Таным • Кеше

Эмпатия сабағы

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Данияның білім жүйесінде ерекше бір сабақ бар. Ол – «Klassens tid», қазақшаласақ, «Сынып сағаты». Бұл дәстүр 1993 жылдан бері үзілмей келеді. Аптасына бір рет 6 жастан 16 жасқа дейінгі балалар сыныбында бас қосып, бір-бірімен еркін әңгімелеседі.

Эмпатия сабағы

Сурет: brightvibes.com

Бұл уақыт олардың жүректегі мұңды, қуанышты, ойды бөлісуге арналған. Бір оқушы үйдегі қиындықтарын жасырмай айтады, біреуі достарымен ренжіскенін жеткізеді, ал енді біреуі кішкентай жетістігімен қуан­тады. Ал мұғалім бұл жерде төрелік айтушы емес, тыңдаушы, бағыт беруші. Балаларға бір-бірін түсіну, жанашырлық таныту, қолдау көрсету үйретіледі. Кейде олар осы әңгімені өздері пісірген торттарын жеп отырып жалғастырады. Бұл даттарға тән «hygge» – қарапайым жылылық пен жанға жайлылықтың белгісі.

Ең қызығы, Дания заңдарында «эмпатия» жеке пән ретінде көрсетілмегенімен, ол балабақшадан бастап барлық білім жүйесіне енген. Арнайы «Step by Step», «CAT-kit» бағдарламалары арқылы балалар эмоцияны тануды, сезімді жеткізуді, жүздегі өзгерістерді аңғара білуді үйренеді.Сондықтан әр бала өз сезімін түсініп қана қоймай, өзгелердің де жағдайына үңіле алатын тұлға болып қалыптасады. Даниядағы білім берудің ­басты мақсаты – баланы тек ақылды емес, жақсы адам етіп тәрбиелеу.

Дания қоғамында эмпатия тек мектеппен шек­телмейді. Ол адамдардың күнделікті қарым-қатынасын­да, еңбек орнында, отбасында да көрініс табады. Сол себеп­ті де бұл ел әлемдік рейтингте үнемі «ең бақытты мем­лекеттердің» қатарында жүреді. Сарапшылардың ­айтуынша, бақыттың сыры – бір-бірін тыңдай білетін, түсінуге ­дайын қоғам құруда. Бір-бірінің қуанышын қызған­бай­тын, қайғысын бөлісе білетін адамдардан сенімге толы орта қалыптасады.