Экономика • Бүгін, 08:58

Теміржолды цифрландыру жұмыс сапасын жақсартады

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында теміржол саласын дамыту мен цифрландыру ісі қаралды. Сондай-ақ теміржол вокзалдарын реконструкциялау мәселесі де көтерілді. Теміржол өнімдерін шығару – машина жасау саласындағы маңызды бағыттың бірі. Қазір бұл бағыт машина жасаудағы жалпы көлемнің 13%-ын құрап отыр. Өткен жылы теміржол өнімдерін шығару 25%-ға өсіп, 600 млрд теңгеге жеткен.

Теміржолды цифрландыру жұмыс сапасын жақсартады

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Вагон паркінің тозығы жетіп тұр

«Биылғы 7 айда жүк вагондары 5 есе, ал платформалар 2,2 есе артты. Жалпы, кейінгі 5 жылда ұлттық оператордың вагон паркін жаңартуы салада инвес­тициялық белсенділікті күшейтті. Нәтижесінде, «Wabtec», «Alstom», «Stadler» сияқты әлемнің жетек­ші брендтері отандық нарыққа келді. Отандық тауар өн­ді­ру­шілерді қолдау мен теміржол саласында ішкі нарықты дамыту шеңберінде локализация деңгейі 40%-ға дейін қамтамасыз етілді. Отандық өндіруші­лердің қатысуымен локализацияны арттыру, двигатель өндіру, бірлескен кәсіпорындар ашу жұмысы жалғасады», деді Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.

Биыл қаңтарда Астанада жылына 100 жолаушы вагонын шығаратын «Stadler Қазақстан» зауыты іске қосылды. Шығарылған вагондар 2030 жылға дейін келісімшарт аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК-ға жеткізіледі (барлығы 557 вагон).

«Жыл соңына дейін алғашқы 51 вагон қолдануға беріледі. Сондай-ақ жыл басында Атырау облысында жылына 6 000 жүк вагоны мен цистерна шығаратын зауыт іске қосылды («Тексол Транс»). Оған қоса, жергілікті өндіріс үлесін арттыру мақсатында инвес­тор «Foundry» кластерін салуды бастады. Зауыттың іске қосылуы 2027 жылға жоспарланған. Бұлармен бірге, биыл Семейдегі машина жасау зауытында жылына 600 жүк вагонын шығаратын жаңа өндіріс іске қосылып отыр», деді министр.

Оның айтуынша, Екібастұзда дайын теміржол тех­­ни­касын және құрамдас бөлшектер мен маңызды ком­по­ненттер шығаратын кәсіпорындар кластері са­­лынды. Биыл осы кластерде жылына 160 мыңға дейін да­йын өнім шығаратын бандаждық кешен іске қо­­сыл­ды («Railcast Systems»). Осылайша, бұл жобалар өн­ді­ріс қуатын одан әрі ұлғайтып, өнім сапасын арттыр­мақ.

«Қабылданған шараларға қарамастан, вагон паркінің тозу деңгейі әлі де жоғары күйінде қалып отыр. Атап айтқанда, бүгінде жүк вагондары паркінің тозуы – 54%, локомотивтер – 52%, жолаушы вагондары 42% деңгейінде. Еліміздің вагон паркін жаңарту отандық машина жасау секторын дамытумен тығыз байланыста болуға тиіс. Бұл өндірістік қуатты ұлғайтуға әрі вагон паркін жаңғыртуға мүмкіндік береді», деді Нұрлан Сауранбаев.

 

Тасымалды арттыру – уақыт талабы

Мемлекет басшысы еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту бойынша нақты міндет қойды. Теміржол тасымалы нарығы жыл өткен сайын бәсекеге қабілетті болып келеді. Осы ретте, тран­зит­тік хаб ре­тінде позициямызды нығайту үшін инфра­құ­ры­лым­ның мүмкіндіктерін белсенді түрде арттыру қажет.

«Осал тұстарды», атап айтқанда шекара маңы аудандарындағы талапқа сай келмейтін жерлерді ретке келтіру керек. Транзиттік тасымалдау көлемін, әсіресе, «Шығыс – Батыс» бағыты бойынша арттыра түскен ләзім. Биыл «Достық – Мойынты» және «Алматы қаласының айналма жолы» сияқты ірі жоба­ны іске асыру аяқталады», деді Үкімет басшысы.

