Тағзым • Бүгін, 08:10

Өрісті өнеге қалдырған

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ журналистикасы талантты бір аяулы жаннан ­айырылды. Танымал журналист, «Egemen Qazaqstan» газетінің қызметкері  Айгүл Аханбайқызы дүние салды.

Өрісті өнеге қалдырған

Сурет: malim.kz

Қаламы қарымды әріп­тесіміз қазіргі Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Ойтоған ­ауылында өмірге келген. Бұл – қазақ жырының құлагері Ілияс Жансүгіров туған мекен. Жас күнінен атақты ақын өлеңдерінен нәр алған Айгүл қара сөзді пір тұ­тып өсті. Оқу­шы кезінен аудан­дық газет­терге мақалалары жариялан­ды.  Алматыға арман қуып келіп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­­­тық университетінің Журналис­ти­ка ­фа­культетіне түсті.  Жоғары ­­оқу орнында оқып жүріп, ­ең­­бек жолын Алматы облыстық «Жетісу» газетін­де тілші болып бас­тады. Осындағы аға буын өкілдерінің тәлімін алды. Қол­таңбасын қалыптастырды. Со­дан кейін республикалық «Жас Алаш» басылымына ­ауыс­ты. Тоқсаныншы жыл­дардың соңында жастар газеті жаңа тыныспен жарқырап шық­ты. Оны оқырмандар іздеп оқитын. Айгүл­дің де осы газетте жұлдызы жанды. Есі­мі елге танылды. Оның әлеу­мет, руханият, мәдениет та­қырыбындағы ма­қалаларын жұрт сүйіп оқыды. Өнер май­талмандарынан алған сұхбатта­ры  елдің қолынан түспеді. Кез келген мәселені тереңнен толғап жаз­ды. Театрды бүге-шігесіне дейін білді. Одан соң «Қазақ әдебиеті», «Айқын», «Халық сөзі» басылымдарында еңбек етті. М.Әуезов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық театрының бас­­пасөз қызметінде істеді. Ол қандай ба­сылымда қызмет атқарса да жайдары мінезімен, әдемі күлкісімен, парасатты бол­мысымен, еңбекқорлық қасиеті­мен сыйлы болды.  Өзі­нен кейінгі жастарға үлгі көрсетті.

Шын мәнінде, ол – қолтаң­басы айшықты журналист еді. Сыршыл қалам иесі болатын. Оның жазған дүниесінен тұ­нық судай мөлдірлік, тазалық, шынайылық есіп тұратын. Айгүл Сайын Мұратбеков туралы жазған мақаласында: «Зер қадірін зергер білер» де­ген зерделі сөз қадірін Са­йындай білген жазушы кем­де-кем шығар деген ой ке­леді. Ағылған-төгілген сөз тас­қынынан туатын кере қарыс романдарды жазу бір басқа да, қысқа əңгіме жазудың басты ерекшелігі – көп сөзге ұрынбай, Бейімбетше ондыққа дəл тигізіп жазу – ол басқа. Қазақ прозасындағы қысқа əңгіме жазу жанрында бұл тəсілді дəл Сайын Мұратбековтей меңгерген ешкім жоқ», деп баға береді. Дәл осы сөзді ауыспалы мағынада автордың өзіне де қаратып айтуға болады. Ол да көп сөзге ұрынбай, ойын ондыққа дәл жеткізетін.

Белгілі журналистің осыдан он үш жыл бұрын шыққан «Оқырман күткен әңгіме» ат­ты кітабын оқырмандар өте жылы қабылдады. Мұнда ав­тор қазақтың қабырғалы ақын-жазушыларының шығар­малары жайында сыр шертеді. Олардың жазу шеберлігіне үңіледі. Кейіпкерлерінің тарихына тоқталады. Әсіресе ешкімге сыр аша қоймайтын аса көрнекті суреткер Мұхтар Мағауиннен алған сұхбатын қызығып оқисыз.

Айгүл Аханбайқызы өмі­рінің соңына дейін «Egemen Qazaqstan» газетінде аянбай қызмет етті. Ауыр дерт қан­ша қинаса да ешкімге сыр білдірмеді. Басылым бе­тінде ойлы сұхбаттары мен маз­мұнды мақалалары жиі жарық көрді. Еңбегі де ескерусіз қал­мады. Былтыр Ақордада Пре­зидент қолынан «Құрмет» орденін алды. Сонда ерекше қуанып еді. Бірақ халқымыз «Жазмыштан озмыш жоқ» деп айтады. Әрине, оның журналистикада қалдырған ізі ешқашан өшпейді деп сенеміз. Марқұмның жұбайына, ұлы мен қызына, ағайынына қа­ламгер әріптестері атынан кө­ңіл айта отырып, Айгүл  Ахан­байқызы қалам қуатымен, адам­шылығымен соңына ізгі жол, өрісті өнеге қалдырды, ен­ді Жаратқан Ие осыны ұмыт­пауды, әркез жадымызда жаң­ғыртуды нәсіп етсін дегіміз келеді.

 

«Қазақ газеттері»

серіктестігінің ұжымы