
Фото: ашық дереккөз
Егер буллинг алғаш рет тіркелсе, айыппұл көлемі 10 АЕК немесе 39 320 теңге болады. Қайталау жағдайында сома 30 АЕК-ке (117 960 теңге) дейін өседі.
Мектептер мен колледждерде «ДосболLIKE» атты антибуллинг бағдарламасы енгізіледі. Оның аясында оқушыларға аптасына бір рет қақтығыстарды шешу, эмоцияны басқару және әлеуметтік дағдыларды дамыту сабақтары өтеді.
Сонымен қатар барлық мектептерде, колледждерде және балабақшаларда «жеке қауіпсіздік сабақтары» қайта енгізіледі. Сынып сағатында өтетін 10 минуттық сабақтарда балалар интернеттегі қауіпсіздік, алаяқтардан қорғану мен төтенше жағдайдағы әрекеттерді үйренеді.
Айта кетейік, буллингтің бірнеше түрі бар: физикалық (ұру, итеру, заттарын сындыру), вербалды (мазақтау, балағаттау), әлеуметтік (оқшаулау, өсек тарату) және кибербуллинг (әлеуметтік желілерде қорлау).
Егер балаңыз буллингке ұшыраса, оны мектеп әкімшілігіне хабарлау қажет. Сондай-ақ, тәулік бойы жұмыс істейтін «Бала қорғау» онлайн-чаты және 111 жедел желісі арқылы көмек алуға болады.
Бұл шаралар мектептерде қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.