Таным • Бүгін, 08:00

Елпі

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құстың екпін алып, ұшып-қонуына бағыт беріп отыратын – оның құйрығы. Құс сыпыртып ұшқанда бағытын тежеп, керек кезінде, тоқтата алу құйрық атқаратын іс. Мысалы, шапшаң ұшып, кенет тоқтай алатын қаршыға мен тұйғынның құйрығы ұзынырақ келеді. Қазақтың «құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады» дегені осы.

Елпі

А – қауырсынның көбе жағы; Б – қауырсынның жебе жағы

Ал бүркіттің жүні және қауырсынның түбінен ұшына дейін екі жағына симметриялық тәртіппен өсіп шыққан қылшықтарды елпі деп айтады. Осы қылшық талшықтар тісшелері арқылы өзара бір-біріне жалғасып, сырттай қарағанда қауырсын елпілері бүтін зат сияқты көрінеді.

Қаз-қатар тұрған қауырсындар астынан артына қарай жабысып, елпінің кең қияқты көбе жағы, қауырсынның үстінен алдына қара елпінің тар қияқты жебе жағы айқаса басып тұрады. Елпілерінің тығыздығы, елпілерінің өзара жиілігі жауын-шашын, жел-құз өткізбейді.

Оның үстіне қауырсындар мен жүндер де қабат-қабат бірін-бірі нығарлап, мамық басқан дене жылылығынан айырылмайды. Әрі жеңіл, әрі берік, әрі жылы елпілерді құстың кіреукелі жамылғысы десе де болады. Аңмен айқас кездерінде елпілер ыдырайды, қауырсындар сынады. Ыдыраған елпіні құс тұмсығымен тарап, табиғи қалпына келтіреді. Ал сынған қауырсынды құсбегілер жамап-жасқап бүтіндейді, өз орнына келтіреді.

Қазақ құсбегілері бүркіт тырнағының теріге тірелген кепсер сызығын көбе десе, қанат пен құйрықтың ауаны жарып ұшатын алдыңғы қырлары, шеткі қырларын жебе дейді. Сол сияқты қауырсынның етке кіріп тұрған елпісіз жағын көбе деп, қауырсынның елпі бөлегін жебе деп атап жүр.

Құс тұмсығымен таранғанда әуелі реті бұзылған елпілерін түзейді. Елпілерін жай тарап қоймайды, сілекейлеп майлайды. Құстың құйрығындағы көбе қауырсын түбінде май бөлетін безі болады. Құс тұмсығымен осы безді қысқанда тұмсығына май жұғады. Осы маймен құс құрғаған елпілерін майлайды. Құсбегілер осы май бөлетін безді «май сауыт» дейді.