
Сурет: ortalyq.kz
Абай қаласындағы полигон партияның сайлауалды бағдарламасы аясында әкімшілік ғимараты, медициналық пунктті және қызметкерлерге қажет барлық инфрақұрылымы бар толыққанды кешен ретінде салынып жатыр. Мұнда қуаты жылына 15 мың тонналық қалдықтарды сұрыптау желісі жұмыс істейді. Пластикті қайта өңдеуге арналған пресс-станоктар мен жабдықтар да қарастырылған. Шикізатты уақытша сақтауға арналған алаңдар мен қалдықтарды көмуге негізделген траншеялар бар. Сондай-ақ нөмір бекіту жүйесі енгізілген электронды автомобиль таразылары орнатылған. Нысанды қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жұмысымен айналысатын арнайы кәсіпорын пайдаланады. Осылайша, Абай ауданында жаңа жұмыс орындары ашылады. Оған қоса тұрғындардың экологиялық қауіпсіздігіне кепілдік беріліп, қоршаған ортаның жай-күйіне заманауи бақылау жасалады.
Н.Шаталов полигон құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру және заманауи өңдеу технологияларын енгізу бойынша берген тапсырмаларын жүзеге асырудағы нақты қадам екенін айтты.
– Қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған заманауи полигон салу экологиялық жағдайды едәуір жақсартуға, озық өңдеу технологияларын енгізуге, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл – өңірді дамыту және тұрғындардың тұрмысын жақсарту ісіне қосылған үлкен үлес, сондай-ақ сайлаушыларға берген уәдеміз орындалып жатқанының нақты көрінісі, – деді Н.Шаталов.
Бұдан басқа, «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Қарағандыда қатты тұрмыстық қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарататын зауыт құрылысы жоспарланған. Ал облыс аумағында 2027 жылға дейін сұрыптау желісі бар тағы 6 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу көзделіп отыр.
Өңірлерге сапар барысында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Ержан Бейсенбаев Шымкент қаласындағы «Авангард» шыны зауытына барды. Еліміздегі табақ шыныны өңдеу және шыны пакеттер өндіру саласындағы жетекші кәсіпорын құрылыс пен өнеркәсіпке арналған халықаралық стандарттарға сай сапалы өнімдер шығарады. Олар жарық өткізу қабілеті жоғары әрі соққыға төзімді.
Е.Бейсенбаев зауыттың тыныс-тіршілігімен танысып, өндіріс қызметкерлерімен әңгімелесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Онда кәсіпорынның бірқатар қиындыққа да тап болып отырғаны айтылды. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты зауыт басшылығы көтерген мәселелерді мұқият тыңдап, оларды құзырлы мемлекеттік органдармен бірге қарастыратынын жеткізді.
– Электр энергиясы тарифінің қымбаттауы, станоктарды сатып алғанда оны шығын ретінде көрсете алмау және соған да қосымша құн салығын төлеу, сондай-ақ экспортқа шығару кезінде шекарада өнімнің көп ұсталып қалуы кәсіпорын үшін елеулі қиындықтар тудырып тұрғаны айтылды. Оларды құзырлы органдармен бірлесе қарастырамыз. Сонымен қатар зауытқа жастарды көбірек тарту да маңызды, – деді Е.Бейсенбаев.