Фармацевтика • Бүгін, 08:45

Дәрі-дәрмек сапасы тұрақты бақыланады

0 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Таяуда журналистер үшін Шымкенттің «Polpharma Santo» зауытына баспасөз туры ұйымдастырылды. Онда БАҚ өкілдері өндірілген дәрі-дәрмекті таңбалау жұмыстарымен таныс­ты. Аталған іс-шараны қала әкімдігі, Денсаулық сақтау министрлігі сондай-ақ «Tanba» Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторы ұйымдастырды.

Дәрі-дәрмек сапасы тұрақты бақыланады

«Polpharma Santo» кәсіпорны – республикадағы ең ірі дәрі-дәрмек өндіретін зауыттардың бірі. Кәсіп­орында дәрілер тек таблетка түрін­де ғана емес ампула күйінде де шыға­ры­лады. Бұл өндіріс орнын күрделі препараттар шығаратын заманауи кәсіпорындар санатына қосып отыр. Бүгінде зауыттан өндірілген дәрілер мемлекеттік сатып алу әдісімен еліміздегі барлық аурухана, емдеу мекемелеріндегі қажет­тіліктің 30 пайызын қамтама­сыз етеді. Сонымен бірге еркін на­рықта да отандық дәрі-дәрмектер шетелдік балама нұсқаларға едәуір бәсекелес. 2011 жылы зауыт жеке қолдан әлемдік дәрі-дәрмек өндіруші компания «Polpharma» тобының қарамағына өткен соң екінші тынысы ашылады. Жаңа инвестицияның нәтижесінде кәсіп­орын толық жаңғыртудан өтіп, өндіріс ауқымы кеңи түседі. Өндірілетін дәрі-дәрмектер тізімі жаңа препараттармен толығып, отандық фармакологияның дамуы­на үлкен септігін тигізеді. Сапалы өнім арқылы кәсіпорын беделі артып, дәрі-дәрмек нарығында дәрежесі көтеріліп келеді. Ал былтырдан бастап жаппай енгізілген таңбалау жүйесі халықтың елімізде сатылатын дәрілік препараттарға деген сенімін күшейтті. Жалпы кез келген тауардың қолдан жасалған нұсқалары болуы мүмкін. Ондай контрафактілік өнімдерді әртүрлі заттан табуға болады. Соның ішінде дәрілік препараттар да бар. Жасанды дәрілік заттар жасырын жолмен нарыққа өтіп, тұтынушының қолына тиюі ықтимал. Сыртқы қорабы, атауы бірдей дәріні тұтынушы еш ойланбастан сатып алып, пайдаланады. Ал ертеңгі күні ол адам­ның денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Тіпті сапасыз дәрінің салдарынан қайғылы оқиғаларға душар еткен жағдайлар да кездескен. Осындай алаяқтық ауыр қылмыспен күресу үшін елімізде дәрі-дәрмекті таңбалау әдісі енгізілді. Бұл таңба қораптың сыртына жазылады. Арнайы штрих-кодтың ішінде препараттың сипаттамасы, шығарылған күні, жарамдылық мерзімі, қысқасы бүкіл тарихы жазулы тұрады. Дәріханаға келген әрбір клиент осы таңба арқылы препараттың сапалы өнім екендігіне көз жеткізе алады. Бүгінде «Polpharma Santo» зауытында шығарылатын барлық дәрілік өнімге таңба қойылады. Әрі бұл жұмыстар қатаң бақылауда болады. Егер тексеріс барысында бір дәрінің таңбасы оқылмай қалса, ол жарамсыз деп танылып, әрі қарай сатылымға жіберілмейді.

лекар

Сондай-ақ зауыт жұмысын таныстыру барысында мамандар таңбалау бірінші кезекте Денсаулық сақтау министрлі­гіне өңірлердегі дәрі-дәрмек қоз­ғалысы туралы нақты деректер алуға мүмкіндік бергенін айтты. Елдегі дәрі-дәрмек қозғалысы, оның көлемі белгілі болғандықтан министрлікке алдын ала жос­пар құруға, болжамдар жасауға, сол арқылы дәрілік препараттарды барлық өңірге теңдей бөліп, ешқандай тапшылыққа жол бермеуге мүмкіндік туды. Осы таңбалаудың нәтижесінде денсау­лыққа жауапты ведомство әрбір қаптаманың өндірістен бастап, тұтынушының қолына жеткенге дейінгі барлық тізбекті нақты уақыт режімінде бақылауға мүмкіндік алды. Сондықтан мамандар бұл жүйенің фармацевтика нарығын реттеудегі негізгі құралдың біріне айналғанын атап өтті. Бұрын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген түрі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында заңсыз дәрі-дәрмек айналымын бақылау қиын еді. Соның салдарынан аурухана мен емханаларда тегін берілетін дәрілер кейде заңсыз жолмен жеке дәріханаларға өтіп кетіп жататын. Енді Бірыңғай оператор таңбалау арқылы ұрланған дәрілерді, заңсыз есептен шығарылған препараттарды бірден анықтай алады. Яғни жаңа жүйенің көмегімен бүгінде бұл мәселе өз шешімін тапты.

Бірыңғай оператордың таң­балау жобасының жетекшісі Анар Кәрібаеваның айтуынша, міндетті таңбалау енгізілгелі бері емдеу мекемелерінде дәрі­лер­ді жымқыру оқиғалары азай­ған. Мәселен, кейінгі кезде еліміз­де амбулаторлық емдеу ме­кемелерін дәрі-дәрмекпен қамта­ма­сыз етуге 24,2 млн, ал стацио­нарлық емдеу ұйымдарына 45,4 млн дана препарат берілген.

