
Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев
80 пайыздан астамы дайын
Павлодар қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің 80 пайыздан астамы жылу қабылдауға толық дайын, оның ішінде жүйелерді қысыммен тексеру және жуу жұмыстары жүргізілген. Айдың соңына дейін бұл көрсеткішті 90 пайызға дейін жеткізу көзделген. Дайын тұрған көпқабатты баспананың бірі – Елгин көшесі, 47/1 мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үй. Барлық қажетті дайындық жұмысы уақтылы жүргізіліп, дайындық акті алынған. Аталған үйге қызмет көрсететін ұйымда барлығы 18 тұрғын үй бар және жыл сайын жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін әрбір үйде бірден келесі жылға дайындық басталады. Қажет болған жағдайда тозығы жеткен немесе істен шыққан жабдықтарды тарифке қосылған қаражаттың немесе нысаналы алымдар есебінен ауыстыру жүргізіледі.
Қазір облыс орталығының Шығыс өнеркәсіп аймағында №1 ЖЭО-дан жаңа ЖМ-20А жылу магистралі тартылып жатыр. Негізі жаңа магистраль салу туралы шешім 1972 жылы жоспарланған екен. Жалпы құны 9,8 млрд теңге болатын жоба ұлттық жоба аясында іске асырылып жатыр. Нысан 600-ден астам көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан қаланың оңтүстік бөлігін тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазір құрылыс жұмысының 60 пайыздан астамы орындалып, өткізу қабілеті ұлғайтылған 6 шақырым құбырдың 3,5 шақырымнан астамы салынған. Сондай-ақ ЖМ-31 желісіндегі ПНС-5 сорғы стансасының құрылысы жүріп жатыр, бұл қаланың орталық және жағалау аймақтарының жылу-гидравликалық режімін жақсартады.
Биыл жылу желілеріне жүргізілген көктемгі сынақтар кезінде 223 ақау анықталып, олардың барлығы қысқа мерзім ішінде жойылған. Бұл облыс орталығын ыстық сумен 20 күн ішінде қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Одан соң желілерге қайта сынақ жүргізілді. Қаланың оңтүстік бөлігінде гидравликалық тексерістер аяқталды. Олардың қорытындысы бойынша 65 ақау анықталған.
Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және коммуналдық қызметтер басқармасының дерегі бойынша қазірде Павлодардың жылумен жабдықтау нысандарындағы желілердің 75 пайыздан астамы жөнделді, қазандықтар мен жылу магистральдерінде жұмыс жалғасып жатыр. Жүргізіліп жатқан жұмыстың арқасында технологиялық ақаулардың саны айтарлықтай төмендеп, өткен маусыммен салыстырғанда апаттық жағдайлардың саны 1,5 есе азайған.
Өңір басшылығы технологиялық аудит жүргізу және жаңа абоненттерді қосу үшін қаладағы энергия көздерінің қуатын арттыру мәселелерін пысықтау міндетін қойып отыр. Атап айтқанда, №2 және №3 ЖЭО-лар қуатын 20 Гкалға дейін және №1 ЖЭО 48 Гкал-ға дейін арттыруы керек. Бұл жылу жетіспейтін аумақтардағы мәселені шешуге және 2027 жылға қарай қаланың Екінші Павлодар, Горторг, МДС, Зеленстрой, Радиозавод, Лесозавод сияқты шағын аудандарын орталық жылу желілеріне қосуға мүмкіндік береді.
Қазандықтар бүтінделді
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, жылуға дайындық кеншілер шаһары үшін басты мәселе болып қала береді. ЖЭО-дағы алты қазандық агрегатын жөндеу жұмыстары аяқталды. Гидравликалық сынақтар кезінде анықталған ақаулардың басым көпшілігі жойылды. Тамыз айының соңына дейін әлеуметтік нысандарға көмір жеткізуді аяқтау, барлық мекеме бойынша дайындық актілерін ресімдеу жоспарланған.
