Еңбек • Бүгін, 08:40

Мамандығын мақтан тұтады

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қай салада болсын білімді, білікті, тірлігіне тиянақты жұмысшының жолы ашық. Жастығына қарамай ересек адамдармен оңай тіл табысып, тындырымды жұмыс істесе, абыройымен қоса жалақысы да еселеп өсе береді. Электрик Мұрат Табатаев – кеше оң-солын танымаған жас болса, бүгін өз ісін жетік білетін білікті маман.

Мамандығын мақтан тұтады

Бурабайдың бауырында өсіп, бала жас­тан өлкенің тынысын, киесін таныған Мұраттың әзірге өзге қалаға барып жұмыс істегісі жоқ. Ол туған Ақылбай ауылы осы Бурабай ауданына қарайды. Орта мектептің 9-сыныбын тәмамдаған соң, Щучинск қаласындағы техникалық колледжде электрик мамандығына білім алды. Оқып жүргенде қоғамға, туған өлкеге пайдасы тиетін кәсіби маман болуды армандады. Мұрат бүгінде «Бурабай даму» серіктестігінде жұмыс істейді. Туристердің қарасы үзілмейтін табиғаты таңғажайып курортты аймақтың бір бөлігін жарықпен қамтамасыз етеді. Нақтылап айтсақ, серіктестікке қарасты Абылай хан алаңы, визит орталығы, «Burabayland» ойын-сауық паркі, «Ақбурыл» сынды бірнеше нысанның электр қуатына байланысты туындаған ақауларын дер кезінде реттейді.

«Бурабай даму» серіктестігінде екі жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Колледжді тәмамдаған соң, топ жетекшісінің ұсынысымен бірден осында орналастым. Ол кезде еңбек тәжірибем аз еді, аға буын әріптестерден үйренерім көп болды. Тоқпен жұмыс істеуге бала жастан қызығамын. Жалпы, біз секілді жастарға тәуір жалақы ұсынатын жұмыс көп. Келген жылы айына 170 мың теңге жалақы алсам, қазір табысым 300 мың теңгеге жетті. Білетін адамға менің мамандығым қиын емес. Қиын емес екен деп, қауіпсіздік шараларын сақтамасқа тағы болмайды. Мысалы, бүгін веложолаққа жарық түсіретін электрлі бағандарды тексеруге шықтым. Мұнда да сақ қимылдамасақ, қауіп-қатер табан астында», дейді Мұрат.

Он сегізінде жаспын демей, бірден маман­дығы бойынша жұмысқа кіріскен М.Табатаев­тың бүгінде біліктілігін растайтын құжаты бар. Қа­зір ол 3-разрядты электрик. 4-, 5-разрядты электрик санатын алуға жоғары білім қажет екен. Мұраттың келешекте энергоаудитор мамандығы бойынша жоғары білім алу ойында бар. Оған дейін тағы бірер жыл өскен өлкеге қызмет етуді перзенттік ­парызы санайды.