Іс-шара барысында Жұмысшы мамандықтары жылына және «Адал азамат» бағдарламасының іске асырылуына орай үлкен көрме ашылды.
Жиында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов білім мен технология тез өзгеріп жатқан уақытта елдің болашағы оқу сапасына тікелей байланысты екенін атап өтті.
Кеңеске арнайы келіп қатысқан Оқу-ағарту министрлігі аппаратының басшысы Тимур Әбілмәжінов мұғалімдерге жаңа оқу жылындағы басты бағыттарды, стратегиялық мақсаттар мен міндеттер жөнінде баяндады.
Сондай-ақ, «KIA Qazaqstan» зауытының бас директоры Ким Де Ки өңірде машина жасау өнеркәсібіне кадрлар қажет екенін тілге тиек ете келіп, бүгінгі таңда кәсіпорын Қостанай автокөлік колледжімен бірлесе отырып, сұранысқа ие мамандарды даярлау мәселесіне баса көңіл қойып отырғанын айтты.
Кеңес соңында озық мұғалімдер марапатталды. Мәселен, ардагер ұстаз, Қостанай қаласының құрметті азаматы Беген Көпешке «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы табыс етілді. Төрт мұғалім «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, 25 мұғалім облыс әкімінің грамотасын алды.
Бейімбет Майлин ауданының Сапар Ерғалиев атындағы жалпы білім беретін мектебі «Орта білім беретін үздік мекеме» атанса, Қостанай жоғары политехникалық колледжі «Техникалық және кәсіби білім беретін үздік мекеме» байқауының жеңімпазы атанды. Екі білім ордасына да 68 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Қостанай облысы