Шымкент • Бүгін, 08:10

Мерекелік медаль табысталды

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл ел Конституциясының қабылданғанына – 30 жыл. Осынау даталы күнге орай Шымкент қаласының «Қызғалдақ» сарайында «Ата заңым – айбыным» атты мерекелік кеш өтті. Оған мәслихат депутаттары, жергілікті әкімдік қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, жастар мен қала қонақтары қатысты. Салтанатты жиын ту көтеру рәсімімен басталды. Еліміздің гимні шырқалып, патриоттық рух асқақтады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сахна төріне көтеріліп, жиналған көпшілікті Конституция күнімен құттықтап, бүгінге дейін жеткен жетістіктер ­туралы баяндады.

Мерекелік медаль табысталды

«Бүгін халқымыз үшін аса қастерлі мерекені атап өтіп жатырмыз. Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отыр. Бұл – тәуелсіздігіміздің ең ұлы жетістіктерінің бірі. Себебі Конституция – елдің негізгі заңы ғана емес, мемлекетіміздің тірегі, қоғамымыздың тұғыры. Ұлы дала тарихына үңілсек, ата-бабамыз әрдайым әділдікке, заңдылыққа ерек­ше мән берген. Елдің тіршілі­гін реттеп, дау-жанжалды шеш­кен билер институты – соның айға­ғы. Әз Тәуке хан тұсындағы Жеті жарғы – халқымыздың құқық­тық мәдениетінің асыл қазынасы. Бүгінгі Ата заң – сол дәстүрдің заң­­ды жалғасы. Сондықтан біз үшін әділет пен заң үстемдігі – тари­хи құндылық. 1995 жылы бүкіл­халықтық референдумда қа­был­данған Конституция еліміздің жаңа дәуірін ашты. Ол Қазақстанды демократиялы, зайырлы, құқық­тық мемлекет ретінде бекітті. Әр­бір азаматтың құқығы мен бостан­ды­ғын қорғау басты қағидаға ай­налды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 ­жы­лы елімізде ауқымды конститу­ция­лық реформа жүргізілді. Бұл – Әділетті Қазақстан құру жолын­дағы тарихи қадам. Парламент­тің рөлі артты, Конституциялық сот құрылды. Саяси бәсеке күшейді. «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» қағидасы нақты іске аса бас­тады. Конституция – қағаздағы сөз емес, бұл тұрақтылығымыз­дың кепілі, болашағымыздың берік іргет­асы. Тәуелсіз Қазақ­стан­ның тұ­рақты дамуы Конститу­ция қағи­даттарын бұлжытпай орындаумен тікелей байланысты. Негізгі заңымызды қастерлеу – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіреп, ынтымақтастық жолында өркен жайған мемлекетіміздің мәртебесі өсе берсін», деді Ғабит Әбдімәжитұлы.

Мерекелік кеште еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, қоғамдық-саяси өмірде белсенділік танытқан және өз саласында еңбектің озық үлгісін көрсеткен бір топ азамат «Қазақстан Республикасы Конституциясына – 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Олардың қатарында №2 қалалық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Серік Жолдасов, №23 мектеп-лицей мұғалімі Шекербек Шахабаев, журналист, республикалық «Уақыт» газетінің бас редакторы Талғат Балтабаев, Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев, Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыходжаев бар. Сонымен қатар салтанатты іс-шара барысында өзге де еңбек озаттары қала әкімінің қолынан Алғыс хаттар алды.

Мерекелік медаль иегері С.Жол­дасовтың айтуынша, 30 жылда елі­міз қарқынды дамыды. Қазіргі таңда еліміз ТМД, Орталық Азия бойынша өркендеудің алдыңғы шебінде келе жатыр. Қазақ жұрты осы бағытынан таймай, өсіп-өркендей берсін деген тілегін айтты. Сондай-ақ ол сөзінде қазіргі таңда республикада медициналық қыз­мет сапасы жақсарғанын атап өтіп, аурухана, емханалардың жағдайы осыдан отыз жыл бұрынғы кезбен салыстыруға мүлдем келмейтінін жеткізді. Соның ішінде №2 аурухана да материалдық-техникалық жағынан жақсара түскен. Бүгінгі таңда аталған медициналық мекемеде күн сайын күрделі операциялар жасалады. Сондай-ақ аурухана басшылығы осы күнде трансплантация саласын дамытуға ерекше көңіл бөле бастаған. Дәрігердің айтуынша, №2 қалалық ауруханасы республикалық рейтинг­те 7-орын алды. Бұл медициналық ұйымның көп жетістігін аңғар­та­ды. Бірінші кезекте ол жоғары ұйымдастырушылық қызмет болса, екіншіден, кәсіби білікті мамандардың шоғырлануы, үшін­шіден, заманауи материал­дық-техникалық базаның болуы. Марапат иесінің пікірінше, елімізде медицина саласының қа­рыштап дамуына бірінші кезекте Конституция түрткі болды. Өйт­кені Ата заңымызда адам мен оның өмірі ең басты құндылық екені айтылған. Сондықтан республикада әлеуметтік салаға, оның ішінде халықтың денсаулығын жақсартуға барынша көңіл бөлініп отыр.

