
Алматы-Қонаев тас жолының қашықтығы – 42 шақырым, облыстың туристік нысандарын қолжетімді ететін маңызды көлік торабы. Осы бағыт арқылы Қапшағайға, одан әрі Алакөл демалыс орнына баратын туристер саны жыл сайын артып келеді. Биыл Қапшағай суқоймасына демалыс маусымының басынан бері 860 мың турист демалуға барса, ал маусым соңында 1,6 млн адамға жетеді деген болжам бар.
Республикалық маңызы бар жолдардың сапасы артқан сайын жолаушылар ағыны да еселене түскен. Алматы-Қонаев тас жолында тәулігіне 30 мыңға жуық, ал демалыс күндері 50 мыңнан аса көлік жүреді. Бұл – Алматы облысындағы ең қарқынды, қозғалыс жыл бойы тоқтамайтын белсенді бағыттың бірі.
«Алматы-Қонаев» ақылы тас жолы екі бағытты, үш жолақты. Онда көлік иелері жолақысын төлеуге арналған 12 терминал іске қосылған. Әрбір терминалда отырған операторлар жолаушыларға төлем жасау, жол бағытына қатысты кеңес береді. Мұндағы мамандар жолақысын дер кезінде төлемесе, кептеліс туындайтынын айтады.
«Көлік тізгіндеген әрбір жүргізуші жолға шығар алдында жолақысын төлеу қажеттігін ұмытпаған абзал. Жолақысын төлемеген жолаушылар терминалға келгенде төлем жасап, уақыт алады. Соның кесірінен кептеліс болады», дейді «КАЖсервис» ЖШС инженер-архитекторы Дәурен Закиров.
Алматы-Қонаев тас жолында жолаушылар үшін жол бойына ұлттық стандартқа сай жанармай бекеттері ашылған. Турист ағыны өскен сайын ондай кешендерге деген сұраныс артып келеді. Мамандар мұндай кешендердің стандартқа сай әрбір 25 шақырым сайын орналасу қажеттігін атап айтты.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, Қапшағайға демалушылардың артуына тегіс жолдар оң ықпал етіп жатыр.
«Демалыс маусымы аяқталғанға дейінгі есеп бойынша Қапшағайға шамамен 1 млн 600 мың адам келуге тиіс. Оның ішінде шетелдік және ішкі туристер де бар. Алматы агломерациясы маңайындағы тұрғындар да осы жерде демалады. Жол сапасы осы туристік ағынның артуына тікелей байланысты», дейді Алматы облысы Туризм басқармасы бөлімінің басшысы Шерхан Есентеміров.
Алматы облысы