Әлем • Кеше

АҚШ визасы қазан айынан бастап қымбаттауы мүмкін

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

АҚШ билігі 1 қазаннан бастап жаңа visa integrity fee деп аталатын қосымша алым енгізуі мүмкін. Егер бұл өзгеріс күшіне енсе, туристік, студенттік, жұмыс және басқа да иммиграциялық емес визалардың бағасы қазіргідей 185 доллар емес, 435 доллар болады, деп жазады Egemen.kz.

АҚШ визасы қазан айынан бастап қымбаттауы мүмкін

Reuters агенттігінің айтуынша, жаңа алымның мөлшері – 250 доллар. Ол B1/B2 (туризм және іскерлік сапар), F-1 (оқу), J-1 (алмасу бағдарламасы), H-1B (жұмыс) сияқты визаларға өтініш бергенде төленеді. Егер виза талаптары толық орындалса, бұл қаражат қайта қайтарылады.

Бұған дейін АҚШ визасын алу үшін тек 185 доллар консулдық алым төленетін. Енді жаңа жүйе енгізілген соң, виза бағасы екі еседен аса өсіп, әлемдегі ең қымбат визалардың қатарына кіруі мүмкін. Алғашында бұл өзгерісті 2026 жылдан бастап енгізу жоспарланған еді, бірақ мерзімі ілгері жылжытылды.

Бұл шешім әсіресе АҚШ-қа көп баратын Мексика, Аргентина, Бразилия, Үндістан және Қытай азаматтарына қиындық тудырады. Кейінгі уақытта осы елдерден келетін туристер саны азайған.  Жалпы алғанда, шілде айында АҚШ-қа келгендер саны өткен жылмен салыстырғанда 3,1%-ға төмендеген.

Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесінің есебі бойынша, 2025 жылы АҚШ-та шетелдік туристердің шығыны 169 млрд доллар болмақ. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен төмен. Бұған қарамастан, АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі көші-қон саясатын қатаңдатып отыр. Оның ішінде студенттік және журналистік визалардың мерзімін қысқарту, сондай-ақ туристік визаларға 5 мың доллардан 15 мың долларға дейін кепілдік жарна енгізу қарастырылған.