
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Аграрлық саясаттың басымдығы – заманауи технологияларды бір мезгілде енгізіп, ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы құрылымында өнім өндіру ауқымын кеңейту. Өткен жыл қорытындысында ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі бір жұмыспен қамтылғанға шамамен 5 млн теңгені құрады, бұл бұрнағы жылғы ұқсас көрсеткіштен 16%-ға жоғары (4,2 млн теңге).
«Осы жылдың бірінші тоқсанында бұл өсім сақталды әрі еңбек өнімділігінің 10,6%-ға артуы байқалады. Бұл динамика саланың тиімділігі артқанын көрсетеді. Бірақ мұндай жағдай еңбек ресурстарына, әсіресе тұрақты жұмыспен қамту бөлігінде қажеттіліктің төмендеуіне әкеледі. Бұдан бөлек, аграрлық саладағы еңбек ресурстарына қажеттілік ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығына байланысты», деді Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Бүгінде мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу қарқынды дамып келеді. Ақтөбе облысындағы «КАФЕЛТЕК» ЖШС жүннен жылу оқшаулағыш материалдар өндіру жобасын жүзеге асырып жатыр, ал Алматы қаласында «Iskefe Holding» ЖШС ауыл шаруашылығы жануарларының терісінен желатин өндіру жобасын қолға алған. Сауда және интеграция министрлігінің тері мен жүнге экспорттық кедендік бажды алып тастау жөнінде ереже қабылдауы маңызды қадам болды. Бұл өнімді сатып алу мен экспорттау бойынша 15 кәсіпорынның жұмысын жандандырды.
Ет экспортын жылына 50 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланды. Ауыл шаруашылығы министрлігі сүт-тауар фермаларына етті мал шаруашылығы саласына жеңілдікпен кредит беру бағдарламасын кеңейтуді көздейді. Бағдарламаның әлеуетті қатысушылары етті мал шаруашылығына аустралиялық тәжірибені енгізу бойынша жобалар болуы мүмкін, олар жылдық түсімі 500 млрд теңгеге жуық 50 мың тоннаға дейін ет экспортын қамтамасыз етеді. 14 жобаны іске асыру үшін 29,3 млрд теңге қарастырылған. Сүт фермаларына жеңілдікпен кредит беру жылдық 2,5%-бен жүзеге асырылады. Бағдарлама аясында 116 сүт-тауарлы ферманы салу жоспарланған. Оның 69-ы қолданысқа енгізілді, тағы 47-сі іске асыру сатысында.
Жеңілдікпен кредит беру іске қосылады
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімді екі есеге көбейту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде шаруаларға жеңілдікпен кредит беру бойынша екі бағдарламаны іске қосу жоспарланып отыр. Олар мал шаруашылығын дамытуды қолдауға әрі кәсіпорынды айналым қаражатымен қамтамасыз етуге арналған. Қаржыландырудың жалпы көлемі 100 млрд теңгені құрайды. Бірінші бағдарлама ірі қара мен ұсақ малдың асылтұқымды мал басын сатып алуға 50 млрд теңге бөлуді көздейді. Шаруалар жылдық 5%-бен «ұзақмерзімді» несие ала алады. Тағы 50 млрд теңге ағымдағы қаржыландыру тетіктеріне ұқсас, жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын айналым қаражатын кредиттеуге бағытталады.
Биылғы 5 айдың қорытындысына қарасақ, ауыл шаруашылығы жануарлары саны мен мал басының жалпы өнімі көлемінің тұрақты өсуі байқалады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров атап өтті. Нақты дерекке зер салсақ, ірі қара мал басы 23,4%-ға артты, ұсақ мал – 7,8%-ға, жылқы – 12,2%-ға, түйе – 8,5%-ға, құс 2,2%-ға өсті. Мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,2 млрд теңгеден асып, 4,2%-ға өсті. Ет (+3%), сүт (+7,5%) пен жұмыртқа (+0,3%) өндірісінің көлемі артқаны да анық көрінеді.
Елімізде отандық азық-түлік өндірісі де біртіндеп артып келеді. Осы жылдың 5 айында оның көлемі 10,5%-ға өсіп, 1,5 трлн теңгені құрады. Әлеуметтік азық-түлік тауарларының ішінде ең көп өсімді қызылша қанты (4,6 мың тоннадан 64 мың тоннаға дейін), өсімдік майы (316,3 мың тоннадан 376,8 мың тоннаға дейін), сары май (13 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін), ұн (1,3 млн тоннадан 1,4 млн тоннаға дейін), ашытылған сүт өнімдері (102 мың тоннадан 106 мың тоннаға дейін), өңделген сүт (264 мың тоннадан 274,6 мың тоннаға дейін) және тағы басқалары көрсетті.