Қазір «Дарбаза – Мақтаарал», «Бақты – Аягөз» темір­жол желілері де салынып жатыр. Бұл жобаны белгіленген мерзімде аяқтау қажет. Оның барлы­ғы күрделі учаскелер мен ірі түйіспелі тораптар желісінің жүктемесін азайтып қана қоймай, жүктер­дің транзитін де едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

 

Цифрландыру салаға серпіліс әкеледі

Автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізу, цифрлық диспетчерлеу, ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен саланы цифрландыруға да баса көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысының қатысуымен жуырда Астанада сапалы талдау жасап, ауқымды деректерді генерациялай алатын суперкомпьютер кластері іске қосылғаны мәлім. Осы тұрғыда жасанды интеллект технологиялары мен болашағы бар стартаптарды экономиканың барлық саласына, соның қатарында теміржолға да енгізу керек. Мысалы, жасанды интеллект апаттық жағдайлардың ықтимал қауіптерін, жолдар мен жылжымалы құрамның тозуын алдын ала есептеп, осындай мәселені шешудің түрлі нұсқаларын пысықтай алады.

«Теміржол саласын цифрландыру кезінде IT-инфрақұрылымды басқару мен ақпараттық жүйе­лер­дің интеграциясын жүргізудің тұтас тәсілін жүзеге асыру қажет. Әсіресе жолаушылар тасымалы саласына ерекше назар аудару маңызды. Қызмет көрсету сапасы мен вагондардың жағдайына қатысты халықтың тарапынан арыз-шағымдар азайған жоқ. Бұл теміржол саласымен қатар ел беделіне де әсер етеді», деді Премьер-министр.

Сондықтан барлық тасымалдаушы жолаушы вагондары мен локомотив паркін жүйелі түрде жаңартып отыруын қамтамасыз еткен жөн.

«Сондай-ақ жүк вагондарын шығару мен ауыс­тыру жұмысын да жандандыру керек. Бұдан бөлек, Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК заманауи әрі перспективалы әзірлемелерді енгізу, жылжымалы құрамдардың қозғалыс жылдамдығын арттыру мәселесі бойынша жұмыс істеуі қажет», деді Олжас Бектенов. Оның айтуынша жолаушы та­сы­малы саласындағы қызметтерді де одан әрі жетіл­­діру бо­йынша тұрақты жұмыс жүргізу керек. Со­нымен қатар шешімді қажет ететін басқа да аспек­тілер бар.

Бірінші. Бизнес мемлекетаралық өткізу бекет­терінде жүктердің тұрып қалу проблемасымен кезі­гіп отыр. Көлік, Қаржы министрліктері Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің Шекара қызметімен бірге шекарада жедел әрі сапалы мемлекеттік қызмет көрсету жөнінде шара қабылдауы қажет.

Екінші. 2028 жылы жолаушы вагондарының паркі 3 мың бірліктен асады, бұл тозығы жеткен вагондарға қатысты мәселені шешуге мүмкіндік береді. Алайда жеке тасымалдаушылар өз вагондарын жаңартуда қиындыққа тап болып жүр. Осы мақсатта Көлік министрлігі жеке тасымалдаушыларды қолдау шараларын әзірлеуге тиіс. Бұл жалпы жолаушы мен жүк тасымалының сапасына оң әсер етеді.

Үшінші. Өнеркәсіп және Көлік министрліктеріне кәсіпорындарды ұзақмерзімді келісімшартпен қам­тамасыз ете отырып, машина жасау өндірісін локализациялауды кезең-кезеңмен арттыруға бағытталған үлгілік келісімдерді әзірлеуі керек.

 

Вокзалдар жаңғырып жатыр

Отырыста Премьер-министр теміржол вокзалдарын реконструкциялау жұмыстарын да тездетуді тапсырды. Негізі, Көлік министрлігі жыл соңына дейін 100 вокзалдың жаңғырту жұмысын аяқтамақшы. Сала басшысы Нұрлан Сауранбаев 125 теміржол вокзалын реконструкциялау мен жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатқанын, барлық жоба мерзімінде аяқталатынын айтты. «Сіздің тап­сыр­маңыз бойынша жұмыс басталды. Биыл 100 вокзалдың жұмысы аяқталады. Қалғандары 2026 жылы бітеді», деді Нұрлан Сауранбаев.

Министрлік мәліметінше, мердігерлер теміржол вокзалдарын реконструкциялау мен жаңғырту жұмыстарына кіріскен. Жобаларды жүзеге асыру бекітілген нормативтік-техникалық мерзімдерге сәйкес кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Жаңғырту вокзал кешендерінің негізгі элементтерін, соның қатарында қасбеттерді, шатырды, үй-жайларды, инженерлік желілерді, жолаушы залдары мен платформаларды қамтиды. Қазіргі заманғы қауіпсіздік, навигация мен жарықтандыру жүйелерін орнату, сондай-ақ мобильділігі төмен жолаушыға жағдай жасау да көзделген.