
Мысалы, сіздің досыңыз бір техника сатып алып, кейін өз үлесін сізге аударды. Не болмаса сіз анаңызға ақшалай көмек жібердіңіз. Осындай бір реттік немесе анда-санда болатын операциялар, әдетте, салық бақылауына ілінбеуге тиіс. Дегенмен тәжірибеде бәрі бірдей оңай емес. Неге? Өйткені кейде аударымға жазылған түсініктеме бәрін өзгертіп жібереді. Досыңызға «төлем» немесе «тауар үшін» деп жазып жібердіңіз делік. Банк пен салық комитетінің жүйесінде бұл бірден коммерциялық мәміле ретінде көрінеді. Егер дәл осындай сипаттағы операциялар жиі қайталанса, онда орган сізден түсініктеме сұрай алады. Сол себепті, мен клиенттеріме әрдайым «Аударымның мақсатын дұрыс көрсетіңіз» деп кеңес беремін. Айталық, досыңыз сізге қарызын қайтарды. Мұндайда түсініктеме жолына «қарызды қайтару» деп жазу жеткілікті. Анаңызға көмек ретінде жіберсеңіз, «анаға көмек» немесе «жеке қолдау» деп жазған дұрыс. Бұл ұсақ-түйек сияқты көрінгенімен, кейін салық органының алдында бәрін жеңіл түсіндіруге көмектеседі.
Егер аударымдарыңыз жиі, көлемді болып көрінсе немесе түсініктемесі күмәнді болса, салық органдары түсініктеме сұратуы мүмкін. Сіз дәлеліңізді көрсетіп, ақша аударымдарының жеке сипатта екенін түсіндірсеңіз, мәселе жабылады. Ал енді нақты қауіптің қайда екенін айтайын. Егер сіз тұрақты түрде үлкен сомаларды алып, кейін оны қайта басқа адамдарға жіберіп отырсаңыз, яғни ақша «айналым» жасап жатса, бұл күдік туғызады. Өйткені мұндай схема кейде кәсіпкерлікті жасыру немесе біреудің табысын жасыру үшін қолданылады. Сондықтан мұндай «қайтарымсыз айналымнан» сақ болу керек.
Қорытындылай келе айтарым – жеке сипаттағы аударымдарға әрқашан дұрыс түсініктеме жазыңыз. Ақшаны шамадан тыс аудармауға тырысыңыз. Әсіресе бірдей соманы қайта-қайта аудару күдік тудырады. Егер салық органынан шақырту алсаңыз, қорқудың қажеті жоқ. Бұл – тек түсініктеме беру рәсімі. Нақты дәлелдерді алға тартсаңыз, мәселе шешіледі.
Дайындаған –
Елігімай ТӨҢКЕР,
«Egemen Qazaqstan»