Өндіріс • Бүгін, 12:50

Елімізде ашық жүк вагондарын шығару 5 есеге артты

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биылғы 7 айда ашық жүк вагондарын шығару 5 есеге, ал жайдақ платформалар шығару 2,2 есеге артқан. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Елімізде ашық жүк вагондарын шығару 5 есеге артты

Фото: Үкімет

Теміржол өнеркәсібі еліміздегі машина жасаудың жалпы көлемінің 13%-ын құрап отыр. Өткен жылы теміржол өнімдерін шығару 25%-ға өсіп, 600 миллиард теңгеге жеткен.

«Кейінгі бес жылда ұлттық оператордың вагон паркін жаңартуды іске асыру нәтижесінде осы салада инвестициялық белсенділік байқалып жатыр. Нәтижесінде отандық нарыққа Wabtec, Alstom, Stadler сияқты әлемнің жетекші брендтері келді», деді министр.

Бүгінде саладағы 60-тан астам кәсіпорында, 8 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

Сондай-ақ, Қазақстан теміржол техникалары мен оған арналған бөлшектерді шығару өндірісін арттырып келеді.

Жаңа өндірістік орындар Астана, Екібастұз, Семей қалаларында және Атырау облысында құрылып жатыр. Мәселен, биыл қаңтар айында Астанада жылына жүзге дейін жолаушылар вагонын шығаратын «Stadler Қазақстан» зауыты, Атырау облысында «Тексол Транс» ЖШС-ның жылына 6 мың жүк вагоны мен цистерна шығаратын зауыты іске қосылды 

«Шығарылған вагондар 2030 жылға дейін келісім-шарт аясында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына жеткізілетін болады. Жыл соңына дейін алғашқы 51 вагон пайдалануға беріледі. Атырауда жергілікті өндіріс үлесін арттыру мақсатында инвестор бөлшек құю зауытын салуды бастады. Онда жылына 60 мың тоннаға дейін детальдар құйылмақ. Зауыттың іске қосылуы 2027 жылға жоспарланған», деді Ерсайын Нағаспаев.