
Мәдени іс-шараның ашылуында Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы секторының меңгерушісі Қайрат Баймолдинов орыстың аса көрнекті қаламгерінің өмір жолында қазақ жерінің, соның ішінде Семейдің алар орны айрықша екенін жеткізді.
«Ол Семей топырағында бес жылға жуық уақыт өмір сүріп, жергілікті халықпен араласып, Шығыс мәдениетіне үңілді.Сондай-ақ Достоевскийдің Шоқан Уәлихановпен достығы – тарихтағы шынайы рухани үндестіктің жарқын үлгісі. Шоқан Шығыс пен Батыстың мәдени құндылықтарын бойына сіңірген білімге құштар жас болса, Достоевский адам жанының терең қатпарларын ашқан ойшыл жазушы болды», деді ол.
Содан кейін сөз алған Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Уақытша сенімді өкілі Александр Комаров, Семейдегі Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінің директоры Ирина Соловьёва, тағы басқа да азаматтар мазмұнды шараның ерекшелігіне тоқталды.
Көрмеге жазушының Семей қаласында 1854–1859 жылдары тұрған кезеңін қамтыған жәдігерлер қойылды. Дәлірек айтқанда, XIX ғасырдың екінші жартысындағы Семей қаласы бейнеленген фотосуреттер мен ашықхаттар және М.М.Беляевтың, Г.Б.Герасимовтың «Ескі Семей» жинағына салған иллюстрациялары мен көне тұрмыстық бұйымдар сол кезеңдегі уақыт тынысын сезіндірді. Сондай-ақ Достоевскийдің алғашқы әскери қызметі туралы баяндайтын фотосуреттер мен құжат көшірмелері, жазушының екітомдық хаттары да көрнекі жерден орын алған. Әсіресе келген қонақтар Федор Достоевский мен Шоқан Уәлихановтың шынайы достығын сипаттайтын бағалы дүниелерге ерекше назар аударды. Мәселен, 1859 жылдың көктемінде Лейбин фотосалонында Ф.Достоевский мен Ш.Уәлихановтың түскен суреті қос тұлғаның аяулы бейнесін көз алдымызға әкелді. Шоқанның шығармалар жинағы мен құжаттары да тарих қойнауынан сыр шертіп тұр-ды. Сонымен қатар барон Врангельдің естеліктер кітабы, М.Д.Исаеваның фотосуреті, Белихов батальоны командиріне жолданған Достоевскийдің рапорты, тұрмыстық заттар мен әйелдерге арналған аксессуарлар да келушілерді қатты қызықтырды.
Достоевский әдеби-мемориалдық музейінің қызметкері Сана Сәрсембекованың айтуынша, бұл мұражай 1971 жылы ашылған. Алдымен ол жазушы атындағы кітапхана болған. Ал негізі Семейдегі Достоевскийдің тұрған үйі ХІХ ғасырда салынған. Бұл үйде сол кезде Шоқан Уәлиханов, Семенов-Тян-Шанский секілді айтулы тұлғалар қонақта болған. Келесі жылы музейдің ашылғанына елу бес жыл толады.