Еңбек • Бүгін, 08:05

Максимнің ғажайып бағы

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Темір ауданы Жақсымай ауылдық округі бұрынғы мұнайшылар ауылы. 1950 жылдары мұ­най өндіру мекемесі ашыл­ған­да Шұбарқұдық кәсіп­шілігіне жан-жақтан мұнайшылар келген. Аудан орталығымен арасы жеті шақырым ғана. Бұл жерде мұнайшылар әулетінің бірнеше ұрпағы өніп-өскен. Солардың бірі – Чирковтар әулеті.

Максимнің ғажайып бағы

Ішкі Ресейден мұнай өн­діруге келген мордва жігіті осы жақта тұрақтап, қызмет етті. Үй салды, қазақ қызына үйленді. Қазір ұлдары ержетіп, бір-бір мамандық иесі атанды. Береке-бірлігі жарасқан тату, үлкен жанұяға айналды. Еңбекқор ата-анасының тәлім-тәрбиесімен ержеткен балалары да бау-бақша өсіріп, мал баққанды ұнатады. Мұнайдың майы жұққан Жақсымайдың топырағы шаруаға қолайлы болып шықты. 90-жылдардың қиын-қыстау кезеңінде де тоз­ған жоқ, ауылдықтар көшіп кетпеді. Бүгінде көгілдір отын құбыры әр үйге тартылған. Орталықтандырылған су желісі бар, тал-терегі көп, тасжолдың бойындағы берекелі ауыл.

д

Әке Чирковтың өнегелі ісін туған ауылында жалғастырып отырған Максим деген ұлы отыз­ды орталаған жігіт. Үйлен­ген, екі баласы бар. Келін­шегі аудандық архивте жұ­мыс іс­тейді. Өзі аудандық көрке­м­өнер мектебінде балаларды қолданбалы өнерге баулып жүр. Он төрт жылдан бері Жақ­сы­майдан Шұбарқұдыққа жеке көлігімен қатынап жұмыс істейді. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік уни­верситетінде қолданбалы өнер мамандығын оқып, диплом алған бойы туған ауылына оралған. Біз Максимнің Жақ­сымайдағы үйінің атшаптырым ауласындағы тамаша жеміс бағы туралы айтуды жөн көрген едік. Оның ауласындағы жүзден астам жеміс ағашының 45-і тек қана алма ағаштары. Одан өзге алмұрт, қызыл, сары, қара өрік, шие талдары, сібір шыршасы, самырсын жайқалып тұр. Жеміс бұталары да сан алуан: қарақаттың бес түрі, құлпынай, қызылқат, жүзім түрлері өседі. Ауланың кіреберісінен бастап түкпірге дейін көздің жауын алатын гүлдер жайқалады: гор­тензия, таушымылдық, рау­шан, түймедақ, хризантема, інжугүл, қалампыр, гладиолус, лалагүл, әртүрлі иристер. Рау­шан гүлдерінің де бірнеше түрі өседі. Күн салқындағанда көпжылдық гүлдерді қымтап жауып тастаса, пиязшықты гүлдерді қазып алып жертөле­ге қояды. Максим көпжылдық гүлдерді орнынан қозғағанды ұнатпайды. Ең бастысы, кез келген өсімдік тамырын суық шалмауы керек.

«Біздің үйден көк жуа, ақжел­кен, аскөк сатып алуға ке­летін көршілеріміз ауламыздың аптап ыстықта қоңыржай, ылғал­ды болып тұратынын ай­та­ды. Аулада ағаш көп болса, ауа тазарады. Әсіресе сібір шыр­­ша­сы, көгілдір шырша ауаға от­те­гіні көп бөледі», дейді Максим.

жж

Ерекше талғаммен, баппен отырғызған өсімдіктерді көрген жан ауладан ұзап кеткісі келмейді. Максимнің ауласы жақында ғана аудандық ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған «Үздік абаттандырылған аула» байқауына қатысып, бірінші орын жеңіп алды. Иә, осынша шаруаны бір адамның атқаруы әсте мүмкін емес. Бұл іске жасыл желекті ерекше сүйетін еңбекқор бағбанның қолы керек.

«Күнделікті қарбалас ша­руаның ізіне түсіп, кей-кейде аулаға қарайласуға уақыт тапшы болып жатады. Әсіресе жаз бойы бақшаны суаруға, арам­шөптерін жұлуға қолымыз тие бермейді. Ауыл іші болған соң, шақырып қалатын ауылдас­тар бар. Осындайда бізге әке-ше­шеміз көмектеседі. Олар зейнет­кер, бос уақытында ауланың күтімін жасағанды жөн көреді», дейді Максим сөзін жалғап.