Аграрлық саланың саны мен сапасын арттыру жан-жақты жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік қолдауды іске асыру аясында саладағы бірқатар бағытта оң нәтижеге қол жетті. Айталық, тыңайтқыштарды қолдану көлемі 2 есеге – 626 мың тоннадан 1,3 млн тоннаға дейін артты. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 4,3%-дан 5,5%-ға дейін өсті. Сонымен қатар дәнді және бұршақ дақылдарының өнімділігі 1,38 есеге – гектарына 11,0 центнерден 15,2 центнерге дейін ұлғайды. Су үнемдейтін технологиялар қолданылатын жер көлемі 1,82 есеге – 258,8 мың гектардан 470,1 мың гектарға дейін кеңейді.
Агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру дамиды
Таяуда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «Freedom Holding Corp.» компаниясының негізгі акционері әрі бас директоры Тимур Турловпен кездесті. Тараптар агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыруды дамыту мәселелерін, соның қатарында агробизнесті несиелеу, агросақтандыру мен ауыл шаруашылығына цифрлық шешімдерді енгізу жолдарын талқылады.
Тимур Турлов холдингтің мемлекеттік аграрлық саясатты жүзеге асыруға белсенді қатысуға мүдделі екенін білдірді. Атап айтқанда, бұл «Freedom Finance Insurance» сақтандыру компаниясы қатысып отырған қолданыстағы агросақтандыру тетігі арқылы іске асырылып жатыр.
Ерекше назар саладағы отандық тауар өндірушілерді ұзақмерзімді жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз ету мүмкіндіктеріне, сондай-ақ сауда желілері мен фермерлік шаруашылықтарды біріктіретін, ауыл өнімдерін жеткізуге арналған цифрлық платформаны дамытуға аударылды. Аталған платформа өткізу нарығына ыңғайлы әрі ашық қолжетімділікті қамтамасыз етпек.
Кездесу қорытындысында тараптар аграрлық секторды қолдаудың негізгі бағыттары бойынша жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Негізгі екпін тұрақты қаржыландыруға, цифрландыруға және агроазық-түлік нарығы инфрақұрылымын дамытуға қойылды.
Негізі кейінгі 10 жылда елімізде көктемгі егіс және орақ жұмыстарын қаржыландыру көлемі 70 млрд теңгеден 700 млрд теңгеге дейін өсті. Биыл 7 485 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне жалпы 490,1 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Фермерлер үшін қаржыландырудың алты арнасы жұмыс істейді, ал «Даму» қоры қарызға 85%-ға дейін кепілдік береді.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында жеңілдетілген несиелендіру қолжетімділігін кеңейту мақсатында былтыр шикізат сатып алуға 35 млрд теңге сомасына жылдық 5% мөлшерлемемен кәсіпорындарды қаржыландыру басталды. Биыл да бюджетте қарыздарды арзандатуға қаражат көзделген. Қайта өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражатын толықтыру үшін «таза» 5% жылдық мөлшерлемемен шамамен 44 млрд теңге қысқамерзімді кредит беру жоспарланып отыр», деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Өткен тамыздан бастап, көктемгі егіс жұмыстарын жеңілдетілген несиелендірудің өзін жақсы танытқан тәжірибеге сай, мал шаруашылығына арналған жаңа жеңілдетілген кредиттік өнім іске қосылды – жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын 50 млрд теңге. Бұл саладағы айналым қаражатының жетіспеушілігін шешуге мүмкіндік береді.
Инвестиция игілігі
Жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Иорданияның «Al Husseini Group» корпорациясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат агроөнеркәсіптік кешен саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға әрі кеңейтуге бағытталған. Аталған келісім аясында ел аумағында асылтұқымды құс өсіретін репродуктор салу жобасы жүзеге асырылады.
Компанияның жоспарына сәйкес, инвестиция көлемі 85 миллион долларды құрайды. «Al Husseini Group»-тың жобалары елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, озық технологияларды тартуға, сондай-ақ құс шаруашылығын дамытуға және қосылған құны жоғары өнім экспортын арттыруға серпін береді.
Негізі еліміз жаңа нарықтарға жол ашып, жеткізілетін тауар түрін кеңейтуде. Бүгінде отандық өнім ЕАЭО, Еуропалық одақ, ТМД елдері, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Сауд Арабиясы, БАӘ, Иран, Әзербайжан мен Өзбекстанды қоса алғанда 15-тен астам мемлекетке экспортталады.
Шетелдік импорттаушылар тізіміне 3 652 отандық кәсіпорын енген. Оның қатарында тек маусым айында 9 жаңа экспорттаушы тіркелді. ЕАЭО елдері тізімінде мал шаруашылығы саласындағы 3 292 кәсіпорын бар.