Футбол • Бүгін, 08:13

Азаматсың, Темірлан!

460 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ала доптың аламанына қосылған қазақ жастары аз емес. Кейінгі кезде қазақ футболында жарқырай көрінген қандастарымыздың қатары көбейе бастады.

Азаматсың, Темірлан!

Қазақ жастарының арасында алаңда шиыр­шық атқан шабуылшы, қарсыласты қақ­паға қарыс қадам бас­тырмайтын қорғау­шылар бар. Ал қақпашының жөні тіптен бө­лек. Өз биігінен түспей келе жатқан «Қай­­рат­тың» шотландиялық «Селтик» коман­да­сы­мен кездесуінде тағы бір ұлан қазақ қоға­мының сүйіспеншілігін арттырды. Ол – байыр­ғы команданың қақпашысы Темірлан Анарбеков.  

Санаулы сәтте қазақ футболының даң­қын асырған қақпашының кіндік қаны 2003 жылғы 14 қазанда  Атырау қаласының маңындағы Водников елді мекенінде тамған. Бала күнінен ала допқа аңсары ауған жас өрен футболдағы қадамын 11 жасында бастапты. Бірақ өзі «Футболға кеш келдім. Балалармен бірге доп қуып жүретін едік. Сол кезде «Атырау» командасының футбол орталығына балаларды іріктеп жатқанын естідік. Біз де орталыққа бардық», дейді.

Бастапқыда алаңдағы ойыншы бо­луды мақсат еткен екен. Алайда адам­ның ойлаға­ны бола бермейді ғой. Жаттықтырушылар оны бірін­ші құрамның ойыншысы ретін­де емес, екінші лекке қабылдапты. «Бұл құрам­да қақпашы жоқ екен. Жат­тықтырушы мені алғашқы сәтте қақ­паға тұрғызды. Ол кезде бойым ұзын емес еді. Соған қарамас­тан бірнеше доп­ты кері қайтардым. Соны көр­ген жаттықтырушы маған қақпашы болуға ұсыныс жасады. Футболшы болуды армандап жүргендіктен, бұл ұсыныстан бас тарта алмадым», дейді Т.Анарбеков.

«Атырау» клубының футбол орта­лығында үш жыл жаттығып, жер­гілікті балалар командасының қақ­пасын қорғады. Оның мұнайлы өңірдегі ізашар қадамына куә бол­ған жаттықтырушыларының бірі «Темірланның бала күнінен фут­болға ­ұмтылысы  байқалып тұрды. Шеберлігін шыңдай түссе, болашақта мықты қақпашы боларына үміт арт­тық. Ал 2017 жылы оны «Қайрат» командасының академиясына шақыр­ды. Ата-анасы да, біз де жас өреннің ба­ғы­н байлағымыз келмеді. Сол кезде оның жасы – 14-те еді», деген пікірін бөлісті.

Футбол ойынының қыр-сырына қанық жаттықтырушылардың айтуынша, қақ­пашы болу оңай емес. Өйткені команданың жеңісі қақпаны қорғайтын қақпашының шеберлігімен ұштасып жатады. Басқаша айтқанда, қақпашы 90 минут бойы ұстараның жүзінде тұрады. Талмай ізденген қақпашы ғана шеберлігін шыңдай алады. Әр қателіктен сабақ алуы қажет. Тіпті әр футболшының қимылын тамыршыдай тап басатын психолог те болғаны жөн.

Міне, осы тұрғыдан ой өрбіткенде, «Қайраттың» қақпасын қорғаған әйгілі қақпашы Құралбек Ордабаевтың 1973 жылы КСРО чемпионатындағы ойында 15 пенальтиді қақпаға жібермегені еске оралады. Қарсылас команда ойыншыларының шалт қимылын қалт жібермеген кәнігі қақпашы ойын кезінде екі, ойыннан кейін 13 пенальти добын кері қайтарған. Сол кезеңде одақ көлеміндегі «Жаңа есім» аталымына ие болған аңыз қақпашының даңқты жолын жалғастырған Темірлан Анарбеков «Селтик» командасымен кездесудің шешуші сәтінде шеберлігін танытты.

Пенальти – қақпашы мен футболшы­ның жекпе-жегі. Екеуіне де жүктелетін жауапкершіліктің жүгі ауыр. Команда се­нім артқан футболшы қақпадан саңылау із­дейді. Сол үшін қақпашыны алдағысы да, ар­бағысы да келеді. Ал қақпашы міндеті – доп­ты қайтару. Осы орайда қақпашының әр фут­болшының қимылын жіті қадағалап, доп бағытын айқындауға мұршасы бола бермейді. Соған қарамастан, «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбеков тек команданың ғана емес, тұтас ел сенімін ақтады. Өйткені бар үміт өзінде екенін түсінді. Пенальтидің бес добын қақпаға жіберіп алса, қазақ футболының тарихында «Қайрат» командасы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне берілер жолдамадан қағылар еді.

Демек Темірланға шешуші сәтте ши­ры­ғу, шеберлігін көрсету қажет болды. Ол пенальтидің үш добын кері қайтарды. Сөйтіп, «Қайраттың» ғана емес, қазақ футболының абыройын асқақтатты. Қазақ баласы да мықты қақпашы бола алатынын дәлелдеді. Жеңісті тағатсыздана күткендер тақымын қысқан санаулы секундта U-17, U-19, U-21 жастағы Қазақстан құрамасы сапында өткізген 15 матчтан жинаған тәжірибесінің алғашқы жемісін көрсетті.

Сөйтіп, Темірлан өзін шебер қақпашы ретінде танытты. Оның команда жеңісіне қосар үлесі мұнымен шектелмейтіні даусыз. Өйткені қақпашы Темірлан Анарбековтің бағындырар биігі алда. Бәлкім, команданың жеңісі қақпашының шеберлігімен астасып жататынын білетін еуропалық командалар тағы бір қазақ ұланына көз салар ма екен?..

 

Атырау облысы