Инвестиция • Бүгін, 12:55

Қытай капиталы Қазақстанда жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын қалыптастыруда

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қытай – Қазақстан экономикасына ең ірі инвесторлардың бірі. ҚХР бүгінде Қазақстанға салынған инвестициялар көлемі бойынша алғашқы он елдің қатарында, жалпы көлемі 27 млрд АҚШ долларынан асты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қытай капиталы Қазақстанда жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын қалыптастыруда

Қазіргі таңда екі ел арасындағы бірлескен инвестициялық жобалардың жалпы портфелі 212 жобаны құрайды. Олардың құны – 60,5 млрд АҚШ доллары. Бұл бастамалар шамамен 50 мың жаңа жұмыс орнын ашуды көздейді. Оның ішінде 65 жоба жалпы құны 12,3 млрд доллар көлемінде іске асырылып, 15,9 мың жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ 49 жоба іске асырылу сатысында тұр (9,1 млрд доллар, 25,1 мың жұмыс орны), ал 98 жоба пысықталу кезеңінде (38,9 млрд доллар, 28 мың жұмыс орны). Жобалар агроөнеркәсіп кешені, металлургия, көлік-логистика, жаңартылатын энергетика және мұнай-газ машина жасау салаларын қамтиды.

Президент тапсырмасы аясында қытайлық Dalian Hesheng Holdings компаниясымен астықты терең қайта өңдеу бойынша келісім жасалды. Жоба Ақмола облысында тік интеграцияланған индустриялық парк салуды көздейді. Инвестиция көлемі алғашқы кезеңде 500–800 млн долларды, кейінгі кезеңдерде тағы 1 млрд долларды құрайды. Қайта өңдеу қуаты бастапқыда жылына 1 млн тонна бидай болса, кезең-кезеңімен 3 млн тоннаға дейін жеткізілмек. Жоба аясында 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Инфрақұрылымдық бөлігіне көмір жылу электр станциясы мен көмір-химия кешенінің құрылысы кіреді. Көмірді қайта өңдеу нәтижесінде жылына 150–400 мың тонна сұйық аммиак өндірілмек. Бұл бастама агросекторды жаңғыртып, ауыл шаруашылығы өнімдеріне тұрақты сұраныс қалыптастырады және қосылған құны жоғары өнімдердің экспорттық әлеуетін арттырады.

Агроөнеркәсіп саласындағы тағы бір ірі жоба – қытайлық Fufeng Group компаниясына тиесілі. Жамбыл облысында компания жүгеріні терең қайта өңдеу бойынша индустриялық парктің құрылысын бастады. Мұнда крахмал, лизин, натрий глутаматы және өзге де биоферментациялық өнімдер өндірілетін болады. Жобаның жалпы құны 800 млн долларды құрайды. Қазіргі таңда Fufeng қазақстандық фермерлермен 300 мың тонна жүгері жеткізуге оффтейк-келісімшарт жасасты. Компания басқармасының төрағасы Ли Сиючэнь Қазақстанды Fufeng өнімдерін Еуропаға экспорттау үшін негізгі хаб ретінде қарастыратынын мәлімдеді.

2025 жылы тау-кен кешенінде де маңызды келісімдер жасалды. Қытайлық East Hope Group компаниясы Павлодар және Қостанай облыстарында толық циклды алюминий кластерін құру жобасын жүзеге асыруда. Жоба шикізатты өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі барлық процесті қамтиды. Жылына 2 млн тонна глиноземді қайта өңдеу жоспарланған. Kazakh Invest деректері бойынша, жобаның құны 12 млрд доллардан асуы мүмкін, бұл оны Қазақстандағы ең ірі металлургиялық бастамаға айналдырады. Сонымен қатар, 10 мың жаңа жұмыс орны ашылып, өңірлік экономикаға серпін бермек.

Жамбыл облысында толық циклді болат құю зауытының құрылысы басталды. Инвестор – қытайлық Fujian Hengwang Investment Co., Ltd. Жоба арнайы экономикалық аймақ «Жібек Жолы» аумағында іске асырылып, жылына 3 млн тоннаға дейін болат өндіруге мүмкіндік береді. Жалпы инвестиция көлемі 756 млн долларды құрайды. Құрылыс кезінде 1,5 мыңнан астам, ал іске қосылғаннан кейін 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірілетін өнім Қазақстанның ішкі нарығына да, Орталық Азия мен Еуропа елдеріне экспортқа да бағытталады. Сонымен бірге Шу қаласында тұрғын үйлер салынып, әлеуметтік инфрақұрылымға қолдау көрсетіледі.