Саясат • Бүгін, 09:15

Швейцариямен серіктестік аясы кеңейеді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр­дің орынбасары Ермек Көшербаев Швейцарияның Төтенше және өкілетті елшісі Бал Салманмен кездесу өткізді.

Швейцариямен серіктестік аясы кеңейеді

Сурет: primeminister.kz

Кездесу барысында әлеу­мет­тік саладағы ынтымақтастықты дамыту жолдары қарастырылды. Тіл саясаты, білім беру және ғылым, туризм, халықаралық мектептер мен университеттерді дамыту, құзырет орталықтарын құру ісі негізгі тақырып болды. Ермек Көшербаев Қазақстан адами капиталды дамытуға басымдық беріп отырғанын және Швейцариямен тәжірибе алмасуға ерекше мән беретінін айтты.

«Еліміздің ең үлкен бай­лығы – азаматтарының білімі мен кәсіби дағдылары. Біз швейцариялық білім беру жүйесін жоғары бағалаймыз және ондағы озық тәжірибелер біздің студенттерге елімізде қол­жетімді болғанын қалай­мыз. Швейцарияда оқу қымбат болған­дықтан, халықаралық мектеп­тер мен әлемдік деңгейдегі бағдар­ламаларды елімізде ашу – басты міндет. Әсіресе кәсіби-техникалық білімге басымдық беріп отырмыз. Орта буын мамандар мен техникалық кадрларды даярлау – экономиканың дамуына тікелей әсер етеді. Жастарымыз сұранысқа ие мамандықтарды әлемдік деңгейде меңгеруі тиіс», деді ол.

Кездесуде тараптар келесі бағыттар бойынша жұмыс істеу туралы келісімге келді:

  • Қазақстан мен Швейцария универ­ситеттері арасында акаде­миялық алмасу бағдар­ламаларын іске қосу;
  • бірлескен құзырет орта­лықтары мен ғылыми-зерттеу алаңдарын құру;
  • халықаралық мектептер­ді дамыту және мұғалімдерді швейцариялық стандарттар бо­йынша даярлау;
  • кәсіби-техникалық білім беру саласында бірлескен бағдар­ламаларды енгізу.

Фармацевтика саласына ерекше көңіл бөлінді. Қазақстан швейцариялық жетекші компанияларды дәрі-дәрмек өндірісін локализациялауға және медицина мен фармацевтика мамандарын даярлау бағдарламаларына тартуға мүдделі екенін білдірді.

Сонымен қатар туризм бағы­ты да назардан тыс қалмады. Елі­міз­де жаңа туристік бағыттар­ды дамытуға, туристік қызмет сапасын көтеруге және ұлттық мәдени мұраны халықаралық деңгейде ілгерілетуге Швейцария тәжірибесін қолдануға ниетті. Өз кезегінде Швейцария елшісі Бал Салман өз елінің серіктестікті нығайтуға дайын екенін атап өтті.

«Швейцария Қазақстанмен білім, ғылым, туризм және фарма­цевтика салаларындағы ынтымақ­тастықты кеңейтуге мүдделі. Біз бірлескен жобаларға, универси­те­ттер, ғылыми орта­лықтар, фар­мацевтикалық компаниялар мен бизнес арасындағы әріптестікке ашықпыз. Ынты­мақтастығымыз адами капиталды дамытуға және екі елге де пайда әкелетініне сенім­дімін», деді дипломат.

Кездесу қорытындысы бойын­ша тараптар бірлескен жобалар­дың жоспарын пысықтап, Швей­цария компаниялары мен білім беру ұйымдарының өкілдерімен алдағы келіссөздерге ұсыныстар әзірлеуге уағдаласты.