ЖОЛДАУ • Бүгін, 09:10

Агроөнеркәсіп: қайта өңделген өнім үлесі

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының был­тыр­ғы Жолдауында агроөнер­кәсіп ке­шенін дамытуға айрық­ша көңіл бөлі­н­ді. Үкімет Жолдауда айтылған тапсырманы орындау аясында ауыл шаруашы­лығында технология­лық жаң­ғыртуды, қайта өңдеуд­і терең­детуді және халықаралық ынты­мақтастықты кеңейту сая­сатын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Агроөнеркәсіп кешені тұрақты даму қарқынын көрсе­тіп отыр. Биылғы қаңтар-шілде аралығында ауыл шаруа­шылығының жалпы өнім көлемі 3,7%-ға өсіп, 2,4 трлн теңгеге жеткен. Өсім мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемінің артуы есебінен қамтамасыз етілді.

Агроөнеркәсіп: қайта өңделген өнім үлесі

Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Азық-түлік өнімдерінің өндірісі 9,2%-ға өсіп, 2,13 трлн теңгені құрады, сусындар өндірісі 6,8%-ға (692,4 млрд теңге) артты. Өсімдік майының өндірісі (+24%), сары май (+10,4%), шұжық өнімдері (+9%), ұн өндірісі (+6,6%) өсті. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция 442,7 млрд теңгеге (+26,5%) жетіп, азық-түлік өнімдері өндірісіне салынған инвестиция 104,2 млрд теңгені (+48%) құраған. Бұл ресурс­тар саланы жаңғыртуға және заманауи технология енгізуге бағытталды.

«Мемлекет басшысы Жолдауда тіке­лей субсидиялаудан қолжетімді несие­леуге көшудің әрі коммерциялық банк қаражатын тартудың маңызын айтты. Нәтижесінде, былтырдан бастап жыл­дық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын жеңіл­детілген несие беру бағдарламасы іске қосылды. Бұл бюджет пен жеке қаражат көздерінің ресурстарын біріктіру арқылы мүмкін болды», дейді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Осы жылы көктемгі егіс және егін жинауға бөлінген жеңілдетілген несие көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Алдағы жылдары бұл қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеге жеткізілмек. Жылдық 5% мөлшерлемемен ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы іске қосылды. Соның арқасында жалпы құны 250 млрд теңгені құрайтын кемінде 6 мың дана техника сатып алынбақ. Негізгі тетіктермен қатар арнайы қолдау бағдарламалары да жүзеге асырылып жатыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы кооперативтерге, соның ішінде өнімді қайта өңдеуге, 5 жылға дейінгі мерзімге 2,5% жеңілдетілген несие береді. «Кең дала» бағдарламасы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен қайта өңдеушілерге 5% мөлшерлемемен қаржыландыру ұсынады. «Агробизнес» бағдарламасы бюджет, Ұлттық қор және жеке инвестиция есебінен өндірісті жаңғыртуға, құрылыс жүргізуге және айналым қаражатын толықтыруға жағдай жасайды.

2023–2025 жылдары жылына 300 мың тоннадан астам өнім беретін 48 сүт тауар­лы фермасы салынды. Жаңа ферма­лар­дағы орташа жылдық сауым 8,2 мың литр­ге жетсе, алдыңғы қатар­лы шаруашы­лықтарда бұл көрсеткіш 11 мың литрге дейін барады. Бұл деңгей Еуропаның жетекші елдеріндегі көрсеткішке сай келеді. Былтыр 688 мың тонна сүт өндіріліпті (2022 ж. +32%). 2025 жылы тағы 32 кешен іске қосылып, қосымша 152 мың тонна өнім алу жоспарланған. А.Сапаровтың айтуынша, етті ірі қара мал шаруашылығында несие таза 5%-бен беріледі. Көлемі – 50 млрд теңге.

Биылғы 1 тамыздан бастап бордақы­лау алаңдарын жылдық мөлшерлеме­сі 5%-бен жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы енгізілді. Бұл бағдарламаға 50 млрд теңге бөлінді. Бағдарлама өндірістік қуатты 60%-дан астам деңгейде пайдалануға әрі шығарылатын өнімнің кемінде жартысын ішкі нарыққа өткізуге жағдай жасайды. Аустралиялық үлгі бойынша ет кластерлері дамып келеді. Былтыр 9 млрд теңгеге 4 жоба қаржыландырылса, 2025 жылға жалпы құны 21,7 млрд теңгені құрайтын 10 басым жоба айқындалды. Түркістан облысында түйіршіктелген жем өндіретін зауыт пен 15 мың басқа арналған бордақылау алаңы іске қосылды. Бұл жобалар «жемшөптен қайта өңдеуге дейінгі» толық тізбекті қалыптастырудың негізін қалайды.

«Мемлекет басшысы жыл сайын 150 мың гектарға дейін су үнемдейтін технологияны енгізуді тапсырған болатын. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл жоспар артығымен орындалып, 158 мың гектарды құрады. Ал биыл су үнемдейтін технологиялар қазірдің өзінде 109,8 мың гектар алқапқа енгізілді», дейді ведомство басшысы.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесі 70%-ға жеткізілуге тиіс. Был­тыр агроөнеркәсіп кешені өнімдерін экс­порттау көлемі 5,1 млрд доллар болды, оның 52%-ы – қайта өңделген өнімге тиесілі. Бұл 2,6 млрд долларды құрайды, был­тыр көрсеткіш 43% болған, бұл отан­дық қайта өңдеу саласының тұрақ­ты даму қарқыны мен бәсекеге қабілет­тілігінің артып келе жатқанын дәлелдейді.

Елімізде қайта өңдеу саласында шамамен 2 мың кәсіпорын жұмыс істейді, олардың ішінде сүт (18,8%), ет (18,5%), астық (17,4%) және май-шикізат (12,5%) салалары көш басында. Былтыр 41,5 млрд теңге көлемінде 51 инвестициялық жоба жүзеге асырылған.

«Аталған нәтижелер – аграрлық секторды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстың тікелей нәтижесі. Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдау шарасын жетілдіруді, саясаттың ашықтығы мен нәтижелі болуын қамтамасыз етуді және ең бастысы, ауыл тұрғындары мен аграрлар үшін мүмкіндікті кеңейтуді жалғастырады», деді А.Сапаров.

Үкіметтің агроөнеркәсіп кешенінде жасаған шарасы Президент Жолдауын іске асыруда жүйелі тәсіл қолданып отырғанын көрсетеді. Сала негізгі бағыттар бойынша – мал мен өсімдік шаруашылығынан бастап терең қайта өңдеу мен ғылыми зерттеулерге дейін тұрақты дамып отыр. Саланың инвестициялық тартымдылығы артып, импортты алмастыру мен экспортты көбейтуге қажетті негіз жасалды. 

Соңғы жаңалықтар