Қоғам • Кеше

Қазақстанда несие алу тәртібіне жаңа талаптар енгізілді

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда ірі көлемдегі несиеге өтініш берген қарыз алушыларға шешімін қайта қарастыруға қосымша уақыт беріледі. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда несие алу тәртібіне жаңа талаптар енгізілді

Фото: Ашық дереккөз

Жаңа ережеге сәйкес, несие шартына қол қойылғаннан кейін банк қаражатты бірден аудармайды. Осы кезеңде қарыз алушы өзінің шешімін қайта қарастырып, несие алуынан бас тарта алады.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, егер несие сомасы 1 миллион теңгеден асатын болса, қарыз алушыға қосымша 24 сағат беріледі. Бұл уақыт ішінде клиенттер алаяқтық әрекеттерден сақтану үшін қажетті тексерістен өтеді.

«Сондай-ақ, қарыз алушы алаяқтық ықпалға ұшыраған жағдайда, шешімін қайта қарастырып, несие алуынан бас тарту мүмкіндігіне ие болады. 1 миллион теңгеден асатын несиелер үшін 24 сағат, ал 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі (150–250 АЕК) несиелерге 8 сағаттық қосымша мерзім қарастырылған. Бұған дейін мұндай несиелер бірнеше минутта рәсімделетін»,  деді агенттік басшысы.