А.Кәрібаеваның мәлімдеуінше, бүгінде елімізде тәулігіне жарты миллионнан астам таңбаланған дәрі-дәрмек сатылады. Биылғы тамыздағы сатылым қарқыны тәулігіне 40-580 мыңды құрапты.

«Таңбалау жүйесіне көшу біздің зауыт үшін маңызды қадам. Кәсіпорындағы сериализация жүйесі – жоғары технологияның бір көрінісі. Заман өзгеріп әлем жаңа технологияларға қадам басып барады. Біз де көштен қалмай сол жаңаша тәсілдерді өзіміздің кәсіпорында қолдануға тырысып жатырмыз. Қазір кез келген өндірістің негізгі міндеті – нарықтағы бәсекелестікке төтеп беру. Ол мақсатқа жету үшін өнім бағасы мен сапасы жағынан сұранысқа сай болу керек. Ал бұл жоспарды орындау бірінші кезекте еңбек өнімділігіне тікелей байланысты. Еңбек өнімділігін арттыратын басты жол – жаңа технология. Сонымен бірге заманауи құрал-жабдықты игеретін кадр да мықты болуы керек. Мемлекеттің дамуын қамтамасыз ететін табиғи қазба байлықтары, мол инвестициялық қаражат емес, оның адам капиталы. Білікті маман бар жерде өндіріс те дамиды. Міне, осы мақсатқа орай біз жаңа құрал-жабдықтар сатып алуға, сондай-ақ қызметкерлерді оқытып, біліктілігін арттыруға 2 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция жұмсадық. Бүгінде біздің өндірістік алаңдағы 8 қаптау желісі сериализация және агрегация жүйесімен толық қамтамасыз етілген. Сапалы өнімдер шыға­ру арқылы Шымкенттің фармацев­тикалық кәсіпорны отандық тұты­нушылардың зор сеніміне ие болып отыр. Біздің негізгі міндетіміз де осы еді. Яғни халыққа керек дүние жасау арқылы елдің алғы­сын алсақ деген ниетіміздің орындалып жатқанына, сондай-ақ отандық фармакологияны дамы­тумен мемлекеттің өсіп-өркен­деуіне үлес қосып отырғанымызға қуаныштымыз», деді «Polpharma» тобы­ның өндірістік қызмет жөнін­дегі жетекшісі Томас Номеггер.

Медициналық және фармацев­тикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша депар­таменті басшысының міндетін атқарушы Айгүл Садықованың айтуынша, Сауда және интеграция министрінің «Таңбалауға жататын тауарлардың тізбесін айқындау тура­лы» бұйрығымен өткен жылғы шілдеден бастап өндірілген барлық дәрілік заттар міндетті таңбалауға көшті. Бұл жүйені қадағалау, оның жұмыстарын реттеу Денсаулық сақтау министрлігінің негізгі міндеттеріне кіреді. Бұйрық талабына сәйкес елімізде өндірілген немесе сырттан әкелінген, қоймада сақталған барлық дәрілік препарат таңбалануға тиіс. А.Сады­қова елімізде дәрілік заттарды таңбалау пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олар­дың заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтуге үлкен көмегін тигізетінін атап өтті. Сондай-ақ ол таңбалау жүйесімен халық­тың тұтынушылық көзқарасы оң бағытқа өзгеретінін, дәрі-дәрмек сапасын бақылау жақсара түсе­тінін, ең бастысы сапалы өнім­дердің арқасында адамдардың денсаулығы нығаятынын айтты.

«Таңбалау әдісінің тағы бір артықшылығы, провизор дистрибьютордан дәрі-дәрмек­тер­ді қабылдамас бұрын өнім­дер­дің түпнұсқалығын тексе­ріп, оның контрафакт немесе контра­бандалық жолмен кел­ме­геніне көз жеткізе алады. Соны­мен қатар бұл жүйе дәріхана желі­леріне қалдықтарды дәлірек есепке алуға, сатып алуды жоспарлап, сұраныстың өзгеруіне қарай жедел әрекет етуге көмектеседі. Сондықтан таңбалау жүйесімен дәріханалардың да дәрілік препарат өндірушілердің қызмет сапасы жақсарып, олардың ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі артып келеді. Осылайша, цифрлық таңбалау мен қадағалау жүйесінің көмегімен халықты дәрі-дәрмек­пен қамтамасыз етуде ашықтық, мөлдірлік пен қауіпсіздік шараларын жүзеге асыруға мүмкіндік туып отыр», деді А.Садықова.

Жоғарыда атап өткеніміздей, таңбалау тек мемлекеттік мекеме­­лерге немесе фармацевтика сала­сында өнім шығарып отырған өндірушілерге тиімді әрі қара­пайым халыққа да пай­да­лы. Өйткені әрбір клиент дәрі­хана­дан препарат сатып аларда қап­тамадағы «Data Matrix» кодын «Naqty Onim» мобильді қосымшасы арқылы сканерлеп, түпнұсқалығын тексере ала­ды. Еліміздің заңына сәйкес был­тырғы шілдеден бас­тап елі­мізде өндірілетін немесе сырттан импортталатын дәрілік препарат­тардың барлығына да таңба қою міндеттелген. Сол үшін егер дәрі қаптамасында код болмаса немесе қосымшада оқылмаса, тұтынушы таңбалау жүйесіне өз шағымын қалдыра алады. Бұл арнайы орындардың анықталған заңбұ­зушылықты дереу қалпы­на келтіруге және тиісті шаралар қабыл­дауына септігін тигізеді дейді мамандар.

Соңғы жаңалықтар