ЖОЛДАУ • Бүгін, 10:40

Биыл өндіріс көлемі 3,4%-ға өсті

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан үшін мал шаруашылығы – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әрі агроөнеркәсіп кешеніндегі үлесі 40%-ды құрайтын стратегиялық бағыт. 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында саладағы өндіріс көлемі 3,4%-ға өсіп, шамамен 2 трлн теңгеге жетті. Ет өндірісі 2%-ға артып, 608,8 мың тоннаны құрады, ал сүт өндіру көлемі 6,5%-ға ұлғайып, 2,25 млн тоннаға дейін жеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл өндіріс көлемі  3,4%-ға өсті

Фото: Ашық дереккөз

Ірі қара мал 8,7 млн басқа (+0,3%), жылқы 4,6 млн басқа (+6,7%), түйе 300 мың басқа (+3,9%), ал құс саны 48 млн басқа дейін (+6,6%) артты. Дегенмен, қой саны 3,7%-ға азайып, 21,1 млн басты құраған.

2025 жылдың алғашқы бес айында ет экспорты айтарлықтай өскен. Сиыр еті экспорты 2,5 есеге (12,3 мың тонна), қой еті 2,6 есеге (9,2 мың тонна) көбейген. Тарихта алғаш рет 797 тонна шошқа еті сыртқы нарыққа жеткізілген. Бұл қазақстандық өнімнің сапасы жоғары екенін және халықаралық сұранысқа ие екенін айғақтайды.

Сүт фермаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. 2023–2025 жылдары жылына 300 мың тоннадан астам өнім беретін 48 сүт тауарлы ферма салынған. Жаңа кешендерде орташа сауым 8,2 мың литрді құраса, үздік шаруашылықтарда бұл көрсеткіш 11 мың литрге дейін жетіп отыр. Мұндай өнімділік Еуропаның жетекші елдерінің деңгейіне сәйкес келеді. 2024 жылы сүт өндірісі 688 мың тоннаға жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 32%-ға өсті. 2025 жылы қосымша 32 ферма іске қосылып, тағы 152 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, етті ірі қара шаруашылығында несиелер 5% мөлшерлемемен ұсынылады.

«Етті ірі қара мал шаруашылығында несие таза 5%-бен беріледі. Қаржыландыру көлемі 50 млрд теңге. Ал биыл өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын жеңілдетілген несиелеу бағытына 44 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар фермерлердің кепілге қолжетімділігі мәселесін шешу үшін  несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік беру бағдарламасы жүзеге асырылуда», деді Айдарбек Сапаров.

Биылғы жылдың 1 тамызынан бастап бордақылау алаңдарына 5% мөлшерлемемен несие беру бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағытқа 50 млрд теңге қарастырылған. Жаңа бағдарлама өндіріс қуатын 60%-дан жоғары деңгейде пайдалануға және өнімнің кемінде жартысын ішкі нарыққа бағыттауға мүмкіндік береді.

Аустралиялық үлгі негізінде ет кластерлері дами бастады. 2024 жылы жалпы құны 9 млрд теңгені құрайтын төрт жоба қаржыландырылса, 2025 жылы 21,7 млрд теңгенің он жобасы айқындалды. Түркістан облысында түйіршіктелген жем өндіретін зауыт пен 15 мың басқа арналған бордақылау алаңы ашылды. Бұл бастамалар «жемшөптен бастап қайта өңдеуге дейінгі» толық өндірістік тізбекті қалыптастыруға жағдай жасайды.

Соңғы бес жылда құс еті импорты 42%-дан 20%-ға дейін қысқарды. 2024 жылы Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жылына 15,9 мың тонна ет өндіретін алты құс фабрикасы пайдалануға берілді. Негізгі мақсат – бұл салада ішкі қажеттілікті толықтай өз өнімімізбен қамтамасыз ету.

Осылайша, Қазақстандағы мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Өндіріс көлемінің артуы, экспорттың ұлғаюы, жаңа қолдау тетіктерінің енгізілуі және заманауи кластерлердің құрылуы саланы агроөнеркәсіп кешенінің басты драйверлерінің біріне айналдырып отыр.