ЖОЛДАУ • Бүгін, 10:30

Жолдау 2024: Кәсіптік және жоғары білімнің қолжетімділігі артып келеді

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Жолдауында белгіленген адами капиталды дамыту міндеттерін іске асыру мақсатында Үкімет кәсіби және жоғары білім беру жүйесінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған кешенді шараларды қолға алды. Бұл жұмыс қазақстандық әрбір жастың сапалы білім алып, еңбек нарығында өз орнын табуына жағдай жасауға бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жолдау 2024: Кәсіптік және жоғары білімнің қолжетімділігі артып келеді

Фото: Ашық дереккөз

Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру саласы еңбек нарығының талаптарына сай қайта жаңғыртылып жатыр. Осы тұрғыда Жаңа кәсіптер атласы әзірленіп, оның негізінде 900-ден астам білім беру бағдарламасы өзектендірілді, ал 510-нан астам жаңа бағдарлама жасалған.

Сонымен қатар 9 өңірде кадрларға қажеттілік карталары дайындалған. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру үшін Jas Skills және Junior Skills чемпионаттары ұйымдастырылып, 107 мыңнан астам оқушы «Мансап компасы» платформасында кәсіби диагностикадан өтті. Бұған қоса, бес колледжді халықаралық деңгейге көтеру бағытында нақты жұмыстар басталды.

Білімнің қолжетімділігін арттырудың басты тетіктерінің бірі – оқытуды тікелей қаржыландыру. Президенттің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік гранттардың саны 50%-ға көбейтіліп, биылғы оқу жылында олардың көлемі 93 мыңнан асты. Бұдан бөлек, жергілікті әкімдіктер – 1,5 мыңнан астам, KAZENERGY қауымдастығы – 400, ЖОО ректорлары – 2,2 мың және «Қазақстан» қоры – 500 қосымша грант бөлді.

Студенттерді әлеуметтік қолдау шаралары да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап шәкіртақы өсті: бакалаврлар үшін – 20%-ға, магистранттар мен докторанттар үшін – 15%-ға, педагогика саласындағы студенттердің шәкіртақысы 75 мың теңгеден асты. Соңғы бес жыл ішінде шәкіртақы көлемі екі есе артты. Алдағы мақсат – 2029 жылға қарай оның мөлшерін тағы да 200%-ға дейін көтеру.

Жастарды қолдаудың ұзақмерзімді қаржылық тетіктері де енгізіліп жатыр.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бастапқы капиталды қалыптастыруға көмектеседі, 2024 жылдың қорытындысы бойынша балалардың шоттарына $8 880 млн түсті. Мемлекеттің қатысуымен жүзеге асатын жаңа «Келешек» жинақтаушы жүйесі (60 АЕК бастапқы капитал және 7% дейінгі сыйлықақы) ата-аналарға білім беруге жоспарлы түрде 5 млн теңгеден астам қаражат жинауға мүмкіндік береді. Студент мемлекеттік грант алған жағдайда, «Келешек» бағдарламасы бойынша жинақталған қаражат тұрғын үй сатып алуға бағытталуы мүмкін», деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. 

Оған қоса, мемлекет тарапынан жеңілдетілген білім беру несиелері мен 300 сараланған грант қарастырылған. Бұл гранттар оқу ақысының 50%-ын немесе 75%-ын жабуға мүмкіндік береді, ал студент толық көлемде шәкіртақы алады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жыл сайын студенттік жатақханаларда кемінде 10 мың орын ашу міндеті қойылған. 2018 жылдан бері 62 мың орындық 251 жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Биылғы жылы 29 жатақхана ашылып, олардың жалпы сыйымдылығы 10 мыңнан асты. Соның ішінде ел тарихындағы ең ірі жатақхана – елордадағы Еуразия ұлттық университетіне арналған 2 656 орындық ғимарат пайдалануға берілді. Осылайша студенттерге арналған жатақхана тапшылығы барлық өңірде шешімін тапты. Сонымен бірге «Student-residence» заманауи үлгісі енгізіліп, әлеуметтік осал топтағы студенттердің жатақханада тұру шығындары 2023 жылдан бастап мемлекет есебінен өтеліп отыр.