Алматы • Бүгін, 08:53

Түркі әлемі: жас буын үні

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда Түркі мемлекеттері ұйымы­ның IV Халықаралық жас­тар фес­тивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Түркі әлемі: жас буын үні

Іс-шараға Түркі мемлекеттері ұйы­мы­на мүше Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан елдерінен делегаттар келді. Фестиваль аясында жас­тар сая­саты, кәсіпкерлік, азаматтық бел­сен­ділік және әлеуметтік бастамаларды дамыту бағыттарында семиналар ұйым­дастырылып, жас көшбасшылар мен кәсіпкер­лер ой-пікірін ортаға салды. Жиынның ресми ашылуы барысында Алматы қаласына «2025 жылғы Түркі әлемінің жастар астанасы» мәртебесі берілді.

Салтанатты жиынды ашқан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Алматы – азаттығымыздың алтын бесігі, жасампаз жастардың құтты мекені. Өркениетіміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан көптеген ұлы тұлғаларымыз осы қалада өсіп-өнген. Шын мәнінде, төл мәдениетіміздің темірқазығына айналған шежірелі шаһар қазақ елінің ғана емес, түркі мемлекеттерінің де рухани ордасы саналады. Бүгін асқаралы Алатаудың баурайында түбі бір түркі жұртының білімпаз, дарынды әрі белсенді жастары бас қосып отыр. Іргелі іс-шара аясында жаңа достар тауып, тың идея­лар мен жобаларды жүзеге асырасыздар деп сенемін. Өрендеріміздің бірлігі бекем болса, түркі әлемінің тұғыры мығым, болашағы жарқын болары сөзсіз. Қазақстан бауыр­лас халықтардың игі бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Біз елдеріміздің арасында жан-жақты ықпалдастықты нығайтуға айрықша мән бере­міз. Астанада Дүниежүзілік көш­пенділер ойындарының өтуі, Ақтаудың Түркі әлемінің мәдени астанасы және Алматы­ның Түркі жастарының астанасы атануы – соның айқын дәле­лі», делінген Мемлекет басшы­сының құттықтау хатында.

Іс-шара барысында Алматыға ресми түрде «2025 жылы – Түркі әлемінің жастар астанасы» мәр­тебесі берілді. Бұл жастар саясатын дамы­ту­дағы қаланың белсенді рөлін айқындап, түркі дүниесі елдері арасындағы ынты­мақ­тас­тық­ты нығайтудың жаңа кезеңіне жол ашты. Бұған дейін бұл мәртебе Әзербайжанның Ленкорань қаласына берілген еді.

Өз сөзінде министр Аида Балаева Алма­тының мәдениет пен ғылымның, білім мен ин­новацияның тоғысқан орталығы екенін атап өтті. Оның айтуынша, қала бүгінде түркі әлемінің жас көшбасшылары мен шығар­ма­шыл өкілдері үшін жаңа идеялар мен серік­тес­тіктің ордасына айналып жатыр.

Салтанатты іс-шараға арнайы қатысқан ТМҰ бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев: «Бүгін біз Түркі әлемінің жастар астанасы атағын Ленкорань қаласынан қарқынды дамып келе жатқан Алматы қаласына табыстау сәтінің куәсі болып отырмыз. Бұл қадам ортақ құндылықтарымыздың сабақтастығын, сондай-ақ болашақ Түркі әлемін қалыптастырудағы жас­тардың өсіп келе жатқан рөлін айқын көрсетеді. Өздеріңіз білетіндей, Алматы қала­сына бұл мәртебе Түркі мемлекеттері ұйы­мы­на мүше елдердің Жастар және спорт министр­ле­рінің 8-отырысының шешімі негі­зінде берілген еді. Қаланың заманауи мәдени өмірі, белсенді білім беру мекемелері және ын­талы жастары – Түркі әлемінің жаңа буыны­ның рухы мен әлеуетінің айқын көрінісі», деп атап өтті.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қала жастарының лебізімен бөлі­сіп: «Алматы – түркі елдерінің жастары бас қосатын, ортақ мұраттар тоғысатын, мәдение­тіміз бен дәс­тү­ріміз жаңғыратын үлкен ортаға айналып келеді. Бұл мәртебе – тек атақ емес, болашаққа деген уәде. Түркі жастарының да­уысы осы Алма­тыдан естіліп, идеялары бастау алып, дос­тығы осы шаһарда бекісін! Алматы – біздің ортақ үйіміз, түркі жас­тарының шамшырағы, бола­шақтың орта­лы­ғы!» деді.

Айта кетейік, халықаралық фестиваль Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен салтанат құрды.

Абай алаңында ұйымдастырылған іс-шарада Алматы тұрғындары мен қонақ­та­ры­на эстрада өкілдері мен шығар­машылық ұжым­дар­дың қатысуымен кең көлемді концерт ұсы­ныл­ды. Түркі мемлекеттері ұйы­мы­на мүше елдер – Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан келген делегаттар жастар саясаты, кәсіпкерлік, азаматтық белсенділік және әлеуметтік бастамаларды дамыту тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ жас көшбасшылар мен кәсіпкерлердің кездесуі өтті.

Жыл бойы Алматыда халықаралық жас­тар кемпингі, «Digital Turkic Youth» форумы, «Жай­дарман fest» фестивалі және экология, мәдениет пен жастар бас­тама­ла­рына арналған басқа да жоба ұйым­дастырылады. Бұл іс-шара­лар түркі дүниесі жас­тарының бірлігі мен шығар­ма­шы­лы­ғы­ның, жасампаздығының айқын көрінісі болмақ.

 

АЛМАТЫ