Жұмысшы мамандықтар жылы • Бүгін, 09:00

Тігіншінің еңбегі – елдің өрнегі

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әр адамның өмірінде жүрек қалауымен табатын сүйікті ісі болады. Біреу үшін ол сырнайдың сазы болса, біреу сурет салуды ұнатады, енді біреулері қолөнермен айналысқанды жаны сүйеді. Ал бүгінгі кейіпкеріміз Нұргүл үшін ол – ине мен жіптің, матаның, өрнектің әлемі. Бала күнінен қуыршағына көйлек тігіп, қиялындағы үлгілерді қағазға түсіріп, оны матамен үйлестірген кішкентай қыздың арманы бүгінде үлкен өнерге айналды.

Тігіншінің еңбегі – елдің өрнегі

Оның алғашқы ұстазы – анасы. Тігін машинасының сыңғырына елітіп өскен бүлдіршін анасынан шұлық пен шарф тоқуды да үйренген.

«Анам маған кішкентай кезімде-ақ тігін машинасымен қалай жұмыс істеу керек екенін үйреткен. Сол кездері ол не тіксе де соған қарап отырып тәжірибе жинай бергенмін. Анамнан үлгі алып өз өнерімді әрі қарай шыңдағым келген», дейді ол.

Міне, сол бала кезден басталған қызығушылық оны бүгінгі кәсіби тігіншіге айналдырды. Нүргүл үшін тігін – жай кәсіп емес, жүректің тынысы.

М

«Өз жұмысымды демалысым деп есептеймін. Тігінмен айналысқанда бар назарым тек ине мен жіпте болады, ештеңе алаңдатпайды. Жақсы дүние шығарсам – соның өзі бақыт», дейді ол.

Нұргүл кәсіби жолын «JOLTAP» жобасы аясында бастаған. 2023 жылдың мамыр айында Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен іске қосылған бұл жоба бүгінде елордалықтар үшін жаңа кәсіп игерудегі таптырмас мүмкіндік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, қоғамда адал еңбектің қадірін арттыруға баса назар аударған болатын. Осы идеяның нақты іске асқан көрінісі – JOLTAP жобасы десек артық емес. Міне, дәл осы мүмкіндіктің арқасында Нұргүл өзінің сүйікті ісін кәсіпке айналдырып отыр.

Адамзаттың тігін өнері тым тереңнен бастау алады. Археологтар Сібірден табылған ең көне иненің 30 мың жыл бұрын пайдаланылғанын айтады. Ол сүйектен ойылып, ұшына жіңішке сіңір өткізілген. Алғашқы киімдер жануар терісінен жасалып, адамды суықтан қорғаған.

Кейінірек адамдар зығыр, жүн, кендірден мата тоқып, өркениеттер өзіне тән сән үлгісін қалыптастырды. Мысырда – жеңіл зығырдан тігілген киімдер, Қытайда – жібек, Еуропада – сәнді сарай киімдері. Қазақ даласында да киім тігудің өзіндік дәстүрі болған: аналарымыз киіз басып, ішіктен бастап сәукеле мен камзолға дейін өз қолымен өрнектеген.

Яғни, тігін өнері – қарапайым тұрмыстық қажеттіліктен басталып, мәдениет пен өнердің айнасына айналған кәсіп. Бүгінде сол көне дәстүрдің жалғасы Нүргүл сияқты шеберлердің қолында жаңаша түрленіп отыр.

Бүгінде ол әсіресе кешкі көйлектер мен ұзату тойына арналған әсем киімдерге тапсырыс көп алатынын айтты. Соңғы жылдары этностильдегі киімдерге сұраныс артқанын ерекше атап өтті.

П

«Қазақтың ұлттық нақыштағы ою-өрнектерін заманауи үлгіде түрлендіріп көрсеткім келеді. Бізде қаншама аңыз-әңгімелер, ертегілер, кейіпкерлер бар. Әр оюдың өз тарихы бар. Солардың бәрін әсем киімге айналдыру – менің арманым», дейді Нұргүл.

Кейіпкеріміз отандық дизайнерлердің еңбегін де жоғары бағалайды.

«Әр дизайнердің өз қолтаңбасы бар. Ұлттық нақышты заманауи үлгімен үйлестіріп жүргендер көп. Бірақ бір кемшін тұсы – бізде мата өндірісі дамымаған. Көбі шетелден әкелінеді. Егер Қазақстанда мата өндірісі жолға қойылса, киім бағасы да қолжетімді болар еді»,  деген ойын да жасырмай жеткізді.

Тігінші болу – тек қолының ептілігі ғана емес, жан дүниенің нәзіктігі мен жауапкершілігі.

«Ұқыпты болу – тігіншінің басты қасиеті. Ал ең бірінші – тапсырыс берушінің көңілінен шығу. Тұтынушы разы болса, біз үшін одан асқан бақыт жоқ»,  дейді Нүргүл.