«Конституция күні – еліміздегі ең маңызды мерекелердің бірі. Себебі бүкіл мемлекеттің заңы осы Конституция аясында құралады. Бұл – біздің құқықтық тұғырымыз. Ата заңның бірінші бабында Қазақ­стан өзін демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде таныған. Конститу­ция бойынша ең басты құндылық – ­адам мен оның өмірі және құқық­тары, бостандығы. Сондықтан біз­дің Ата заң осы жылдар ішінде өзі­нің өміршеңдігін көрсетті. Әри­не, уақыт бір орнында тұрмайды. Заман өзгереді. Қоғам түрлене­ді. Соған қарай заңдар да өзгеріп ­жатады. Бұл – қалып­ты құбылыс. Бірақ кез келген құқықтық жаңғырту­лар елді демократиялық жолға бастап, еркіндік қағидаттарын кү­шейтуге қызмет атқарып жатыр. Осы Ата заңның арқасында Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсіп, әлемдік қауымдастықта мойындалған абырой-беделі биік, сөзі өтімді мемлекетке айналды. Ал мұның барлығының негізін­де, жоғарыда айтып өткенімдей, Конституциямыз жатыр. Ата заңы­­­мызды ұстанып, заң, ере­жеге бағынсақ, болашағымыз жар­қын болары анық. Конститу­ция Туы­­мыз бен Елтаңбамыз секіл­ді тәуел­сіздігіміздің нышаны бо­лып саналады», деді Шымкент қала­сы мәслихатының төрағасы Баха­дыр Нарымбетов.

Айтыскер ақын, Қаратау дәс­түрлі өнер мектебінің басшысы Біржан Байтуов та Конституция күні мерекесіне орай өзінің жүрек­жарды лебізін білдірді.

«Ата заң – мемлекеттің негізгі құқықтық тірегі. Сондықтан әр ел үшін Конституция күні – ең қадірлі, айшықты мерекенің бірі. Конституция күнін мерекелеу – ең біріншіден, халықтық рухты көтеретін құрал. Оны жоғары дең­гейде атап өтуге ең алдымен мемлекеттің өзі мүдделі. Осы тұр­ғыдан келгенде қалалық әкімдік ­Ата заң мерекесін өте жоғары дең­гей­де ұйымдастырды. «Көк тудың желбірегені» әнін бүкіл көрер­мен болып орындарынан тік тұрып шырқау қалай болғанда да адам­ның рухын оятады, отаншылдық сезі­мін күшейтеді. Қазақ еліне заң үстем­дік құрған қоғамға айналуды тілеймін», деді ақын.

Б.Байтуов отыз жылда еліміз әлеуметтік-экономикалық саламен бірге мәдениет пен өнерді де қатар дамытқанын атап өтті. Оның басты себебі – тұрақтылықты қамтамасыз еткен заң мен тәртіптің үстемдігі. Қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылық – Қазақстанның баға жетпес қазынасы. Өйткені соның арқасында республика көптеген жетістікке жетті. Әлі де асуларды бағындырып келеді. Әрине, әлеу­меттік-экономикалық тұрғыдан біздің ел біреуден ілгері, біреуден кейін болуы мүмкін. Ал бірақ тұрақтылық жөнінен Қазақстанға жетер мемлекет жоқ. Айтыскер ақынның пайымынша, шаһарда дәстүрлі мектептің ашылуы да – тұрақтылық пен бірліктің арқасы. Түрлі дау-жанжал болып жатқан қоғамда өнер туралы әңгіме айтудың өзі артық болар. «Жақсыдан шарапат» дегендей, елімізде мәдениет пен өнерге үлкен көңілдің бөлініп жатуы да – Конституцияның тигізген шарапаты. Осы қолдаудың арқасында бүгінгі таңда дәстүрлі өнер мектебінде 700-ге жуық бала тәлім-тәрбие алып жатыр. Осының өзі – ұлттық өнерді жаңғыртудағы үлкен жетістіктің бірі. Сонымен қатар ол ашылғанына төрт жыл болған дәстүрлі мектеп республикада мойындалған «Күміс домбыра», «Күміс қалам», «Күміс көмей» атты жобаларды өмірге әкелгенін қоса кетті. Бұл жобалардың бәрі де жастардың шығармашылық талантын дамытуға бағытталған.

Конституция күніне арналған салтанатты кеш соңы концерттік қойылыммен аяқталды. Әртүрлі патриоттық ән орындаған рес­пуб­ликалық деңгейдегі «Алатау серілері» тобы секілді эстрада жұл­дыздары мен халықаралық бай­қау­лардың лауреаты «Қазына» би-ансамблінің өнері көпшілік­тің ыстық ықыласына бөленді.