
Г.Ажығұлова облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған жәрмеңкелерге де тұрақты қатысып, осы саладағы әріптестермен іскерлік байланыстар орнатып үлгерді. Ол ауыл кәсіпкерлері шығарған бұйымдар мен тамақ өнімдерінің нарыққа шығуына «Бір ауыл – бір өнім» жобасы оң ықпал етіп келе жатыр дейді. Жақында ғана облыс орталығында өткен ауыл кәсіпкерлеріне арналған көрмеде Гүлзираның түрлі табиғи дәмдеуіштер қосылып, ысталып, кептіріліп, пісірілген шұжықтары әп-сәтте сатылып кетті. Осы жерде бизнесін кеңейтуге қатысты тиімді ұсыныстар мен кеңестер алды.
Жас келіншек бұл кәсіпке кездейсоқ келген жоқ. Бала кезінен малдың етін ұзақ сақтаудың тәжірибесін көріп өсті. «Әке-шешем Әйтеке би ауданында мал бағумен айналысты. Бала кезден ет сақтауды, ыстауды көріп келемін. Бірақ қойдың іш майы мен жылқы қазысы майының рәсуа болып жатқанын көріп, осы табиғи таза өнімді қайтып жаратсақ болады деген ой жиі мазалайтын. Әжем малдың тазартылған ішегіне ет пен сарымсақ, пияз, күріш қосып, өте дәмді шұжық дайындап, қысқы каникулға келетін студент балаларымызға сақтап қоятынын көріп жүрдім емес пе? Сөйтіп, құрамында химикат, соя жоқ, бірыңғай таза етке қойдың құйрығы мен қазы майын қосып шұжық шығаруды осыдан үш жыл бұрын қолға алдым. Ұсынысымды әке-шешем мен бауырларым бірден қолдады. Арты қалай болады деп жүрексінгендіктен, банктерден несие алғым келмей, жеке қаржымды шығардым. Жабдықтары мен басқа да ұсақ-түйек қажеттіліктері үшін 2 миллион теңге жұмсалды. Хромтау қаласындағы ет дүкенімізге Әйтеке би, Хромтау аудандарының шаруашылықтарынан ет әкелінеді. Шұжыққа қажетті басты шикізат – осы жерде болса да, оған әртүрлі қоспалар, құрал-жабдықтар керек. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары тамақ өнімдерін жасауда тазалық сақтауға қатысты ережелерді талап етеді. Шұжық жасауға қажетті жабдықтар мен арнайы қаптаманы Алматыдан алдырттым. Жасыратыны жоқ, басында қатты қиналдым. Бұрын жасамаған кәсіп, ұсақ-түйек кедергілері де бар. Бірте-бірте ісіміз жолға түсіп, жұрттың ықыласына ие бола бастадық. Сатып алған адамдар келіп, алғысын айтқанда, марқайып қаламын. Рас, шұжықтарымыздың бағасы арзан емес. Оны жасырмаймын. Өйткені бұл таза табиғи өнім. Шұжықтың бір түріне құйрық май қосылса, екіншісіне жылқы қазысының майы қосылады», дейді хромтаулық кәсіпкер Гүлзира Ажығұлова.
Программист мамандығын шұжық бизнесіне ауыстырған Гүлзира Ақтөбеге тұрмысқа шыққан соң кәсібінің аясын кеңейтті. Қаланың шетіндегі үлкен үйінің жаздық асүйінің бір жағы цех, екінші жағы – дүкен. Білетіндер осы жерден келіп сатып алады. Екінші жағынан кәсіпкер әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы онлайн тапсырыс қабылдайды. Шұжық жасаудың қыр-сырын Ақтаудағы кәсіпкерлердің тәжірибесінен үйренгенін жасырмайды. Гүлзираның айтуынша, мұның әдісі өте қарапайым, тек санитарлық ережелер қатаң сақталса болғаны. Ең алдымен жақсы жарықтандырылған жеке ғимарат пен мұздатқыштар керек. Шұжық түрлерінің жасалу әдісі өзгеше болса да, жасау технологиясының талаптарын бұлжытпай орындау өте маңызды. Ол үшін дәмдеуіштермен араластырылған қой, сиыр, жылқы етіне ұсақтап туралған құйрық май не қазы майы қосылып, арнайы жабдыққа салынып тартылып, қаптамаға салынады. Содан кейін шикі шұжық булап, ыстайтын екінші жабдыққа салынады. Бұл жерде шұжықтың бірнеше түрі дайындалады. Бағасы қымбатырақ, шамамен килосы 8 мың теңге болады. Ақтөбе дүкендеріндегі шұжықтардың ең төменгі бағасы шамамен 2000-2500 теңгенің арасында. Хромтаулық кәсіпкер шұжықтарының бағасы еттен екі есе қымбат деп біраз жұрт наразылық білдіргенімен, құрамын көрген соң түсінеді. Бұл жердегі басты қағида – сапалы, табиғи өнімнен жасалған ас арзанға бағаланбауға тиіс. Тағы бір сұрақ – ауыл кәсіпкерлерінің қолынан шыққан өнімдер неге дүкен сөрелеріне түспейді? Неге сырттан келетін шұжықтар кедергісіз қабылданады да, Гүлзира сияқты ауыл кәсіпкерлігін дамытып отырғандардың өнімдеріне кедергі көп? Мейлі, бірнеше тонналап шұжық шығаруға шамасы келмесе де, аз-аздап болса да, сатыла бермей ме? Гүлзира үйінің жанындағы шағын цехта екі адамды жұмысқа алған. Салықты да уақтылы төлеп отыр. Өзі сияқты кәсібін жаңа бастағандарға өнімдерін әлеуметтік желі арқылы сатуды ұсынады. Осы жерде тапсырыс бергендер арқылы өнімдерді жарнамалауға болады. Шұжық тез өтіп кететін тауар емес. Сондықтан кәсібін енді бастағандар үшін қолайлысы – онлайн сауда. Әлеуметтік желі арқылы хабарласып, тапсырыс бергендерге өнімді курьер арқылы жібереді. Ол кәсібінің аясын кеңейту үшін мемлекеттік қолдауға сүйенуді де жоспарлап отыр. Шұжық жасаудың қыр-сырын меңгерген кәсіпкердің болашаққа жоспары көп. Ең бастысы – тамақ өнімдерін өңдеу саласында артық шығынсыз өз жолын тапты. Ауылдың табиғи, таза шикізатын кәдеге жаратып, табыс табуды жолға қойғандар өңделген өнім түрлерін көбейтсе, ауыл бюджетіне түсетін салық та артады, жұмыссыздық та азаяды.
Ақтөбе облысы