
Балаларға онлайн-алаяқтықтың ең көп таралған тәсілдері туралы айтылып, киберқылмыскерлердің құрбанына айналмаудың практикалық жолдары түсіндірілді. Әсіресе әлеуметтік желілердегі қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінді: құпиялылықты дұрыс баптау, жеке деректерді таратпау, бейтаныс адамдармен хат жазыспау және онлайн қарым-қатынаста сақ болу қажеттігі ескертіледі.
Кездесудің жеке бір бөлігі интернет-буллинг мәселесіне арналды. Өйткені желідегі қорқыту мен кемсіту шынайы өмірдегідей қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай жағдайды жасырып қалмай, міндетті түрде ересектерге, ата-анаға немесе мұғалімге айту маңызды. Ал егер жағдай күрделі сипат алса, дереу полицияға «102» нөмірі арқылы хабарласу қажет.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, цифрлық қауіпсіздік – әрбір адамның жауапкершілігі. Уақтылы алынған білім балаларға виртуалды кеңістікте өздерін сенімді әрі қорғалған сезінуге мүмкіндік береді.