ЖОЛДАУ • Бүгін, 08:45

Тазалықтың тұрлаулы жолы

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет қаулысымен «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген еді. Оның басым бағыты экологиялық мәде­ниетті қалыптастыруға, тақырып аясында жастарға білім беруге, ақпараттандыруға негізделген.

Тазалықтың тұрлаулы жолы

Осы орайда өткен жылдан бері ел көлемінде көп­теген іс-шара қолға алынып, аталған акция шын мәнінде жалпыұлттық сипатқа ие болды. Экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасында бірнеше жылдық жоба-жос­пар бекітілген соң күтетін нәти­же­лер де ауқымды. Мысалы, 2029 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу ісін 25%-дан 38%-ға дейін арттыру көзделген. Эко­логиялық тәр­биені нығай­ту іс-шараларына тар­тылған оқушылар үлесін 15%-дан 40%-ға дейін ұлғайту жос­пар­ланған. Сол секілді азамат­тар­дың экологиялық өмір сапа­сы­на қанағаттану деңгейін 55,8%-дан 64,7%-ға дейін жоға­ры­ла­ту мақсаты тұр. Осы ара­лық­та қоғам­дық орындарда ком­­м­унал­дық қалдықтарды бөлек жи­най­тын жәшіктер ор­на­­ту­­ға ба­сымдық беріледі. Осы­лай­ша, экологиялық қауіп­­сіз тә­жі­­ри­белерді енгі­зіп, қор­ша­ған ор­таны ластау­ға «нөл­дік төзім­­ділік» мәде­ниетін қа­лып­тас­тыру көздел­ген. Тұжырым­дама шең­бері­нде был­тыр және биыл ұйым­дас­тырыл­ған эколо­гия­­лық іс-шаралардың саны мың­­­нан асты. Демек Мем­ле­кет бас­­шысы айтқандай, таза­лық­қа ша­қыр­ған үндеу уақытша нау­қан дең­гейінде қалып қойған жоқ, көп­шіліктен кеңінен қолдау тапты.

«Өздеріңіз білетіндей, тұжырым­даманы іске асыру жөнінде жоспар бекітілді. Оған көгалдандыру, абаттандыру, эковолонтерлік, экологиялық конкурс­тар өткізу, халықтың экология­лық білімі мен мәдениетін арттыруға септесетін іс-шаралар жиын­тығы кіреді. Жергілікті атқарушы органдар тұжырымдаманы іске асыру бойын­ша өңірлік іс-қимыл жос­парларын қабылдады. «Таза Қазақстан» эколо­гиялық бастамасы іске асқан кезеңнен бастап ел аумағында 1 117 экологиялық акция өтті.  «Таза мамандық – таза өңір», «Қасиетті мекен», «Таза өлке», «Мөлдір бұлақ» сынды іс-шараларға 10 млн 400 мыңнан астам адам қатысты. Оның 586 мыңы – еріктілер. Осы аралықта 1 млн 600 мың тоннадан астам қалдық жиналып, 859,6 мың гектар аумақ тазартылды. Бастама аясында жыл сайын 3 млн ағаш отырғызу жоспарланған»,  дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Дәулет Есмағамбетов.

«Таза Қазақстан» тұжырым­дама­сының негізгі бағыттарының бірі – қал­дықтарды жою, реттеу, қайта өңдеу­мен байланысты. Нақты деректерге үңілсек, елімізде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық жиналады екен. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі былтыр 25,8%-ды құраған. Бұл бағыттағы жұмыстарды ілгерілету үшін инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп отыр. Бүгінде қатты тұрмыстық қалдықтар саласы бойынша 67 жоба мақұлданып, оған 346,6 млрд теңге қарастырылған. Еліміздегі барлық дерлік қалада қазір экобокс­тар мен фандоматтар көптеп орнатылып жатыр. Олар қайта өңделген заттар үшін бонус­тар төлейді. Мысалы, жеке бизнестің бастамасымен Астана, Алматы, Ақтөбе мен Өскеменде пластик пен алюминий жинауға арналған жүздеген фандомат орнатылады. Бұдан өзге, тамыздың соңына дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қанатқақты жобасы аясында Астана мен Жезқазғанның 129 мектебінде қоқысты бөлек жинауға арналған 1000-нан астам экобокс қойылады. Есесіне, полигондарға тонналап жіберілетін қалдық көлемі біршама азаюы керек.