– 600-ден астам көпқабатты тұрғын үйде қабылдау-тапсыру жұмыстары жүргізілді. Жалпы, алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүйелі атқарылуда деп айтуға болады. Көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі жылу жүйелерінің басым бөлігі дайын, сондай-ақ №2 және №7 жылу магистральдерін қайта жөндеу аяқталып, Екібастұз стансасындағы негізгі және қосалқы жабдықтар жөндеуден өтті. 11 тамыздан бастап кезең-кезеңмен ыстық су беріле бастады. Басқару органдарымен жұмыс кеңестерін өткізу тәжірибесі үш жыл қатарынан жалғасып келеді. Бұл жұмыс кестесін нақтылап, туындаған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді. Өткен жылғы тәжірибе бойынша үйлерді уақтылы әрі сапалы дайындаған үздік ПИК-тер арнайы марапатталады, – дейді қала басшысы.
Атап өтерлігі, биыл Екібастұзға 25 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты бағытталған. Қаражат жылу желілерін жаңартуға, тұрғын үй салуға, әлеуметтік нысандарды жаңартуға, қаланы абаттандыруға мүмкіндік берді. Жылу магистральдерін қайта құру және жөндеу жұмыстары келесі жылы да жалғасатын болған. Қала тарихындағы маңызды жобалардың бірі – орамішілік аумақтарды жарықтандыру. Екі жыл бұрын Екібастұзда жүйелі аулаішілік жарықтандыру мүлдем болмады. Облыс басшылығы 2 жылдың ішінде барлық 279 ауланы, квартал ішіндегі аумақтардың 50-ден астам учаскесін, сондай-ақ қаланың қалған 68 көшесін жарықпен қамтуды тапсырған болатын. Барлық жұмыс 6 кезеңге бөлінді. Қазірде аулаішілік жарықтандыру аяқталып, жұмыстың 77 пайызы орындалған. Жарықтандыру бойынша басты мәселе шешілді, ендігі кезекте орамаралық аумақтарды асфальттау қалып отыр. Барлық аула мен тұрғын ең көп жүретін жерлерді абаттандыру қажет.
Кеншілер қаласында республикалық бағдарламаларды тарта отырып коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жобаларын қаржыландыруды қарастыру, тұрғын үй қорын жылу беру маусымына дайындау жұмыстарын тез арада аяқтау көзделіп отыр. Барлық жоба уақтылы және тиісті сапада іске асырылуға тиіс. Бастысы тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне басымдық беріледі.
Ақсуда желілерді жаңарту жалғасады
Өңір басшысы Асайын Байханов жуықта Ақсудағы «Қазхром» ТҰК Ақсу ферроқорытпа зауытының РОК-2 қазандығын тексерді. Қала әкімі Болатбек Шәріповтің айтуынша, Ақсуда ұзындығы 1 км жылу желілері күрделі жөндеуден өткізілген. 99 км желілерді жөндеу жұмысы 100 пайызға аяқталып, №3, 5 және 8 шағын аудандарда орамішілік жылу желілерін қайта жаңарту жалғасып жатыр.
Өңір басшылығы Ленин көшесіндегі ЖМ-1/1 жылу магистралінің зақымданған учаскелеріндегі ақауларды жою бойынша жұмысқа мән беріп отыр. Аталған желіде гидравликалық сынақтардан кейін құбырлардың күрделі зақымдануы және қозғалмайтын тіректердің бұзылуы анықталған. Нысанның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін 2 қыркүйекке дейін жылу магистралінің үш бірдей қозғалмайтын тірегі мен зақымдалған учаскелерін қалпына келтіру тапсырылды. Бұл магистральді желіге 27 көппәтерлі үй мен 9 әлеуметтік мекемені қоса алғанда, 220-дан астам тұтынушы қосылған. Келесі жылы қолданыстағы жылу магистралінің жобасында бұрын ескерілмеген 4 П тәрізді компенсаторларды орната отырып, осы магистральді ауқымды реконструкциялау жоспарланып отыр. Сонымен қатар жобалаушылар құбырды жер үстімен төсеуді және саябаққа қарама-қарсы арка өткелін салу туралы шешім ұсынған. Бірақ бұл шешім облыс әкімдігі тарапынан қабылданбады. Жаңа жобада эстетика көрініс тауып, қала сәулетін бұзбауы керек деген талап қойылды. Соған орай құбыр жер астымен тартылуға тиіс.
Павлодар облысы