
Шағын аудан тұрғындарына керемет тарту болған заманауи білім ұясының ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жиналған жұртшылықты Білім күні мерекесімен құттықтады.
Шаһар басшысы өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асып жатқан «Келешек мектептері» жобасының маңызы жөнінде атап өтті. Сондай-ақ жаңа білім ошағы Таскен тұрғындарына көптен күткен үлкен қуаныш екенін айтты.
«Білім алу – әрбір азаматтың парызы. Қоғамның дамуы біліммен өлшенеді. Өркениет көшінен қалмаймыз десек, білімге ұмтылуымыз керек. Қазақ «Білімдінің күні жарық» деп бекер айтпаған. Осы орайда мемлекет білім саласын дамытуға барынша көңіл бөліп отыр. Соның ішінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» жобасын атап өтуге болады. Оның басты артықшылығы – мұнда оқушыларға бар жағдай жасалған. Толық материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Бүгінгі заман тілімен айтсақ, «Келешек мектептерінде» балаларға сапалы білім беруге эргономикалық білім кеңістігі жасалған. Сонымен бірге жаңа білім ұяларының басқа да артықшылықтары туралы сөз қозғасақ, біріншіден, бұл мектептер типтік жобаларға қарағанда 15–20 пайызға кең болып келеді, ал техникалық жарақтануы жағынан «Келешек мектептері» төрт есеге жоғары тұрады. Осының барлығы айналып келгенде ұстаздардың жұмысын жеңілдетіп, оқушылардың білім сапасын көтеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл мектепте қауіпсіздік жүйелері де назарға алынған. Өйткені қазіргі қоғамда бала қауіпсіздігі бірінші орынға шығып отыр. Мектепте балаға ұстаздар жауапты болғандықтан, мемлекет қауіпсіздік шарасын барынша күшейтіп отыр. «Келешек мектептерінде» қауіпсіздік мәселесі әрдайым бірінші орында. Сондықтан баланың өмірі мен оның денсаулығына қай кезде де ерекше мән берілуі керек. Бұдан бөлек, оқушыларды сапалы білімге қолжеткізу мақсатында тек мектеп құрылысы ғана емес, өзге де кешенді іс-шаралар қолға алынып жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, Президент тапсырмасына сәйкес кейінгі жылдары қалада заманауи үлгіде 2 Оқушылар сарайы салынды. Соның нәтижесінде Оқушылар сарайының саны үшеуге жетіп, мектепте білім алып жатқандардың 95 пайызы бүгінгі таңда қосымша біліммен қамтылды. Осының өзі – үлкен жетістік. Ал жаңа оқу жылында пайдалануға берілген «Келешек мектептерінен» білімге құштар, адамгершілік құндылықтарын бойына сіңірген, отаншыл әрі адал азаматтар өсіп шығарына сенім мол», деді шаһар басшысы Ғ.Сыздықбеков.
Сонымен бірге Білім күні аясында мегаполистегі Тельман шағын ауданында жаңадан салынған №152 жалпы орта мектеп есігін айқара ашты. Аталған білім ұясының салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, барша ұстаз бен ата-ана қауымын, шәкірттерді жаңа оқу жылымен құттықтады.
«Түрлі пәндік байқауда өрендеріміз жоғары нәтижелер көрсетіп, Шымкент мәртебесін абыроймен қорғап жүр. Бұл – саналы тәрбие мен сапалы білімнің беріп жатқан жемісі. Президент тапсырмасына орай білім саласына жылдан-жылға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде шаһарда жаңадан білім ошақтары бой көтеріп жатыр және оның саны демографиялық өсімге қарай ұлғая береді. Жаңа мектептер құрылысы мен жекеменшік білім ұяларының арқасында Шымкентте апатты және үшауысымды мектеп мәселесі түбегейлі шешілді. Осының өзі әлеуметтік проблеманың қоғамда бірте-бірте азайып келе жатқанын байқатады. Бала – болашағымыз. Оларға салынған инвестиция қашанда өзін ақтайды. Инвестиция дегеніміз – бірінші кезекте сапалы білім. Ал сапалы білімге қол жеткізу үшін алдымен материалдық-техникалық база, инфрақұрылым мықты болу керек. Осынау мақсатқа жету үшін шаһарда жыл сайын жаңадан білім ошақтары бой көтеріп келеді. Оның барлығы соңғы үлгідегі оқыту құралдарымен жабдықталған. Білімсіз мемлекеттің болашағы жоқ. Сондықтан осы тірліктің бәрі де жарқын келешек үшін атқарылып жатыр», деді С.Құранбек.
Мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлжанар Құдайбергенованың мәліметінше, жаңа мектепке 650 бала қабылданды. «Білім ордасы жалпы 1200 балаға арналған. Салтанатты ашылу іс-шарасы барысында қала әкімінің орынбасары, ардагер ұстаздар, жалпы көпшілік жаңа мектептің кабинеттерін аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Жаңадан бой көтерген білім ошағында оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған», деді журналистерге берген сұхбатында директор міндетін атқарушы Г.Құдайбергенова.
Жалпы, Шымкентте биылғы оқу жылында 28 мыңға жуық балдырған мектеп табалдырығын аттады. Қалалық білім басқармасы өкілдерінің мәлімдеуінше, шаһарда кейінгі екі жылда 39 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ұлттық жоба аясында қосымша 12 мектеп салынды. Ең бастысы, мегаполисте білім саласына ұдайы назар аударылып келеді. Президент тапсырмасын орындау нәтижесінде Шымқалада жоғарыда атап өткендей, заманауи үлгідегі жаңа мектептер пайдалануға беріле бастады. Одан бөлек, білім басқармасы педагогтердің кәсіби біліктілігін шыңдауға да ерекше ден қойған. Білікті ұстаздардың арқасында оқушылар арасында білім сапасы да артып келеді. Мектеп құрылысымен бірге білім саласында ең алдымен инфрақұрылым мәселесі жақсара түскенін айтады мамандар. Біліммен қоса педагогтер балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздік мәселесіне айрықша назар аударып отыр. Осы бағытта бүгінгі таңда қала мектептерінде көптеген жұмыс атқарылды. Соның ішінде бірінші кезекте барлық білім ошағында бақылау камералары орнатылып, жергілікті полиция департаментінің арнайы мониторинг қызметіне қосылды. Қысқасы, оқушылардың алаңсыз білім алуына мемлекет бар жағдайды жасап отыр. Оқушылар енді ешнәрсеге алаңдамай, білімге ғана ұмтылуы керек.
Қалалық білім басқармасы таратқан мәліметке сәйкес педагогтер әр үш жыл сайын біліктілік құзыреттіліктерін арттырып тұрады. Және олардың саны жылдан-жылға ұлғайып келеді. Ұстаздар шеберліктерін «Өрлеу» ұйымында, Назарбаев зияткерлік мектебінде арнайы курс оқу арқылы шыңдайды. Сонымен бірге Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығында, «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтында тәжірибелерін молайтады. Жыл басынан бері республикалық және жергілікті бюджет есебінен 6502 педагог біліктілікті арттыру курсынан өткен екен.
Одан бөлек, оқушылардың білім деңгейі «PISA» бағдарламасы мен білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг жүйесі арқылы өлшенеді. Осы аталған бағалау тетіктері 4 және 9-сынып оқушыларының білімдерін анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеулер қорытындысында кейінгі үш жылда мектептегі білім сапасы 56 пайыздан 59 пайызға өскен. Мұндай қорытынды оқушылардың білім деңгейін анықтау тетіктері арқылы шығарылып отыр. Яғни Шымкентте оқушылардың білім сауаттылығы жыл өткен сайын артып келеді деген сөз.
«PISA» – оқушылардың білім жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасы. Аталған зерттеу қызметі 15 жастағы оқушылардың математика, оқу сауаттылығы және жаратылыстану ғылымдары салаларындағы алған білімдерін өмірлік жағдайларда қолдана алу қабілетін анықтауды көздейді.
Қалалық білім басқармасы мамандарының айтуынша, 2024–2025 оқу жылында 15 639 оқушы мектеп бітірді. Олардың ішінде 650 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 1 115 оқушы «Үздік аттестат» алды. Биыл оқуын тәмамдаған оқушылар арасында «Алтын белгі» иегерлерінің саны 41 пайызға, ал «Үздік аттестат» алғандар үлесі 21 пайызға артқан.