Біз мақаламыздың басында Чирковтар отбасының «Ауыл аманаты» жобасы бойынша мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, табысты шаруашы­лық ұйымдастыру тәжірибесі жөнінде бірден көсіліп айтпақ­шы едік. Әйткенмен аулада қызарып піскен түрлі жеміс­терді, есіктен төрге дейін кілем жайылғандай көмкерілген гүл­дерді көрген соң, бірден бақ­ша жайына ауысып кеттік. Мак­симнің анасы, келіншегі қыс­қа компот, тосап дайындау­мен қарбаласта екен. Шие, алма, алмұрттан компот жа­уып­ жертөлені толтырған. Көп жемісті қатырып та сақтай­ды. Бұл әулет 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасымен 5 млн 400 мың теңге несие алып, жылыжай салды. Кең ауласының түкпірінде орналасқан жылыжайда қияр, аскөк, ақжелкен, көк жуа, салат жапырағы, рук­кола өсіріп, Шұбарқұдық мей­рам­ханаларына, базарға өткі­зеді. Табиғи өнімдерін үйіне ке­ліп сатып алатын қауым да көп.

жжжж

– Өсіргенім ауылдан ауыс­пайды. Жылыжайдан бір жылда екі рет өнім аламын. Ерте көктемде еккенім тамыздың ортасына дейін жетеді. Қыр­күйекте ол орынды жинап тас­тап, қайта егемін. Бұл жолы ақпан айына дейін өнім береді. Былайша айтқанда, он ай өнім беріп, екі ай демалады. Алдын ала тапсырыс беріп қоятын тұрақты сатып алушыларым бар. Темір ауданынан бөлек, Қандыағаш қаласынан, Ақтөбеден келіп сатып алады. Бақшама да, жылыжайға да тамшылатып суару әдісін қолданамын. Топыраққа минералды тыңайтқыштарды қос­паймын, тек малдың тезегі тү­ріндегі органикалық тыңайт­қыштармен құнарландырамын. Онда да екі-үш жыл жатқан сиырдың тезегін саламын. Жы­лы­жай көкөністері таза өнім болғандықтан, сұраныс көп. Қыста жаңа піскен қиярдың килосы ауылдың дүкендерінде 1200 теңгеден сатылса, мен оларға 1 мың теңгеден өткіземін. Ең өтімдісі – қияр. Оның бағасы да әр түрлі: қыс ортасында, мереке алдында 1000 теңгеден жоғарыласа, көктем шыға 800, 700 теңгеден 450 теңгеге дейін арзандай береді. Қазіргі уақытта қияр 350 теңгеден сатылып жатыр. Енді баға одан түспейді, қымбаттай береді», дейді Максим.

Кейіпкеріміз ағаш, гүлдер мен бұталардың тұқымдарын Ресейден алдыртқан. Өйткені, бұл өлкеге суық жақта өскен ағаштар мен бұталар ғана жер­сінеді. Максим қолда бар жеміс ағаштары мен бұта көшеттерін будандастырып сатуды бас­тап кетті. Балабақшалар мен мектептерге гүлдер мен ағаш тұқымдарын, өскіндерін тегін таратады. Мақсаты – аулалар мен көшелер, саябақтарды жасыл желекпен көмкеруге атсалысу. Ағаш, талы көп жердің ауасы тазарады, топырағы тозбайды, жерасты суы да тамыры­на ілесіп, жердің бетіне жақын­дайды. Максимнің көшет­тері күй талғамай, жақсы көктей­тіндіктен, Ақтөбе облысында сұранысқа ие болып келеді. Тек то­пыраққа шаншылған шыбық­ты аз-аздап суарып, қыста тамырын үсікке ұрындырмай, күтіп-баптап отырса жеткілікті.

Жақсымайдың жайсаң ұлы «Таза Қазақстан» секілді жалпы­ұлттық акцияларда тек қоқыс жинаумен шектелмей, төңіректі таза ұстап, жасыл желек отырғызу, оны күтіп-баптау әрбір адамға міндет екенін айта­ды. Бізде де Максимнің ауы­лына, өскен өлкесіне жана­шырлығын көріп, іштей риза болдық. Расында, шын көңілмен баптаса, тақыр жердің өзін гүл­дендіруге болады. Оған әуелі еңбек, табиғатқа деген жана­шырлық сосын барып бастаған істі аяқтайтындай табандылық, күш-жігер керек. Өйткені жер жалқауды сүймейді.

 

Ақтөбе облысы,

Темір ауданы