Өндіріс • Бүгін, 09:55

Елімізде болат, автокөлік және электробус өндірісі жолға қойылады

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысында сөз сөйлеп, тау-кен металлургиясы, құрылыс индустриясы, машина жасау және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірқатар маңызды жобаларды атап өтті. Мемлекет басшысы бұл бастамалар Қазақстан экономикасын әртараптандыруға және экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде болат, автокөлік және электробус өндірісі жолға қойылады

Президенттің айтуынша, бүгінде елімізде стратегиялық маңызы бар бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр.

«Бұл іске Қытайдың ірі компаниялары атсалысып отыр. Мысалы, Fujian Hengwang Investment компаниясының Жамбыл облысында металлургия зауытын салу жобасын атап өтуге болады. Зауыт жылына үш миллион тонна болат өндіруге мүмкіндік бермек. Ал Jiaxin International компаниясы Алматы облысындағы Бұғыты кенішінде вольфрам кенін өңдеу жобасын іске қосты. Құрылыс индустриясында қытайлық кәсіпкерлермен табысты байланыс орнатылды. Атап айтқанда, China Glass компаниясы Қазақстан үшін теңдесі жоқ шыны зауытының жобасын жүзеге асырды. Жақында Алматы қаласында автокөлік өндіретін мультибрендті зауыт іске қосылады. Зауыт жылына 120 мың көлік шығарады. Соның ішінде GWM (Great Wall Motor), Chery және Changan көліктері бар. Сонымен қатар Алматыда электробус шығаратын BYD компаниясының зауыты іске қосылмақ. Бұл жобалар Қазақстанның экономикасын әртараптандыруға жол ашады. Сондай-ақ еліміздің экспорттық қуатын арттыруға мол мүмкіндік береді. Жалпы, осындай мысалдар көп, олардың барлығын атап өтуге ұзақ уақыт керек болады»,  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастыққа да тоқталып, қытайлық кәсіпкерлерді органикалық және жоғары сапалы өнім өндіруге белсене қатысуға шақырды.

«Қазақстан егістік көлемі бойынша әлемде алтыншы орында тұр. Сондай-ақ бидай экспорты бойынша ең ірі 10 елдің қатарына кіреді. Біз жыл сайын шетелге он миллион тоннадан астам бидай және екі миллион тоннаға жуық ұн жеткіземіз. Қытай нарығы еліміз үшін өте маңызды. Қазақстан жергілікті нарыққа жылына 2 миллион тоннаға дейін астық экспорттай алады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаумен қатар, өңдеу өнеркәсібін бірлесе дамыту біз үшін ерекше маңызды. Бұл ретте, Dalian Group компаниясының Ақмола облысында бидайды терең өңдейтін кәсіпорын құру бастамасын толық қолдаймыз. Fufeng Group компаниясының Жамбыл облысындағы жүгері өңдеу жобасын құптаймыз. Зауыт өнімдері Қытай мен Еуропаға экспортқа жіберілетін болады. Біз қытайлық кәсіпкерлерді органикалық және жоғары сапалы мал шаруашылығы өнімдерін шығару жұмысына белсене қатысуға шақырамыз»,  деді Мемлекет басшысы.