Аймақтар • Бүгін, 09:50

Жетісудағы жаңа зауыт

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласында тәулігіне 120 тонна жүгері дәнін кептіруге және 110 тонна түйіршіктелген жем шығаруға қауқарлы заманауи зауыт пайдалануға берілді. Қазақстан мен Қытайдың бірлескен инвестициялық жобасы арқасында өңірге 500 млн теңге көлемінде қаржы тартылды.

Жетісудағы жаңа зауыт

Сурет: facebook.com/ZhetysuPress

Жаркент туралы әңгіме қоз­ғай қалсаңыз, жүгері шаруа­шылығынан айналып өте алмайсыз. Бүгінде облыс көлемінде дәнді дақылды өңдеуде алдыңғы орында келе жатыр. Өңір тұрғындары­­ның төл дақылына айналған жү­­гері­нің егіс көлемі биыл 4 000 гек­тар­ға жуық қысқарып, жал­пы 23 398 гектардан астам жерге егіл­­ді. Дегенмен «дала аруын» тиім­ді пайдалану дәстүрі нарық тала­бына бейімделіп, жаңғырып жатыр. Оған дәлел жаңадан ашылған – құрама жем зауыты.

«Кептіру кешені бар зауыт­тың іске қосылуы – жергілікті шаруалар үшін үлкен қолдау. Бұдан былай диқандар өз өнімін уақыт жоғалтпай, сапалы түрде кептіреді. Бұл тек шығынды азай­тып қана қоймайды, сонымен қатар шикізатты ұзақ сақтау­ға мүмкіндік береді. Мұ­ның бәрі ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндірушілердің табысын арттыруға және өңір эко­номикасының дамуына тікелей ықпал етеді», деді Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек.

про

Зауыт іске қосылған сәттен бас­тап 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын директоры Ербол Өрнекеевтің айтуынша, зауыт құрылысы өткен қыркүйекте басталған. Қытайдан әкелінген жоғары технологиялы қондырғылар көмегімен зауыт толық қуатына шыққанда екі ауысым­да жұмыс істеп, ай са­йын 200 мың тоннадан астам жем өндіре алады.

«Шаруалардан бастапқыда тәулігіне 50 тоннаға дейін жүгері қабылдаймыз. Ал болашақта өндірісті кеңейтіп, ішкі нарықты да, экспортты да қамтимыз. Қазір­гі жоспарымыз – дайын өнім­ді Қытай, Иран және Өзбек­стан­ға жеткізу. Өнімнің сапасы арнайы зертханада қатаң тексеруден өтеді», дейді зауыт басшысы. Айтуынша, зауыт малға, құсқа және балыққа арналған жемнің бірнеше түрін шығарады. Бұл өңірдегі мал шаруашылығы мен құс шаруашылығына тың серпін береді.

Облыс жүгері өсіру көлемі жөнінде республикада алдыңғы орында тұр. Биыл өңірде жүгері егіс­тігінің жалпы көлемі 42,2 мың гек­тарға жетті. Соның 23,1 мың гек­тары – Панфилов ауданының үле­сінде. Мамандардың болжамын­ша, алдағы науқанда кемінде 300 мың тонна өнім жиналады. Ауыл шаруашылығы саласының арда­гері, агроном Қабылхан Нұрсейітов бұл зауыттың ашылуын аймақ үшін үлкен жетістік деп бағалады.

«Бұрын шаруалар өнімді кептіру, сақтау жағынан біраз қиындық көретін. Кейде жүгері уақтылы өңделмей, сапасы төмендеп кететін. Жаңа кешен сол мәселені шешуге мүмкіндік беріп отыр. Ең бастысы – бұл кәсіпорын шаруалардың еңбегін ақтап, табысын еселейді. Ал экспортқа жол ашылуы – Жетісудың жүгерісін халықаралық нарықта танымал ететін қадам», дейді.

Экономика ғылымдарының кандидаты Айгүл Төлеубекова­ның сөзінше,  еліміз үшін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – стратегиялық бағыт. Айта кетейік, бүгінде 20 125 гектардан астам алқап екінші рет суарылып, 500 гектарға жуық жерге үшінші су беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Суару ісі Үшарал, Үлкеншыған, Бірлік, Басқұншы және Пенжім ауылдық округтерін­де қолға алынған. Жүгері толық пісіп-жетілгенше органикалық және минералды тыңайтқыштар беру, өсімдік ауруларына қарсы өңдеу секілді агротехникалық шаралар мінсіз орындалуы шарт.

«Бірқатар диқан ерте пісетін сұрыптарды оруды бастады. Алдағы науқанға дайындық ая­сында техника жөнделіп, жанар-жағармай қоры әзірленіп, қыр­­мандар тазаланып, астық қабылдауға дайындалып жатыр. Кейінгі жылдары аудан бойынша бірнеше қырманға жөндеу жүргізілді», дейді М. Сағымбек.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар