Үкімет • Бүгін, 09:12

Президент тапсырмалары дер кезінде орындалуға тиіс

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы қарсаңында Премьер-министрдің және Үкімет мүшелерінің қатысуымен «Amanat» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Депутаттар Президент­тің Жол­даулары мен «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағ­дар­ламасының жүзеге асырылу барысы туралы ақпаратты тыңдады.

Президент тапсырмалары дер кезінде орындалуға тиіс

Іс-шараны ашқан Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов әр Жолдау ел дамуының стратегия­лық бағытын айқындайтынын және азаматтардың ең өзекті сұрақтарына жүйелі жауап беретінін атап өтті.

– Мемлекет басшысының Жолдаулары, Президенттің сайлауалды бағдарламасы – маңызды құжаттар. Ал олардың сапалы орындалуы – қоғамның билікке деген сенімінің кепілі. Адамдар нақты өзгерістерді дәл қазір көргісі келеді. Сол себепті біздің, яғни заң шығарушылар мен Үкіметтің ортақ міндеті – тапсырмаларды сапалы әрі дер кезінде орындау. Сондықтан әр саяси маусым басында Үкіметпен «сағат сәйкестендіру» тәжірибесін енгізуіміз кездейсоқ емес. Бүгінге дейін атқарылған жұмысты бағамдап, қай мәселеге баса назар аудару керек екенін айқындаймыз, – деді Е.Қошанов.

Өз кезегінде Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Жолдаулары мен сай­лауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Үкімет тарапынан атқарылған жұмысқа тоқталды. Мәселен, былтыр шетелдік капиталдың қатысуымен 1,3 млрд доллар сомасына 45 жоба пайдалануға берілді. Жалпы алғанда, жалпыұлттық пулға құны 144 млрд долларды құрайтын 1,1 мыңнан аса жоба кіреді. Жыл басынан бері өнеркәсіп өндірісінің өсімі былтырғы көрсеткіштен 6,9%-ға асып түсті. Биыл 20 мыңнан аса жұмыс орнын аша отырып, 1,5 трлн теңге сомасына 190 жаңа өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорнын іске қосу жос­парланып отыр.

Үкімет басшысы «Келешек мектептері» ұлттық жобасына жеке тоқталды. Оның аясында 310 мың орындық 160 мектеп салынды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде өңірлерде 540 медициналық нысан пайдалануға берілді. Олар шамамен 1 млн ауыл тұрғынын қамтиды. Бұл – халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру жөніндегі Президент саясатының айқын көрсеткіштері.

«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдар­ламасы аясында 2 жылда 12 мың шақы­рым­нан аса инженерлік желіні жөндеуге 600 млрд теңгеден аса қаражат тартылып, нәтижесінде аталған желілердің тозуын 6,2%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Биыл көлік саласында 13 мың шақырым жол жөндеу және салу жұмысы қолға алынды. Ал теміржол саласында «Достық-Мойынты» учаскесінің екінші жолдарын салу жұмысы аяқталып келеді. Цифрландыру саласында IT-қызметтер экспортының өсімі байқалды. Яғни көрсеткіш 2021 жылы 30 млн доллардан 2024 жылы 700 млн долларға дейін артты.

Үкімет Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және алдағы үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдап, Парламентке енгізді. Оған сәйкес, алдағы үш жылда экономиканың нақты орташа жылдық өсімі 5,3%-ды құрайды.

О.Бектенов Үкімет Президент бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жобасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын айтты.

– Мемлекет басшысы ұстанған бағыт арқылы ел экономикасы тұрақты өсімге қол жеткізді. Біз үшін басым бағыт саналатын өңдеу өнеркәсібінде оң үрдіс сақталды. Тау-кен өнеркәсібіндегі сирек және жерде сирек кездесетін металдарды игеру орындарынан өсімнің тың мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Парламентпен тығыз жұмыс істеп, алға қойылған барлық міндетті орындауды жалғастырамыз. Біздің ортақ мақсатымыз – алдағы уақыттағы тұрақты дамуды қамтамасыз ету, – деді ол.

Жиын барысында Премьер-министр мен Үкімет мүшелері фракция депутат­тарының сұрақтарына жауап берді. Бұл сұрақтар экономиканы дамытуды, бизнесті, ауыл шаруашылығын, өндірісті қолдауды, аза­маттардың табысын арттыруды, әлеу­меттік саясатты жақсартуды, өңірлердің инф­ра­құрылымдық дамуының нақты мәселелерін шешуді және өзге де тақырыптарды қамтыды.

Жиынды қорытындылай келе, Мәжіліс төрағасы Е.Қошанов Мемлекет басшысының Жолдауларында және сайлауалды бағдар­ламасында қамтылған барлық тапсырма елдің тұрақты дамуы мен халықтың тұрмысын жақсартуды қамтамасыз ете отырып, жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, Үкімет пен әкімдер экономика өсімін қамтамасыз етті, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері орындалуда, инфрақұрылымдық жобалар кешенді түрде қолға алынып жатыр.

Сонымен қатар Мәжіліс спикері Үкімет назарын аударуды талап ететін бірқатар бағытты айқындап берді. Мәселен, ауыл тұрғын­дарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» партиялық жобасын тұрақты қаржыландыру және егіншілікке, құс шаруашылығына, мал шаруашылығына үйрететін «Агросауат» орталықтарының ашылуын жеделдету қажет. Ол Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында бұл жобаға қолдау білдіріп, оны ел аумағында таратуды тапсырғанын еске салды. Алайда осы мәселе әлі де кейінге қалдырылып келеді.

Сондай-ақ партия төрағасы жұмыссыздық деңгейін төмендету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық реформасын аяқтау жұмысын күшейту қажет екеніне назар аударды. Сонымен қатар ол Ақмола облысы Целиноград ауданында өз нәтижесін көрсеткен «Baquatty audan» ауылдық аумақтарды кешенді дамыту жөніндегі партиялық қанатқақты жоба аясын кеңейтуді ұсынды.

Е.Қошанов мұндай кездесулер нақты нәтиже беретінін атап өтті. Себебі депутаттар өңірлерге үнемі барады, адамдардың өзекті мәселелерін жақсы біледі және оларды Үкіметке тікелей жеткізе алады. Бұл – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатының нақты іске асқанының үлгісі. Жазғы сапарларда халық қалаулылары 900 елді мекенге барып, 2 мыңға жуық азаматпен кездесу өткізді. Тұрғындар тарапынан келіп түскен барлық ұсыныс қазір жүйеленіп жатыр. Мемлекеттік органдармен бірлесіп, олардың шешімін табу жолдары қарастырылады.

– Үкімет пен Парламенттің өзара үйлесімді жұмыс атқаруы – тиімді мемлекеттік саясаттың негізі. Өйткені бәріміздің мақсатымыз бір. Ол – еліміздің өркендеуі, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы. Бұл үшін Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауларындағы тапсырмалары дер кезінде орындалуға тиіс. Ортақ мұрат жолында жұмыла әрекет еткенде ғана біз нақты нәтижелерге қол жеткізетініміз анық, деді партия төрағасы.