
Мерекелік кештің шымылдығы қазақ руханиятының айнымас рәмізіндей болған «Атамекен» әнімен ашылды. Ел мен жерге деген перзенттік махаббатты асқақтатқан бұл шығарма Қайролла Жұмакенов атындағы үрлемелі оркестрдің сүйемелдеуінде көрерменге ерекше шабыт сыйлап, камералық хор мен әнші Алмас Нұрсәттің орындауында шебер шырқалды.
Концерт барысында жүргізушілер Конституцияның ел дамуындағы маңызын тарихи деректермен ұштастыра баяндап, заң мен тәртіптің қоғамдағы орнын айқындай отырып, кештің идеологиялық тұғырын нығайтты.
Ән мен күйдің алуан бояуынан құралған бағдарламада 17 түрлі нөмір орындалды. Олардың әрқайсысы еліміздің мәдени байлығы мен рухани қуатын паш еткен шығармалар еді. «Ата заң әні» (орындаушысы Әділ Сұлтан), «Туған ел» маршы, Сейдолла Бәйтерековтің «Қазақстан» әні сынды шығармалар елге деген сүйіспеншілікті оятты. Халық әндерінен құралған «Япурай-Қамажай» попурриі ұлттық мұраны ел жадында жаңғыртты.
Концертте домбырашы Мұхит Салыбеков халық композиторы Құрманғазының «Адай» күйін тартқанда домбыра үні үрлемелі оркестрмен ұтымды үйлесіп, көрермендердің жанын баурап, жүрегін жаулап кештің көркемдік деңгейін көтеріп-ақ тастады. Сонымен қатар кеш қонақтарының бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақтың орындауындағы «Қайықта» әні нәзік лиризм мен ұлттық романтиканы үйлестіре түсті. Одан әрі Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Бойы бұлғаң» әні орындалды.
Биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында да концертте еңбек адамының рөлі ұмыт қалмады. Мерекелік кеште тыңдарман назарына ұсынылған «Қазақ елі», «Қазақстан жастары», «Цвети, земля моя», «Бақыт деген», «Елімнің жүрегі – Астана» сияқты түрлі жанр және тілдегі шығармалар концерттің үйлесімділік пен өзара түсіністікті арттыруға қосқан үлесіндей. Кештің финалында орындалған «Атамекен» әні халықтың бірлігін, тұтастығын және елге деген ұлы махаббатын ұлықтағандай.
Кештің көркемдік жетекшілері – Н.Почиталин (үрлемелі оркестр), Д.Сатаева (эстрадалық вокал бөлімі), Р.Шотқалиева (классикалық вокал бөлімі) сынды білікті мамандар өз саласының майталмандары екенін тағы бір дәлелдеді. Бұл кеш арқылы көрермен әсем ән-күйге бөленіп қана қоймай, елінің тарихы мен мәдениетіне тағы бір үңіле түсті.
Бағдат Байжантаев,
Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның бас редакторы