар арқылы 2 700-ден астам азамат, жеке инвестициялық жобалар аясында 1 400-ге жуық адам еңбекке тартылған. Жобалардың басым бөлігі құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол салалары арқылы іске асты.

Сондай-ақ денсаулық сақтау, мәдениет салалары бойынша да жаңа жұмыс орындары ашылған. «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» жобасы шеңберінде 8 300-ден астам жаңа жұмыс орны ұсынылды. Өңірдегі жұмыс орындарының көбеюіне жеке тартылған инвестициялық жобалар да ықпал етуде. Биыл облыста жеке қаржы есебінен 125 жоба жүзеге асырылуы керек. Бүгінде оның 88-і іске қосылып, 1 398 адам тұрақты жұмысқа қабылданды. Жобалар негізінен ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және туризм салаларына тиесілі. Бұл ауылдық жерлердегі жұмыс­сыз­дықты азайтуға оң әсерін тигізеді.

 

Түркістан облысы