
Фото: Ақорда
«Биыл аймақтағы мемлекеттер басшылары кезекті Консультативтік кездесуде бас қосып, осы мәселелерді талқылаймыз. Қазақстан мен Қырғызстан Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да құрылымдар аясында табысты серіктестік орнатқан. Бұл ретте, Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттары бойынша өңірлік орталығын құруға қолдау көрсеткені үшін қырғыз тарапына алғыс айттық. Біз Қырғызстанның 2027-2028 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуын толық қолдаймыз. Қырғыз елінің Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы төрағасы ретінде атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалаймыз.
Қырғыз бауырлар да Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі аясындағы бастамаларын үнемі қолдап жүреді.
Біз бұған ризашылығымызды білдіреміз. Жалпы, бұл сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсері анық. Бүгінгі келісімдер – соның айқын дәлелі. Енді, соларды тиімді жүзеге асыру маңызды. Қазақ тарапы бұл үшін қажетті әрекеттерді жасауға дайын», деп қорытындылады сөзін Мемлекет басшысы.
Президент Садыр Жапаров Бішкек төріндегі бүгінгі келіссөздердің қорытындысы нәтижелі болғанына назар аударды
Оның айтуынша, елдеріміздің арасында өзара сауда-cаттықтың жандануына, инвестиция тартуға және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайтуға оң септігін тигізетін қолайлы саяси ынтымақтастық қалыптасқан.
«Қырғыз-қазақ мемлекеттік шекарасындағы индустриялық сауда-логистикалық кешенінің құрылысы, Алматы облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау үшін көтерме сауда-тарату орталығын ашу, «Алматы – Ыстықкөл» автокөлік жолын салу секілді бірлескен жобаларға айрықша мән берілді. Біз сауда көлемін ұлғайту, өзара сауда-cаттықтағы тауарлар номенклатурасын кеңейту және бизнеске қолайлы жағдай жасау мәселелерін талқыладық», деді Қырғыз елінің басшысы.