«Заңсыз полигондарды жою мәселесі мемлекеттік экологиялық саясаттың өзекті міндеттерінің бірі болып қала береді. Кейінгі жылдары заңсыз поли­гондардың азайғанын байқап отырмыз. Егер 2020 жылы жою деңгейі 66% ғана болатын 8884 полигон анықталса, 2024 жылы олардың саны 4 886-ға дейін азайып, оның 93% жойылды. Биыл ғарыштық мониторинг деректері бойынша 2 707 полигон тіркелді. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай аз, дегенмен бүгін сол анықталған полигондардың 672 нысаны немесе 24% ғана жойылды. Әсіресе Абай, Жетісу, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында полигондарды жою баяу жүріп жатқаны байқалды. Ал жақсы нәтиже көрсеткендердің қатарында Алматы – 100% (53 полигон), Қызылорда – 99% (112), Павлодар – 97% (165), Қостанай облыстары 89% (67) тұр. Қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптарды бұзғаны үшін оның ішінде заңсыз полигондарды жою бойынша жеткіліксіз жұмыс үшін 87 лауазымды тұлға, оның ішінде 10-нан астам аудан және қала әкімінің орынбасарлары жалпы сомасы 12,4 млн теңге әкімшілік жауапкершілікке тартылды», дейді Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов іс жүзінде қолға алынған жұмыстың ретін баяндап.

«Таза Қазақстан» жобасы аясында көгал­дандыру жұмысына да көп көңіл бөлін­ді. Мәселен, мемлекеттік орман қоры аумағында 1 млрд 369 млн көшет, оның ішінде Арал теңізінің құрғаған табаны­на сексеуіл көшеттерінің 48,7 млн дана­сы егілген. Өткен жылдың соңында Қаза­лы қаласындағы 33 гектар алаңда қуаты жы­лына 3 млн көшет болатын орман шаруа­шы­лығының құрылысы аяқталды. Онда агротехникалық талаптар ескеріле келе, 10 гектар алаңға сексеуіл тұқымы егілген.

Бүгінде қоғамдық бақылауды күшей­ту үшін Telegram-да @TazaQazBot чат-боты жұмыс істеп тұр.  Осы арқылы тұрғын­дар қоқыс үйінділерінің пайда болу фактілері туралы тікелей хабарлап, фотосуретті де қосып тіркей алады.  Жыл басынан бері порталға осындай 17 мыңға жуық өтініш түсіп, оның 15 мыңнан астамы орындалған. Өтініштердің басым бөлігі аумақтарды тазалау, көшелерді абаттандыру және тұрмыстық қалдық­тарды шығару мәселесіне қатысты болып отыр. Демек, Telegram – чат-бот поли­гондарды анықтап, жоюға жәрдем­десетін және бұл істе жергілікті атқару­шы органдардың ашық­тығын қамта­масыз ететін таптыр­мас құрал болды. Бастысы, осы арқы­лы жұртшылық эколо­гиялық мәселелер­ге, табиғатты аялауға бейжай қара­май­тынын байқатты. Шын­туай­тында, экологиялық акция аясында қабыл­­даған іс-шаралар табиғатты таза ұс­тау­ға ғана емес, экологиялық жалпы мәде­ниетті өзгертуге әсер етеді. Был­тыр тұ­жы­рымдамаға сәйкес өткен ак­ция­ларға әрбір үшінші отандасы­мыз қа­тысса, биылғы көрсеткіш бұдан да жо­ғары болады деген үміт бар. Бұл же­ті­стікті біз халықтың туған өлкеге деген жанашырлығынан, сүйіспеншілігінен деп түсіндік.